Бекзат байлардың бағасын білу үшін

Медеу Пұсырманұлы тәрізді тұлғалардың өмірін жете зерттеп, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету керек

Рая ЕСКЕНДІР

 

Ел тарихында өзіндік орны бар Медеу Пұсырманұлын тәуелсіздіктің төл ұрпақ­тары ерекше ұлықтап, ар­тында өшпес із, сөнбес сәуле қалдыр­ған жанға құрмет көрсетті.

Биылғы жылдың ақпан айында Елба­сымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаевтың «Ұрпақ­тар сабақтас­тығы» бастамасымен, қалалық Білім басқар­масының, Медеу аудандық білім бөлімінің жос­парына сәйкес өткізілген «Мекені тұғыр­лы, есімі ғұмырлы – Медеу Пұсырманұлы» атты іс-шараға респуб­ликалық «Ақорда» қоғамдық қозға­лысы­ның төрағасы, генерал-майор Қайрат Саты­балды тікелей қолдау көр­сетіп, Медеу бабаның өнегелі өмі­рін насихаттау басталған еді. Медеу Пұ­сыр­манұлының  өнегелі өшпес ізін жаңғырту мақ­сатын­да көптеген іс-шара қолға алынып, талай дерекке қанықтық.

Сонымен, мал-мүлкін ел игілі­гіне жұмсап, соңына өшпес із қалдырған, бүгінгі ұрпағы есімін тамсана еске алып отырған Медеу баба кім еді?

Медеу Пұсырманұлы 1850 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Өз зама­нының беделді адамдары — Жетісу аумағының генерал-губер­наторы Г.Колпаковский, сәулетші А.Зенков, оқымысты Н.Моисеев, Э.Баум, көпес И.Гавдувалиев, М.Жұма­бай­ұлы, А.Жиен­құлов­тармен жақын араласқан. Сол кездегі Верный бекінісін салуға да зор еңбегі сіңген. Аты аңызға айнал­­ған Алматы апортын ең алғаш отырғызған да осы Медеу бабамыз еді. Қаладағы бау-бақша, қалың тоғай да Медеу Пұсыр­манұлының бас­та­масының арқа­сында жүзеге асқан болатын.

Медеу бабаның сол кездегі отырғызып кеткен шыбығы бүгін­де шынарға айналды. Мәселен, Медеуге бара жатқан жолдағы қалың қайың тоғайы, Терісбұтақ, Беделбай өзені мен Бағанашыл аумағындағы бақ­тар, бұрынғы «Түрксіб» шипа­жайы маңындағы емен тоғайы, т.б. мұның бәрі Медеу Пұсыр­ман­ұлының көшпелі өмір салты­мен бірге бағбандықты, бау-бақша, құрылыс-сәулет, сауда-саттықты да меңгеріп, қатар алып жүргенін көрсетеді. Мал мен егін шаруашылығын дөңгелетіп, өз тұрмысын жақ­сартып қана қой­май, маңайын­дағы жоқ-жітім, кедей-кеп­шікке де үлестіріп отыр­ған. Жайлау толы мыңдаған малы, асыл тұқымды жылқылары болыпты. Жұма сайын құдайы тамақ таратып, оны өзінің мұсыл­мандық парызы санаған екен.

Верный бекетінің дамуына да, сонымен қатар, бірнеше үй­лердің бой көтеруіне ұйытқы бола жүріп, қаланың белгілі бір бөлігін иелен­ген. Қазіргі Орталық мешіт, Қабан­бай, Масаншы көшелерінің қиылы­сында А.Зенковтың жоба­сы бойынша өз заманының тала­бына сай келетін сәулетті  үйлер салғызған. «Медеу» мұз айдынына барар жолдағы эколо­гиялық бекет жанына мектеп салдырған да осы Медеу баба­мыз. 1896 жылы Верный ерлер гимназиясында 226 адам оқыса, олардың 22-сі қазақ ұлдары болған екен. Қазақ бала­ларына арналған пансионат ашқан да Медеу Пұсырманұлы. Өзінің қысқа ғұмырының әрбір сәтін мағыналы етіп өткізген Медеу бабамыз діни ағарту сала­сында да көптеген жұмыстар атқарды. Мәселен, 1887 жылғы жер сіл­кінісінен қирап қалған қаланы қалпына келтіруде үлкен азаматтық танытып, сан алуан қайырымдылық шара өткізген. 1906 жылы Меккеге аттанып, қажы болып оралады. Қазіргі «Медеу» мұз айдынының ор­нында Медеу Пұсырман­ұлы­ның он екі қанат ақ үйі болған еді деседі.

Дәл осы маңға емдік-сауық­тыру үшін келген адамдарға арнап қонақүй де тұрғызады. Медеу Пұсырманұлы өз зама­нында озық ойлы, көзі ашық, білімді, көкірегі ояу, орыс тілін жетік меңгерген санаулы адамның бірі болды. Ол кісінің 12 ұл, 8 қызы болған. Бүгін­де сол ұрпақтан тараған немере-шөберелері ата-әке жолын жал­ғастырып, еліміздің көр­кеюіне өз үлестерін қосып жүр. Өздерінің Медеу Пұсыр­манұлының ұрпақ­тары екен­дік­терін әркез мақтан етеді. Медеу Пұсырманұлы 58 жыл ғұмыр кешіп, 1908 жылы дүние­ден өткен. Қабірі қазіргі Алма­ты маңындағы «Бірінші май» тоғаны­ның ірге тұсында, Ащы­бұ­лақ ауы­лында. Алматы қала­сының тари­хи орталығы болып табылатын ауданға Медеу баба есімі берілген. Бұл күні қала­дағы Медеу ауданы аума­ғында 28 мемлекеттік мектеп бар. Оларда 25 800 оқушы білім алса, 2000-нан аса мұғалім қыз­мет етеді.

Медеу бабаны ұлықтау мақса­тында өткен «Мекені тұғырлы, есімі ғұмырлы — Медеу Пұсыр­манұлы» атты айлық барысында мектеп кітапхана­ларында көрме­лер, «Медеу Пұсырманұлы – тари­хи тұлға» атты сынып сағат­тары, «Есімі елі мен жердің жүре­гінде» атты эсселер бай­қауы, «ХІХ ғасыр­да салынған Алматы қала­сының тарихи ғимараттары мен Алма­ты таби­ғаты» атты суреттер байқауы, «М.Пұсырманұлына арнал­ған авторлық өлеңдер байқауы», «ХІХ ғасыр және М.Пұсырман­ұлы» атты ғылыми жоба байқауы өтті. Осы шара­лардың қорытындысы ретінде Ы.Ал­тын­­сарин атындағы №159 гим­на­зияда ғылыми-практи­ка­лық кон­фе­ренция өтіп, айлық қоры­тын­дыланды. Оны Медеу ауданы әкі­мінің орынбасары Ғани Майлы­баев ашып, бұл ша­раға «Рухани жаңғыру» аясын­да істеліп жатқан шара­лардың барлығы жас ұрпақ­ты тәрбие­леудегі баға жетпес баға­лы іс» деді. Осы шарада жеңім­паздар марапатқа ие болып, сазгер Ш.Әбілтаев Медеу бабаға арнаған жаңа әнін тарту етті.

Осы жиын үстінде белгілі жазушы, Медеу Пұсырманұлы туралы ұзақ жылдан бері зерт­теп келе жатқан Бейбіт Сапа­ралының айтқан әңгімесінен де көпшілік тың деректер естіп, әлі де зерттеу­лер қажет екен­дігіне куә болды.

– Ең алғаш Медеу бабамыз туралы дерекке Верный тари­хын зерттеп жүргенде кезіккен едім. Осыдан соң Сей­дахмет аға мені Медеу Пұсыр­манұлының ең кіші ұлы Шаях­мет ақсақалмен таныстырып, ол кісімен жақын араласып, туыс адамдардай болып кеткен едік. Ол кісі Димаш Ахмет­ұлымен өте жақын арала­сып, жиі кездесіп тұратын. Сол кездегі саясаттың салқыны ма, кім білсін Шаяхмет ақсақал көп сөйлемейтін, ашылып ештеңе айтпайтын, қысқасы өте сақ кісі болатын. Мен архив ақтарып жүріп, 25 мыңдай құжатты қара­ған екем. Сондағы тапқан Медеу бабамыздың 3 хаты негізінде және басқа да құжаттарды жинасты­рып 1985 жылдың шілдесінде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Медеу кім еді?» деген үлкен мақалам жарық көрген еді. Сол мақалада Медеудің кім болғаны, ұлты үшін еткен еңбегі, қалдырып кеткен мол мұрасы жәйлі ай­тылды. Содан Шаяхмет ақсақал қатты риза болып, Димекеңе барып, пәтер сұрап берейін дегені бар. Бірақ мен ақсақалға ризашылы­ғымды білдіріп, өзімнің де үй кезегінде тұрға­нымды айтып, тоқ­татқаным бар еді. Ал енді тарихқа келер болсақ, қазіргі дүние жүзіне мәлім «Медеу» мұз айдыны тұрған жерде кезінде генерал Г.Колпа­ковскийдің саяжайы болған екен. Қатты зілзала болған кезде қирап қалады. Өзі де басқа жаққа ауы­сып кетсе керек. Осыған байла­нысты Медеу бабамыздың бір хатында «сол жерге мен үй салайын, таудағы құлап қалған ағаштар­дан ағаш алайын» деп келетін хаты әлі бар. Верный бекі­нісі салынған кезде қазақша атау­лар ұмыт қалып, көптеген орыс­ша атаулар қаптап кеткені шындық. Мен алғаш рет сол ұмыт болған атаулардың бірне­шеуін Шаяхмет ақсақалдың аузынан естіген едім. Мына өзіміз көріп жүрген Есентай өзенінің атын да сол кісіден естігенмін. Жалпы, Жетісудың тарихы өте жақсы сақталған. Тек оны зерттеу керек. Бұл тұр­ғыда жас тарихшылар ізде­ніп, зерттеп жатса, әлі де тың деректерді табуға болар еді, – деді.

Осыдан соң сөз кезегін алған Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев бүгінгі ұрпақ алдында зор жауап­кершілік, перзенттік парыз тұрғанын жеткізді.

– Кезінде Медеу бабамыз Қарағайлыдан бастап Ілеге дейінгі таудың баурайына қалың алма ағашын еккен еді. Сол алманың бәрін құрттық. Талды қырқып, қорған соқтық, жекеменшік үй салдық. Міне, Елбасымыз «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасын қолға алғалы бері қыруар іс жүзеге аса бастады. Енді Медеу бабамыз­дың еңбегін жаңғыртайық. Кітап шығарып, басқа да атын айта алмай келген асылдары­мыздың еңбегін жарыққа шыға­райық. Ескерткіш тұрғы­зып, жас ұрпақ Медеу сынды бабаларының бол­ға­нын, еткен еңбегін, қалдырған мол мұра­сын біліп, танып өссін, – деп көпшілікке ой тастады.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­тының ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай өз ой-пікірін былайша түйіндеді:

– Қазақ қоғамындағы байлар­дың рөлін білмей өстік. Өйткені, қызыл империя олар­ды бүркеме­леп келді. Сондық­тан олардың өмірін зерттеп, ел-жұртқа таныс­тыратын уақыт жетті. Медеу Пұсыр­манұлы Алматының гео­гра­фиясын өте жақсы білген кісі. Сол уақыттың өзінде «тау жаққа, өзен бойына үй салуға болмайды» деп дабыл қағып, Алматы маңа­йындағы өзен-көлді сақтап, лас­тамау керегін айтып мәселе көтер­ген. Ең әуелі Медеу бабамыздың мұра­жайын ашуымыз керек. Содан кейін ол кісінің эколо­гиялық бағыттағы ұстанымын жал­ғастырып, Алматының эколо­гиясын жақсартуды қолға алуға тиіспіз, – деп өз ойын ортаға салды.

Міне, соңынан із қалдырған Медеу бабамыздың алдындағы парызымыздың кішкентай ғана бөлшегін орындаған сыңайлы­мыз. Ал Медеу бабаның ұрпағы үшін, халқы үшін атқарып кет­кен ша­руа­сы қаншама! Тіпті, бір фильм­ге сыйғызу мүмкін емес. Талантты режиссерлер қолға алып жатса, ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатын бір кино түсіруге болар еді-ау.

 

Медеу Пұсырманұлы…

* Жұма сайын құдайы тамақ берген

* Сәулетті үйлер салғызған

* Қазақ балаларына пансионат ашқан

* Қонақүйлер тұрғызған

* Тау жаққа, өзен жағасына үй салдыруға қарсы болған

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close