БАЛАПАН ҰШПАЙ ҚАЛҒАН ЖАЗ

Әлібек пен Шыңғыс биыл он үшінші көктемді күтіп жүр. Бұл – ең алғашқы мүшелді жылдары. Алла тағала қорғап, ақ тілектері орындалсын!

Бұл екеуі дүниеге келген жылы Ала­таудан бастау алатын Есентай өзенінің екі қапталы  алма бақ еді. Алматы қала­сы жасыл гүлдің құшағында тұрғандай көрінетін. Алма бақ мәуелеп піскенде  жұпар исі қала тұрғындарының жан дүниесін рахатқа кенелтетін. Қазір жылан жалағандай, ештеме жоқ. Бау- бақ­шаның исі де аңқымайды. Әрине, уақыт тоқтамайды. Демек, өмір де өркендейді. Алматыдай әсем қала да жаңарып, жасарып қанатын жаяды. Бұл заңдылықты жақсы түсінетін халық  «Алатаудың етегі сонау Қапшағайға дейін керіліп жатқан кең дала. Егер көшелері түзу әсем қала өссе, өркендесе, Қапшағайға қарай бой көтерер», – деп күткен. «Мына лас, қапырық, қаптаған  қалың машинаның түтініне қақалған тозақтан құтылармыз. Алматы  жасыл орманға оранған дүниедегі ең таза қала болар», – деп үміттенетін. Қателесті. Айтып-айтпай не керек, сол жақсы арман 1980 жылы кең далаға сыймай­тындай Есентай өзенінің жағасындағы жайнаған алма бақтың ортасынан әуелде бес қабатты үш үй бой көтерді. Мил­лион­ға жуық тұрғын елең ете қалды. «Етекте Қапшағай теңізіне дейін жазық дала жатыр. Қаланы солай қарай неге салмайды? Бұл өкіметтің Алатаудың «сақалына» жармасқаны қай сасқаны. Енді мына халықты тұншықтырмақ па?», – дегендер аз болған жоқ. Бірақ оны кім тыңдады. Ол байы да, кедейі де жоқ социализмнің кезі еді. Ешкім тыңда­мады. «Облыстық Кеңестің бұйрығы осылай», – деген сөз ұлардай шулаған елдің аузын жапты. Өткен күнге айтар сын да, мін де көп… Өтті. Кетті. Бірақ есте қалғаны – «Қаладан үй аламыз» деп он бес жыл кезекте тұрған Шыңғыс пен Әлібектің аталарының бағы жанып, Есентай аталарының рухы жебеп, сол  алма бақтың ортасындағы ғимараттан  үй алды. Әлібектің атасы Әлтай мен Шыңғыстың атасы Дүйсен алғашқы тұрғын болған соң терезелерінің түбіне үш ақ қайың отырғызған. Қазір бесінші қабатқа жетті.

Егемендік алғаннан кейінде әсем қаланың иелері қателігін түзеп, оң бағытқа түскен  жоқ. «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» деген заман орнады. Алматыны енді «жаңа байлар» ауа өтпейтін тормен шандып, жанталаса жарысып, Алатаудың төбесіне дейін үй салуға кірісіп кетті. Тіршіліктің қайнар бұлағы, көзге көрінбейтін, қолға ұстал­майтын, дүниедегі ең жеңіл (жоқ болса табылмайтын, бес минуттан кейін жарық дүниемен қоштасатын) байлық – ауа қазір қарапайым пенделерге жетпейді.

Болашақтың кең тынысты болмысын ойлайтын адамдар ар-ұятты артқа сырып тастап, қарақан басының қамын ойлай­тын қасқыр пейілді негізгі мақсатқа қойды. Ал Алматы, әсем Алматы дәл қазір ентігіп тұр. Оның қасіретін қан қысымы басын кергендер жақсы біледі. Бірақ иә, бірақ «Таза ауаны бұлғаған өзім ғой» деп ойламайды.

Адам қашан да келер уақыттан жақсылық күтеді. Сол бау-бақшаның ортасындағы үйден пәтер алған, алғаш­қы тұрғынның екеуі де «Балаларымыз отау тігіп, немерелі болсақ-ау» деп арман­даған. Орындалды. Бұл күнде сол ең алғаш еккен аққайыңдар өсіп, Дүйсен тұратын үшінші қабаттан  асып, Әлтай­дың пәтерінен өтіп кетті. Шыңғыс пен Әлібек балконда тұрып қол созса, саусақтары қаулаған бұтаққа, лаулаған жасыл жапыраққа жетеді.

Ес білгеннен бері алғашында екеуі жуан бұтақтарына  ұя салған қарлығаш пен қараторғай иеленген. Жылда жаңар­тып тұрады. Қалықтап ұшып, атала­рының айтуынша,  балапандарына қана­тымен су таситын,   жазда шоғыр-шоғыр балапан ұшыратын. Соңғы жылдары қараторғайлар  да, қарлығаштар да жоқ болып кетті.

Бұл күнде Алатауға қарай  алқына тырмысқан Алматыдан халық жақсы көретін әнге қосатын екі құсты іздесе табар ма екен. Әй, таппайды. Қайда жоғал­ғанын нақты ешкім білмейді.

Жылдағыдай ақ қайыңдағы ұяларын тексеріп, кем-кетігін жөндеп, жем қалбырларын жаңалап жүрген Шыңғыс пен Әлібек есік алдындағы орындықта отырған қарттардың қызу әңгімесіне құлақ салды.

– Бұл қарлығаш пен қараторғайды құртқан «афганка». Ауғанстанға орыстар жасырын соғыс ашқанда ауып келген. Жанға жайлы, иесі жуас жерді құс екеш құс та біледі. Қараторғай, қарлығашты құртқан  сол сүмелек қарасұр құс. Ұяға салған жұмыртқаны түгел жеп қояды екен. Зорлық көрген халқына  ұқсас тамақ таңдамайды. Бұны айтып тұрған мұрты едірейген аласа бойлы өткір көзді қария. Ол табиғат пен аң-құс жайын жақсы біледі. Әңгіме қозғалса күйіп кетеді. Бүгінгі заманның шалығы болар,  не жайлы сөйлесе де саясатқа тірейді. Ызаға булыға әрең тоқтады. Бұл қария­ның саясатына қазір ешкім құлақ сал­майды. Қатын өсекті қардай борататын  оппозицияның қышыма қыртылы кімге керек.

Әлтай жас күнінде ұзын бойлы, сым­батты жігіт болған. Қазір жасы жетпіс­тен асса да, сыры кетсе де сыны кеткен жоқ.

– Өй-өй, сен қызынып кеттің ғой, әйтсе де сөзіңнің жаны бар. Мен  бала­ларымды ертіп  тауды жиі аралаймын. Қар­лығаш пен қараторғай түгілі, зырылдауық шымшық пен сары қанат сақ құлақ бұлбұл да жоқ. Ерменді сайдың жонынан бозторғай кетпейтін  еді, осы күнде  ол да жоқ. Бұл табиғат бұзылды, – деп еді.

– Табиғат емес, сен екеуміз бұзыл­дық, – деп Дүйсен сөзге араласты. – Күн күндей шығады, ай айдай туады. Сол мөп-мөлдір тұп-тұнық дүниені лайлап жүрген кім?

Олардың әңгімесін әуелде қызыға тыңдап, аққайың бұтағындағы ұяларды тазалап  біткен Шыңғыс пен Әлібек жаңа ғана әмпей-жәмпей болып отырған үш қарияның қас-қағым уақытта ырың-жырың болғанына әуелде таңданды, сонан соң сылқ-сылқ күлді. Өйткені, оларға бұндай быдың-шыдың әңгіме таңсық емес-ті.

Бұл күнде екі адам қосылса, ел ағаларын күстәналап жатқанын талай естіді, көрді. Оларға: «Бұларың дұрыс емес», – деген тірі пенде жоқ. Бұл екеуі де қазақша жарық көрген бар газетті оқитын. Қазір қойды. Лаулаған ауыл үйдің өсек-аяңы. Жазылған жайға жауап­ты адам жоқ. Тіпті, отбасындағы, ошақ қасындағы жеке өмір-тіршілікте саяси мәселеге айналады. Ол қателігі үшін «жазғышбайлар» да жазаланбайды. Жалған мәселені жазған автор да, баспа орны да мемлекет, қоғам алдында жауап бермейді.

Мына әр минуты ғажайып жаңалық­тарға толы бейбіт заманда есте сақталар жаңалықтар көп-ақ. Адам ес тоқтатып, алты жастан асқаннан кейін өмірден көргенін де, естігенін де ұмытпайды. Тас­қа жазылғандай зердесінде сақта­лады.

Бұл екеуі әл-Фараби даңғылынан жоғары қырат-қырқа, сай-салаға бір кезде зерттеп-зерделеп шахматтың ұясындай дәлдікпен  алма бақты еккенін көрген жоқ. Өздері өмірге келген ортаны ғана біледі. Бұл қоғамның қандай қоғам екенін де білмейді. Білетіндері ар-намыс­ты нарықтық экономиканың билегені. Өздерінен  оқығаны үшін ақша алатыны. Соны апалары мен аталары зейнет­ақысын алған соң күңкілдесіп отырып төлейтіні…

Ал енді соңғы кездегі Алматы таби­ға­тының өзгергені шындық. Мектепке бірінші сыныпқа барғаны дәл бүгінгі күндей екеуінің де көз алдында. Алатау­дың алтын күзі еді. Жексенбі күні Әлтай екеуін ертіп Есентай өзенін бойлап қыдырып қайтқан. Алманы   әне-міне жинайды деп күткен, Әлтай қарияның тілімен айтқанда, «алмасы атбасындай» жайқалған бақты қақ жарып, қазіргі шаңғышылар секіретін Ерменді сайдың төбесіне шыққандарында күн қол созым қашықтықта тұрғандай еді. Көк жібек аспанда инеге ілінер ұлпа  бұлт жоқ-ты.

Гүл-бәйшешегі жайқалған шалғынды жүзіп, Алатаудың қарағайлы етегіне дейін барған, туған жердің табиғатын көріп, жүрегіне сіңіргеннен артық байлы­ғы жоқ Әлтай қарт ұстаз. Ол жерге екеуін еріккеннен ертіп барған жоқ-ты. «Осы байлықтың иесі сендер. Көріңдер. Біліңдер!» деген мақсатпен ертіп барған. Екеуінің барлық көріністі, ағашты, шөпті, гүлді талдап сұрағанына қарап, арманым орындалды деп марқайған. Олжалы болды. Сабағынан үзілген алмаға пакеттерін толтырып қайтты. Шіркін, Алатаудың сол бір тәтті алма­сын жеген де арманда, жемеген де арманда. Әлібек те, Шыңғыс та туған жердің тамашасын ойлап жатып тәтті ұйқыға кеткен. Ертесінде көргендері ғажап, кешегі көрген жасыл тауды, мәуелеген алма бақты ақ қар басып қалыпты. Атасының айтуынша, қардың қалыңдығы бір кез. Аппақ-ау, аппақ. Әлібек атасының жанында тұрып, «Жалпақ жонды жапқан гүлдер түгел үсіп кетті-ау. Алма бақты халық жинап та үлгермеді ғой», – деп толқыды. Бұл оның өміріндегі ең алғашқы уайымы еді. Сол Есентай өзенінің бойындағы алма бақтың ең соңғы дәмін татқан да Шың­ғыс пен Әлібек еді. Көп ұзамай-ақ, сол алма бақтың орнына биік-биік үйлер ақ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады да, гүл-бәйшешектер де,  алма бақ та көзден ғайып болды.

Әуелгі әдетімен Әлтай Шыңғыс пен Әлібекті ертіп, өткен жылы Көктөбеге шықты. Бұл жолы Әлібек пен Шыңғыс кешегі бірінші сынаптың оқушысы емес, өмірдің қыр-сырына сын көзбен қарай­тын отау иесі болатын жаста еді. Алатау­дай ақ шашты ғұламаның етегіндегі  түзу, кең көшелерін қайың, тал, терек көмкерген, табиғаттың жасыл жібегіне оранған Алматыға бұл жолы Әлібек басқа талғаммен қарады. Дүниедегі қалаларды түгел шарлап келгендер ақ ниетімен «әсем Алматы» деп мақтайтын туған қаласы Әлібекке  қарт Алатаудың қолындағы сырлы кеседегі  көпірген  айранға ұқсап кетті.

Ал Шыңғыс жан-жағындағы хан сарайындай әсем үйлер торлаған  иір-қиыр көшедегі  қан тамырдай лыпыл­даған қалың машинаға қарап:

– Адамнан машина көп екен ғой, көкпеңбек тұман басып жатыр Алма­тыны, – деді. Әлтай күрсініп жіберді. Ол осы жердің байырғы тұрғыны. Осы жерде өмір есігін ашып, жетпіс жеті жыл өмір сүрді. Жазиралы жазына сүйінді. Қаһарлы қысына күйінді. Табиғаттың бұл өзгерісі жайлы ылғи пікір талас­тырып, ертесіне қайта басқосатын үш қария алуан түрлі  себеп, салдар айтады. Саясаткер шымыр қара қария:

– Егемендікті алсақ та, сол жақтағы көршінің уын Байқоңырдан ұшырып, Саршағанға әкеп төгеміз. Ауа-райының бұзылуы соның кесірі, – дейді. Бұл пікірді Шыңғыс пен Әлібек те қошта­ғандай болды. Өйткені, өткен қыста Екіағайынды айында пәленбай тонна протон деген уды тиеген Ресейдің Жер серігі ұшты да, көздеген нысанасына жетпей құлап, Алатаудың баурайы жылыды да кетті. Күтпеген көктем келді. Алматының қалың қары апыл-ғұпыл еріп, жиек жолдың бойындағы көк шөп қаулап шыға келді. Ағаштар бүр жарып, гүлдер балауыздана бастады. Осы табиғаттың тосын мейіріміне алданған Шыңғыс пен Әлібек  ұяларын тазалап, жем төгіп еді, жылылыққа алданған көккептер, торғайлар үш аққайыңның төңірегіне жиналып, құс базары дүр­кіреді де кетті. Наурыз айының соңында Алматы қаласында бұрын-соңды соқпай­тын үскірік жел тұрып, қақаған қыс қайта басталды.

Ақ қайыңдағы ұяға салған жұмыртқа түгел қатып, нағыз көктем келгенде төгіліп жерге түсті. Сол жылы балапан ұшпай қалған. Бұл – Шыңғыс пен Әлі­бектің алғашқы өкініші. Енді сол таби­ғаттың қаталдығы қайталанбаса екен деп тілейді. Өмірлері алда. Алланың адал үмбеттері ғой. Діні мен тілін біледі, жер жылуын, табиғат сырын өстіп көре жүріп сезінер.

 

Досан ЖАНБОТА. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *