Бәріміз біргеміз!

Аутизммен ауыратын балаларға қоғам болып көмектесейік

Жыл сайын, 2 сәуір күні аутизм мәселесі жайлы ақпарат тараты­лады. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамб­леясы арқылы 2007 жылдың 18 желтоқсан күні белгіленді.

Аутизм – психикалық дамудың бұ­зылуы, орталық жүйке жүйесінің бұзыл­уымен байланысты болып келетін неврологиялық бұзылыс. Ол туабітті пайда болатын ауытқу. Оның белгілері ерте жаста (0-3 жас) айқындала түседі. Әлеуметтік дағдыларының, қарым-қатынасқа түсу қабілеттерінің, сонымен қатар мінез-құлық ауытқуларының орын алуы аутизмге тән құбылыстар болып табылады. Қайталана беретін қимылдары мен сыртқы тітір­гендіргіштерге жоғары сезімталдық танытатын қылықтары айқын көрініс табады. Кейінгі кезде аутизммен ауыратын балалар саны күрт өсуде. Дүние жүзі бойынша, бұл дерттің себеп-салдарын анықтау қиынға соғып отыр. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл дертті тудыратын 30-дан астам себеп бар. АҚШ мамандарының есебі бойын­ша, әр 68-бала аутизмге шалдыққан. Әлемдік денсаулық сақтау мекеме­лерінің мәліметі бойынша, жыл сайын орта есеппен алғанда аутизмі бар балалар саны 37 пайызға өсуде. Қазақ­станда үстіміздегі жылғы 1 қаңтарда берілген ресми мәлімет бойынша 3820 аутист бала бар деген болжам бар.

Ерте жастан диагностика жүргізіп, жұмыс бағытын дұрыс құрастыру арқылы жақсы нәтижелерге жету мүмкіндігі жоғары. Психологиялық сауатты құрылған бағдарлама балаға өмірге бейімделіп, қоршаған ортада өз орнын табуға бағыт береді. Қазіргі кезде балаларға педаго­гикалық-психология­лық көмек көрсетуде көптеген әдіс-тәсілдер қолданылады. Әр әдістің өз ерекшелігі, тиімді және тиімсіз жақтары бар. Сол себептен де, әр балаға жекелей тоқталып, оның барлық қажет­тілігін, ерекшелігін ескере отырып, тиімді әдісті таңдап алған жөн.

2013 жылы «Ашық Әлем» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақ­станда аутизмі бар балаларды жалпы білім беру ортасына бейімдеуді ұйым­дастыру» жобасы құрылып, аутизмі бар балаларға көмек көрсетіле бастады. Оларды жалпы білім беру мекемелеріне, яғни балабақша мен мектептерде ресурсты бөлме ашып, сол жерден психологиялық-педаго­гикалық көмек көрсету жұмыстары жүргізіле бастады. Ондағы мақсат – балаларды қоғамға шы­ғару, әлеуметтендіру, қалыпты балалардың ортасына бейімдеу, соны­мен қатар, қоғамды да ерекше балаларды қабыл­дауға шақыру болды. Балалармен жұмыс жа­сауда, аутизм балаларды оқыту мен тәрбиелеуде ең тиімді әдіс ретінде қара­латын «Мінез-құлықты қолданбалы талдау (АВА)» әдісі қолданылды. Әр балаға жеке тәрбиеші (тьютор) тағайындалды. Әр бала бақылау тестінен өтіп, әрқай­сысына жеке дамыту бағдарламалары жазылды. Бағдар­ламадағы әр тапсырма­ның орындалу қадамдары кестеде белгіленіп отырды. Ол бойынша бағдарламаның қанша­лықты дұрыс немесе бұрыс құрылғаны көрініп тұрады. Сонымен қатар, жағымсыз мінез-құлықпен белсенді жұмыс жасалды. Аутист бала көпшілік жерде, тітіргендіргіштерге сезімталды­ғының жоғары болу салдарынан шыңғы­рып жылап, шошынып, өзіне немесе жанындағыларға агрессия көрсететіні мәлім. Ал сауатты құрылған бағдарлама осы мәселелердің шешімін табуға зор үлес қосты. Осылайша АВА әдісін қолдана отырып, балалардың қарым-қатынасқа түсу дағдыларының, ортаға бейімделіп, сыртқы тітіркен­діргіштерді қабылдау қабілеттерінің қалыптасқанын байқадық.

Балабақшадан түлеп шыққан балалар 2016 жылы жалпы білім беру мектептерінің табалдырығын аттады. Әрине, мұғалімдер мен ата-аналарға, балаларға да оңайға түскен жоқ. Дегенмен де, балалар қоғамға сіңіп, мектеп өміріне бейімделді. Қалыпты балалар да аутист балаларды қабылдап, жанашыр досқа айналды. Бұл жасалған шара алғашында ерекше балаларға қоғамның көзқарасын өзгертуге зор үлес қосады деген үмітпен басталған болатын. Сол үміт ақталады деген ойдамыз.

2 сәуір күні бүкіл әлем бойынша аутизм мәселесі бойынша ақпарат таратылады. Атақты ғимараттар көк түсті шамдармен жарқырайды. Неге көк түс десеңіздер, дүние жүзілік мәлімет бойынша, аутизм ұл балаларда жиі кездеседі екен. Сол себепті, көк түс аутизмнің белгісі ретінде алынған. Сондықтан аталған күн қоғамға аутизм жайлы мәлімет таратуға зор мүмкіндік береді. Жұмылған жұдырықтай болып, аутизмі бар балалар мен олардың отбасы­ларына көмек көрсету біздің міндетіміз деп санаймыз. Олар жайлы көп мағлұмат таратылып, қоғам қабылдап жатса, қол ұшын созып, көмек көрсетіп жатса, олардың өмір сүруге деген құлшынысы арта түсері анық. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, осы күні барынша молырақ ақпарат таратуға атсалысайық. Қазақ­станда аутист балаларға көмек көрсету бағытында әлі артқарылар шара көп. Сол үшін бұл мәселе жайлы ақпарат қанша­лықты көп таралса, соншалықты көмек қолын созуға мүмкіншілік туындайтынына сеніміміз мол.

 

Ж.АХАНОВА,

Ресурсты бөлмелердің кураторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close