Қазақстанның болашағы – ел бірлігінде

 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан күннен бастап елімізде тұратын барлық халықтардың бірлігі мен достық қарым-қатынасын қалыптастыру, оны нығайту басты бағыттардың бірі болды. Осы орайда еліміздің қоғамдық келісім мен ынтымақтастық сақтау жөніндегі стратегиялық басым бағыттары негізгі және шешуші рөл атқарып келеді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында сөйлеген сөзінде «Әлемде болып жатқан өзгерістерді қабылдау үшін сананың ашықтығы қажет. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы үйрете алады» деп атап көрсеткен еді. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып тұр.

Осы мақсатта Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде «Қазақстанның болашағы – ел бірлігінде» деген тақырыпта ғылыми конференция болып өтті.

Конференцияда университет ректоры, доктор, профессор Сабри Хизметли «Қазақстан Республикасын­дағы этносаралық қатынастар және оның болашағы», т.ғ.к., профессор У.Әбді­қалықов «Қазақстанның болашағы – ұлттардың бірлігінде», т.ғ.к., доцент З.С.Ақтамбердиева «Қазақстан – ортақ үйіміз», ф.э.к. Б.Аташ «Этносаралық келісім: тарихи негіздері, төзімділік және Қазақстан халқы Ассамблеясы», оқытушы Б.Бердиярова «Елі­міздегі ұлтаралық қатынастар мәдениетін дамыту мәселелері» тақырыбында баяндамалар жасады.

Баяндамашылар Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығы, әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық жасап отырғандығы, сон­дай-ақ,  осының бәрі Елбасының қоғамдағы  азаматтық ынтымақ­тастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегия­сын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында екендігі жайлы атап көрсетті.

Ғылыми конференцияны қорытындылаған университет ректоры доктор, профессор Сабри Хизметли мырза көпұлтты мемлекетіміздегі түрлі ұлт өкілдерінің достығы Қазақстанның басты байлығы екенін, соның бір айғағы өз университетінде 20-дан астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті, бір-біріне етене жақын, береке-бірлікте өмір сүріп, білім алып жатқандығына тоқталды. Университетте оқитын әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары қазақ елін туған жұртындай көреді. Оқу орнында әр түрлі ұлт өкілдерінен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығы жұмыс жасайды. Орталықтың мақсаты – университеттегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау және жүзеге асыру болып табылады. Бүгінде орталық осы орайда көптеген іс-шараларды жүзеге асырып, білім, мәдениет және спорт саласында игі істерді атқаруда. Бұның барлығы оқу орнындағы тәрбие жұмысының үлкен жетістігі. Жалпы, өткізілген іс-шараның танымдық-тағылымдық және тәрбиелік мәні зор болды.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.

 

Ұлан ҚАДЫРБЕКҰЛЫ.

Шет тілдер және іскерлік карьера  университеті.

Алматы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close