ҚАЗАҚҚА ҚАДІРЛІ ҚОС ТҰЛҒА

28КАМАЛДЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Белгілі қоғам және мемлекет қайрат­кері, қарымды қаламгер, жазушы-жур­налист, марқұм Камал Смайыловтың бүкіл ел, замандас, қызметтес әріптестері, өзге­лерге де қолұшын беріп, көмегін аямай, шуақ шашып ғұмыр кешкеніне айғақ-дәлел жеткілікті. Кімге болса да бақай есепсіз, риясыз, адами тұрғыдан қарап жасайтын (жасаған) жақсылық-шапағат­тары көптің жадында. Осы күндерде ойлағанда, алыстан келген ауыл мұғалімі – өз басымның да жақсы-жаманды қалам­герлер қатарына қосылуыма себеп болған Кәмекең болатын. Ол жақсылығы ұмытыл­ған емес, көзі тірісінде (өмірінің соңғы жылдарында) екі-үш басылымда кеңінен толғап жазылды да. Қашанда күліп сөй­лейтін қалпымен «е, оқыдым» деп қоя салған. Алайда…

29Бұл жолы аяулы жанды еске алып, сөз етпегіміз, оның басқалар біле бермеуі мүмкін (сирек құбылыс деуге сыйымды) елден-ерек бір мәрттігі хақында. Шынын айтсам, мен өзім де күтпеген сол оқиға жөнінде таяуда Кәмекеңмен қызметтес болған, бір зейнеткер еңбек ардагерінен естідім. Қанға біткен әскеттікпен «рас па?» деп екі-үш қайтара тықақтай сұрап, шындығына көз жеткен соң, оқырманмен бөлісуді құп көріп отырған жай бар. Ендігі әңгіме сол зейнеткер атынан баяндалады.

– Ортаазиялық (көрші) төрт республи­када да қазақтар аз емес қой, – деді Жеңіс Кетебаев. – Орта мектепті медальмен бітірген соң, Ашхабадта жоғары білім алып, комсомол саласында тәуір қызметке іліктім. Сол қарқынмен басқа да біраз биіктерге көтерілуім ықтимал еді, бірақ, есіл-дертім атамекен боп, Алматыға тартып кеттім. Мұнда жақсы қарсылап, телеви­дениеге орналастым. Ойымда дәнеңе жоқ, баршаны бауыр санап, жаңа орта, жаңа дос-жарандар арасында пәруәйім пәлек боп, бұйырған қызметті істеп жүріп жаттым. Ешкім жөнінде қияс пікір, бөтен ой жоқ, жұрттың бәрін тілектес-ниеттес санап, өзімдей көрдім. Шыны да солай-тын. Алайда, осы тірлігімді көпсініп, бір саусағын ішке бүгіп жүретіндер де бар екен. Ол пәтер кезегіне тұрмақ боп, кәсіподақ ұйымына өтініш берген кезде байқалды. Үстімнен қарайтын тікелей бастығым: «Саған пәтер жоқ. Алматыға келгеніңе шүкір деп жүре бер, әйтпесе, келген жағыңа қайтып кет», – деді бетіме зәрлене қарап. Өңі де, сөзі де әсем, бауыр санап жүретін жігіттің мұнысына түсінбей: «Қызмет істегеніме үш жыл болды ғой», – дегеніме селт етпестен, бөлмесінен қуып шықты. Бірақ, құдай жар боп, ұзамай жұрт қатарлы пәтерлі болдық. Әлгі бастығым (ол кезде мен басқа бөлімге ауысқанмын) бір жолы коридорда жолығып қап, өткендегі ісіне кешірім сұрады. «Көңіліңе алма», – деді. «Мақұл, сіз де ренжімеңіз», – дедім. Және мұнысына ішім жылып, риза болдым. Марқұм бір жылдан соң мезгілсіз дүние салды. Рухы шат болсын.

Қазақ, орысы аралас он адам жаршымыз. Бастық жаршы, бес адам аға жаршы, қалғандар төменгі сатыдағы жаршы. Төменгі сатыдағының бірі – мен. Ауыс-түйіс боп жатады. Күндердің күні аға жаршылыққа сұрандым. Бастық жаршы «есте» деді. Әдетте, өзгерістер жылдың басында болады. Үлкен бастық – Камал Смайылов. Өзім­нің бастық жаршым оған айттым, болады дейді. Бірақ, қызметім өзгермейді. Кәмекеңе пәлен деу өң түгіл, түске кірмейді. Екі жыл өтті. Үшінші жыл басталды. «Не болды» десем, тікелей бастығым тағы да: «Кәмеңе айтқанмын, біледі» деуден аспайды.

Камал ағаның алды кең, кез-келген қызметкер еркін кіріп-шығып жүретінін білетінбіз. Бір күні тәуекел деп мен де кіріп, жағдайымды айттым. «Қалай, әлі кіші жаршысың ба?» – деді ол елең етіп. «Бара бер», – деп шығарып салды. Сөйтсем…

Камал ағаның әр жылдың басында шығатын ресми бұйрығы бойынша менің аға жаршылыққа көтерілгеніме үшінші жыл болыпты да, бастық жаршым ол жөнінде маған қасақана айтпайды екен. Сірә, түбі шындық ашылады деп ойламаса керек. Бұлар жөнінде…

Мен қабылдауына барған күні кешкілік үйге телефон соққан Камал ағаның өзінен естідім. Қашанда жайдары қалыпта асығыстау сөйлейтін Кәмекең: «Таңертең жұмыс­қа барған бойда бірден Мадридке кір (Мадрид Рысбеков орынбасары), айттым, ол біледі», – деді.

Таңертең Мадрид Рысбеков жаршыларды кабинетіне жинап: «Бүгіннен бастап бастықтарың Жеңіс Кетебаев бо­лады, председательдің бұйрығы солай», – деп, мені бұрынғы бастығымның орнына отырғызды. Бұрынғы бастықты аға жаршы етті. Осымен әңгіме бітті. Ың-шыңсыз…

– Ойда жүрген нәрсе еді де, – деді осылар жөнінде айтқан Жеңіс Кетебаев жеңіл күрсініп. – Бұл жерде біреу-міреуді мұқатып, өзімді көтермелеп отырған дәнеңе жоқ. Мақтанудан аулақпын. Тек «дарақ бір жерден көгереді» дегендей, кейін сол мекемеде өзге де жауапты қызметтерге жоғарыладым, председательдің орынбасарына дейін өсіп, зейнетке шыққаным да көпке аян, көке.

– Зейнетіңнің қызығын көріп, аман-есен жүре бер, – дедім оған. – Камал Сейітжанұлы Смайылов менің де аға, дос, жанашыр ұстазым болған.  Сен айтқандай, мәрттігіне сан рет куә болғанмын. Сен екеуміз білмейтін жайлар да аз болмауға тиіс, – деп аруағына тағзым еттік.

 

ЗИМАНОВТЫҢ ЗАЙЫРЛЫҒЫ

 

Атышулы заңгер-ғалым, академик, қазақтың біртуар перзенті Салық Зиманов жайлы бүкіл ел-жұрт біледі, ардақ тұтады, аялайды, ұмытпайды. Бақиға озғанына көп болмаған ұлы тұлғаны бұдан біраз жыл ілгері өмірден өткен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, философ-ғалым, профессор, атышулы журналист, сан салада қалам тер­бе­ген аса зипа, зиялы, қарапайым, кішіпейілдігі шексіз Әбдеш Қалмырзаев екі сөзінің бірінде – Сағадат Нұр­мағамбетов, Бәйкен Әшімов, Сәдуақас Темірбеков, Салық Зиманов туралы айтудан жалықпайтын еді, жарықтық.

Әне, таяуда сол сирек тұлға Сәкең, Салық Зимановтың ел басына сан түрлі сын сағаттар туған сәттерде жасаған ерлікке пара-пар қайсарлығы хақында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, медицина ғылымы­ның докторы, профессор, Әжібай ата сынды текті тұқым­ның ұрпағы, «Фармация» компаниясының президенті Кеңес Үшбаев айтқан сыр-сұхбатты жұрт білсін деп ортаға салмақпыз, ағайын. Қысқаша қайырсақ…

– Қонаевты орнынан алып, Колбин келген соң, әлдебір ойдан шығарылған дақпырт-жала өрістеп, республика басшылығындағы онсыз да сирек қазақтардың орнына ана тіл, ұлттық салт-дәстүрден жұрдай, халық болашағын ойлауға дәрменсіз адамдар қойылмады ма? Сондайлардың бірі – әуелі Алматы облыстық партия комитеті, онан соң, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде секретарь болған Меңдібаев есіңде шығар, – деп бастады әңгімесін Кеңес. – Сәл-пәл дәлсіздіктер болса, басқалар түзете жатар, қарсылық жоқ, есімде қалғаны, сол тұстарда Жоғарғы Советке депутат едім. Меңдібаев секретарьлықтан босап, майлы жіліктен дәмесі үзілмеген болса керек, жанын салып жоғары лауазымды қызметке ұмтылды. Ұмтылғанда, Республика Министрлер Советі председателінің орын­басарлығына сайлануды көкседі. Ол кезде Республика  Ми­нистрлер Советінің председателі Ұзақбай Қараманов бола­тын. Жан дүниесі жайсаң, қайырымы мол, иі жұмсақ Ұзекең, сірә, келісім беріп қойды ма екен, нақты білмеймін, әйтеуір, әлгі қызметке Меңдібаевтың кандидатурасы ата­лып, талқыға салынатын болды. Құдай жарылқап, сол күні мен залдың алдыңғы қатарында отыр едім. Меңді­баев­тың фамилиясы аталған бойда орнымнан ұшып тұрдым да: –  Меңдібаев мырза! – дедім даусымды көтеріп. – Ты совер­шил кадровый геноцид. Жұртқа не бетіңмен қара­мақсың? Тағы да солай етесің бе? Жоқ! Біз енді ондайға жол бер­мейміз. Солай емес пе, депутат мырзалар? – деп залға көз тастадым. Назарым бірден – ол да бірінші қатарда отырған – Салық Зимановқа  түсті. Көздері шоқтай жанған Сәкең екі қолын бірдей көтеріп: «Дұрыс айтасың, Үшбаев інім!» – деді маған қарап.

Залдан: Солай! Солай!  – деген дауыстар естіліп, жұрт дүрлігіп кетті.

Уақыт түске таянған еді, соны пайдаланып, әрі жұрт тыншысын дедім де, председатель үзіліс жариялап жіберді.

Сыртқа бет алған менімен Салық Зиманов бастаған бір топ депутат ілесе шығып, тамақтануға бармастан әлгі мәселені коридорда талқыладық. Онан соң Сәкең өзге депутаттармен де жеке-жеке сөйлесіп, не керек, Меңді­баевты сайлатпаудың барлық амалы жасалды.

Сессия басталған соң, айтқандай-ақ, Салық Зиманов бастап, өзге депутаттың бәрі Меңдібаевты бірауыздан сайлатпай тастады. Бұларды айтып отырғаным, егер сол жолы Сәкең мені бірден қолдап, депутаттарды соңынан үйіріп әкетпегенде, құдай біледі деп айтайын, базбір бос белбеу пақырлардың көңілшектігінен Меңдібаевтың биік лауазымға қайта сайланып кетуі де ықтимал еді. Салық Зимановтың қайсарлығының арқасында партиялық форум, съездерде бір ауыз қазақша сөйлемейтін Меңдібаевтың жолы кесілді. Және сол кесілгеннен қайта бас көтере ал­мастай етіп, біржола кесілді. Табаламаймын, Меңдібаевқа керегі сол болатын.

– Салық Зимановқа бәрекелді. Өзіңнің де себің зор бопты ғой, – дедім Кеңеске әзіл-шынын араластырып. – Басқа біреу болса, мен қатырдым деп күпінер еді. Сен болсаң…

– Қылжақты қайтесің. Салық  Зиманов онсыз да әр­уақты тұлға. Ел үшін жасаған ерліктерінде есеп жоқ. Мен өз көзіммен көріп, куә болған біреуін ғана айттым. Рухы шат болсын! – деді Кеңес Үшбаев өңі сәл алабұрта.

– Салық Зимановпен кейін араласып тұрған шығар­сыңдар?!

– Әрине, араластық. Өмірден өткенше сыйластық. Керемет адам еді ғой, марқұм.

Міне, қадірлі оқырман! Базбір пенделер жиырма жыл көз жасын тыя алмай, зарығып күткен (осының түбірін зерделе) кәрі қақсал Колбин қазақ билігінің басына кел­геннен соң оған лайықты қолшоқпар болған, республи­калық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кіші 1937» атты мақаланың «көзге көрінбес» кейіпкерлерінің бірі – Меңдібаев қасқаның дәуірі осылай аяқталды.

Нұрың пейіште шалқысын, Салық аға Зиманов! Қа­зақ­тың Зимановы! Ел намысы таразыға түскен күндерде табандылық танытқан тектілігіңді жадында сақтап, те­бе­ріктей тәу етіп жүрген іні досың, қадірменді Кеңес Үш­баевтың абыройы асқақтай берсін! Намысты, қыран текті, бас фармацевт Кеңес Үшбаев!

Зәкір АСАБАЕВ.

 

P.S. Жоғарыда өткеннен сабақ алу тұрғысында айтылған жайларды – қос кейіпкер – маған жаз деп емес, сөз ара­сында жәй әңгіме ретінде баян еткен-ді. Соны да ес­керейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *