Атам мен әжемнің қызы болдым

Міне, уақыт дөңгелегі зымырып, кезектегі көктем де келіп жетті. Көктеммен бірге іле-шала жаныңды шуаққа бөлеп, кейде тәтті сағыныштың қылын шертіп Аналар мерекесі де қол бұлғайды. Аналар… Асыл жандар… Аяулылар…

Мен есімді білгелі атам мен әжемнің қызы болдым. Айтуларынша, үш-төрт айлы­ғымнан екеуінің ортасында жатып­пын. Өйткені, тұңғыш ұлдан көрген тұңғыш немерелерімін. Сол кезден бастап қашан өмірден озғандарынша ойлайтындары менің қамым еді-ау. Апатайым (әжемді осылай атаушы едім) студент кезімде де мені аш қалмасын деп ағама маза таптыр­майтын. Қап-қап азық-түлігін көтере алмай ай сайын ағам да жатақханамның есігін қағып тұратын. Сол алтын әжем осыдан жеті жыл бұрын 85 жасында мәң­гілік мекеніне сапар шекті. Маған жаса­ған жақсылықтарының бірін де өтей алмадым-ау деген өкініш өзегімді өртеп, сағынышым санамды тұмшалайды кейде. Аллам жаны­на жәннаттан орын берсін. 6-сыныпта оқып жүрген кезімде балалық жүрегімнен шыққан мына өлең жолдары аудандық газетке жарияланып, апам мен атам ерекше қуанған болатын:

Атам, әжем жақсы адам,

Қызғанамын басқадан.

Егер олар болмаса,

Тұра алмаймын ешқашан!

Оларды мен СҮЙЕМІН!

Қасында ылғи жүремін.

Олар барда жанымда

Бақытты өмір сүремін!

Өздеріне деген ризашылығымды бала көңілмен осылай жеткізуге себеп болған Ана құдіреті деп білем.

Ал маған жарық дүние сыйлаған анам­ды бала кезімде ешқашан мойындаған емес­пін. Тек тұрмысқа шығып, өзім ана атанғанда ғана түсіне бастадым. Ата-анам да ата-әжемнің қызы деп менің бетіме келген емес, керісінше, сіңлілеріме менің айтқанымды орындаңдар деп талап қоятын. Әркез ақылын айтып, досымдай сырласа да біледі. Менен өзге бес қызды тәрбиелеп өсірген анамыз ылғи да сабырлы болуы­мызды, жарымыз бен қайын жұртымызды сыйлап, келіндік міндетімізді адал атқа­руымызды құлағымызға құйып отырады.

Қайын жұртымда жарымның анасын үшінші анам деп есептеймін. Аллама мың шүкір, мені мейірімді аналардан кенде етпе­геніне! Ене болып түртпектеу, сын тағып, мін іздеу ол кісіде болған емес, керісінше өз қыздарынан артық сырласып, кейде құр­бысындай қалжыңдасып, арасын­да түсін­бестік туа қалса ұлдарының емес, келіндерінің сөзін сөйлеп отырады. Оның бойында даналық, рухында нәзіктік пен кіршіксіз тазалық бар. Сол себепті де бізде ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас ерекше.

Аналар мерекесі қарсаңында өз Анала­рыммен қоса барлық жүректері мейірім мен махаббатқа толы ардақты Аналарды құт­тық­тап, отбастарына амандық, дендеріне саулық тілеймін!

 

Гүлмира МОМБИЕВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің аға оқытушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *