ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ

Қос басылымның мерейтойына арналған көрме

Жыл басынан-ақ биылғы жыл «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдық мерей­тойы екенін жариялаған едік. Мерейтойдың тағылымды болуына мән берген газет басшылығы өзінің әрбір дерлік шығарылымында естелік мақалалар жария­лап отырды. Сонымен қатар, жыл басталғалы басылымды мерейлі жаспен құттықтаушылар легі әлі жалғасып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен елге танымал тұлға­лардың, зиялы қауым өкілдерінің атынан келген құттықтау хаттар мен жылы лебіздер басылымның бірінші бетінде үнемі жарияланып отырды. Осылайша газеттің өн бойынан тойдың тынысы сезіліп тұрды.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Бұрнағы күні басылым ұжымы газеттің мерейтойын атап өтуді бастап кетті. Мерейтой «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдығына арналған «30 жылдың 30 сәті» атты фотокөрмемен ашылды. Көрме Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайының Орталық көрме залында өтті.

«Алматы ақшамы» газеті шыға бастағаннан қала тіршілігі мен қала тарихынан сыр шертіп, алып мегапо­лисіміздің болашағы туралы да жұрт­шы­лықты жан-жақты хабардар етіп келеді. Басылым беттерінде жария­ланған фотомұрағаттар мен қала өмірін, тұрғындар тіршілігін бейнелейтін фотоматериалдар легі өз алдына бір әлем. Олардың әрбірі туралы жеке тоқта­лып, кеңінен әңгіме қозғауға болады. Көрмеге газеттің редакция­сында қызмет еткен, сондай-ақ осы басы­лымдардың дамуына үлес қосқан белгілі фототілшілер – Самат Құса­йынов, Шүкір Шахай, Нұрғиса Елеу­беков, Жеңіс Ысқабай, Сәрсенбек Қызайбекұлының түсірген таңдаулы фотосуреттері қойылды. Байқасаңыз, газет беттерін парақтайтын оқырман­дарға аты аталған фототілшілеріміздің есімі жақсы таныс. Көрменің ашылуына бірқатар басылымдардың басшылары, сондай-ақ мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Көрменің шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан қалалық мәслихаттың хатшысы Қалдыбай Қазанбаев «Алматы ақшамы» газетінің бүгінгі атқарып отырған еңбегіне жоғары баға беріп, журналистер қауымының алда атқарар міндеттерінің де аз емес екеніне тоқталды.

–       Үлкен мәдениет ошағы – Алматы қаласының тыныс-тіршілігін оқыр­манға күнделікті жеткізіп отырған «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» газеттерін мерейтойларымен құттықтаймын. Бұл күнде «Алматы ақшамы» газетінің сыртқы бейнесі де, ішкі мазмұны да уақыт көш-керуенімен бірге жасарып, жаңарып келеді. Тек қала тынысымен шектеліп қалмай, ұлтымыздың руханиятына қатысты күрделі мәселелерді көрсете білуімен де оқырманның зор ілтипатына бөленіп келеді. «Алматы ақшамы» Алматының ғана емес, Алаштың басылымына айналды. Қала жұртшылығы ғана емес, бүкіл қауым болып оқитын газет деңгейіне көтерілді, – деді Қ.Қазанбаев.

Ақпарат кеңістігінде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радио, телевидение және интернет уақыт үрдісіне сай қаншалықты қарқынды дамыса да, газеттің орнын баса алмай­тындығын атап өткен қалалық мәсли­хаттың депутаты Кенжехан Матыжанов:

–       Газет – елдің естір құлағы, көрер көзі, айтар үні. Бұл басылым талай қиын-қыстау кезеңінен өтіп, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, әр тақы­рыпқа қалам тербеп, қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше орын алды. Осы жылдар ішінде өз оқырман­дары­ның жүрегіне жол таба білген «Алматы ақшамы» газеті қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымға айналды, – деді.

Бұл күні тағылымы зор газетті мерейтойымен құттықтап КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов те келген еді. «Алматы ақшамы» газетінің аты аталған кезде алып мегаполис көз алдыңызға елестей кететінін айтқан ол:

–       Бұл – қалалық басылым болға­нымен, жазғандары бүкіл ел, барша қазақ үшін маңызды. Қазір «Алматы ақша­мын» іздеп оқитындар көп.  Басылымның оқырмандары күннен-күнге көбейе берсін, – деген тілек білдірді.

Сонымен қатар, Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайы директорының орын­басары Жәнібек Көрпебаев алматы­лықтардың рухани серігіне айналған тарихы мол екі басылымның ұжымын мерейлі мерейтойымен құттықтап, «Құрмет грамоталарын» табыстады.

Әр кәсіптің өзіндік ерекшеліктері болады.  Журналистерді былайғы жұрт сергек, елгезек деп жатады. Ал фототіл­шілердің елгезектігі  өзге журналистер­ден әлдеқайда артық десек, асыра айтқандық емес. Фотосурет – өнердің бір тегі, маңызды саласы. Оның да өзін­дік талабы, қиындығы бар. Содан болар, фотосурет өнерін екінің бірі игере алмайды. Оған алғырлық, сезімталдық, ұшқыр қиял қажет.

Көрмеге екі газеттің әр жылдарда қызмет еткен фототілшілерінің тырнақ­алды туындыларынан бастап, күні бүгінге дейінгі іріктелген 100-ге жуық жұмыстары қойылды. Суреттердің тақы­рыптары да әр түрлі. Мұнда мега­полисте өткен ірілі-ұсақты шаралар­дан бастап, маңызды басқосу, жиын­дардың басы-қасынан табылатын газет фототілшілерінің жеке мұрағатынан дала мен қала, кәрі мен жас, өмірдің кез-келген көріністері, табиғат тама­шалары, тіршілік түйткілдері, барлық сала тынысы, жекелеген адамдардың суреттері топтастырылған.

Қас-қағым сәтті қалт жібермейтін фототілшілердің қоржынында естен кетпес естеліктер шынымен де көп екенін көрме барысында байқадық. Еске­ретін жәйт, көрмеге ұсынылған жұмыстар – фотошеберлердің мол мұрасының шағын бір бөлігі ғана.

Негізі суреттің сәтті шығуы көп жағдайда объективке ілінген тұлғаға да байланысты. Бұл ретте көрмеге атақты ақын-жазушылардың, киелі қазақ сахнасының бүгінгі корифейлерінің портреттері де қойылды. Сахна саңлақтары – Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төле­генова, Роза Рымбаева­лардың тосыннан түсірілген суреттері назар аударарлық. Өзге өнер адамда­рының бір шоғыры да топтастырылған. Қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар да солардың ішінде. Бірде анфас, бірде профиль үлгісінде объективке ілінген фототуындылардың өз айтары бар.

«ВЕЧЕРНИЙ АЛМАТЫ» ГАЗЕТІНЕ – 50 ЖЫЛ

Сонымен қатар, биыл әріптес басы­лым «Вечерний Алматы» газетінің де 50 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Бұл ретте кешегі өткен фотокөрме  еменнің қос бұтағындай болып қатар келе жатқан қос басылымның мерейтойына арналды. «Вечерний Алматы» газетінің 50 жыл­дық мерейтойына арналған көрме «Ве­черка, оқиғалар, адамдар» деп аталды.

Көрмеде редакцияның штаттағы қызметкерлерінің де, газетпен ұзақ жыл бірге қызмет атқарған штаттан тыс фототілшілерінің де түсірген 50-ге жуық жұмысы қойылды. Олардың қатарында бірінші штаттағы фототілші Вячеслав Каморский, газеттің қазіргі фототілшісі Қайрат Қонысбаев, «Ме­деу» фотоклубының басшысы Валерий Коренчук, «Медеу» клубының фотосу­ретшілері Ғаяз Мұхамеджанов, Владис­лав Елагин, Владимир Шургаев, Максим Золотухин, Ольга Коренчук бар. Бұл жұмыстардың бәрі 50 жыл бойы газетте жарияланып, қаламыздың өзіндік шежіресіне айналды.

«Вечерний Алматы» газеті 1968 жыл­дан шыға бастады. Сол кезден бастап басылымның белсенді ақпараттық қаты­насының көшімен Алматының алып шаһар ретінде қалыптасуы көз алды­мыздан өтіп келеді.

Фотожурналистердің камералары қала тұрғындарының саны 500 мыңға жеткен 1960 жылдардың аяғында қала­ның қарқынмен өсуін түсіріп алып, жариялап отырды. Сол кезде тұрғын үй және әлеуметтік құрылыстары шапшаң өсіп, мәдениет нысандары да бой көтерді, көшелер пайда болып, жолдар кеңейтілді. «Вечерканың» фотосурет­тері Ленин (қазір Достық) даңғылының реконструкциясы, «Қазақстан» қонақ­үйінің, Ленин атындағы Мәдениет сарайы (қазіргі Республика сарайы) мен қаланы селден құтқарған бөгет құрылысы, «Медеу» спорт кешенінің ғимараты және бұдан басқа да сол кездегі астананың ірі-ірі құрылыстары жайлы баяндайды. Қаланың мәдени жаңалықтары да фототілшілердің назарынан тыс қалмады. Экспозицияда Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі де бар. Алып шаһардың шы­ғармашылық іс-шараларына арналған репортаждық фотожұмыстар да қойылған.

Бүгінде 50 жыл өткен соң екі мил­лион тұрғыны бар алып шаһарда ау­қым­ды инфрақұрылымдық қайта құрулар жүріп жатыр. Газет тілшілері бұл оқи­ғалар тынысын да қалт жібер­мейді. Фо­тосуретшілер объективінде – көшелер мен саябақтардың реконструк­циясы, Мемлекет басшысының баста­масымен қолға алынған метрополитенді жетіл­діру, БРТ желісін ашу, қазіргі Алма­ты пейзаждары, қалалардың портреттері бар. Көрмеге репортаждық фото­түсі­рілімдер, алматылықтардың портрет­тері, қала пейзаждары қойыл­ған.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО Халық әртісі:

КӨРМЕДЕ БАРЛЫҚ СУРЕТ «СӨЙЛЕП ТҰР»

–       Бүгінгі күн оқырмандарға рухани ләззат сыйлап, газет қызметкерлерін мерейлендірген әдемі кеш болды. Көрмеде барлық сурет «сөйлеп тұр»!

Дәуір шежіресін объективпен жазып жүрген фотожурналист ағайындардың еңбегі қай кезде де, қай заманда да өз маңызын жоймайды. Алматының  әсем ғимараттарын, тыныс-тіршілігін ойға келе бермейтін ракурстармен бере білу үлкен өнер, шеберлік. Әрбір сурет баға жетпес бейнелер. Әрқайсысы тарихтың ұмытылмас, өшпес, өлмес қас-қағым мезеттері ғой.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:

ТАҚЫРЫПТЫ СУРЕТПЕН АША БІЛУ – ӨНЕР

–       Суретке түсіру өзінше бір өнер. Қас-қағым сәтте бүгінгі сәтті ертеңгі тарихқа айналдыратын өзгеше өнер. Бұған білім мен тәжірибе керек. Жауап­кершілік жоғары болуы тиіс. Фотоөнер жәй ғана суретке түсіру емес. Мұнда тақырыпты суретпен аша білу керек. Ол ерекше қырағылықты, керек сәтті қағып түсер шапшандықты талап етеді.

Көрмеге Алматы және оның тұрғындары, қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі, оның тарихын бейнелеген суреттер қойылыпты. Жалпы, қаланың тыныс-тіршілігін фотоның тілінде сөйлеткен фототілшілерге ризамын. Кездейсоқ түсірілген кадрлар да үздік шыққан. Әр жанрда, әр тақырыпта түсірілген бұл еңбектердің  дербестік мағынасы терең.

 

Әбдірасыл ТҰРЫСБЕК, қала тұрғыны:

ГАЗЕТТІҢ БАСТЫ ТІРЕГІ – БІЗ СЕКІЛДІ ОҚЫРМАН

–       «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдық мерейтойына арналған көрменің өтетінін газеттен оқып білдім. Көрмені тамашалауға әдейілеп уақыт тауып келген жайым бар. Алматыға 2012 жылы көшіп келдім. Сол жылдан бастап газеттің тұрақты оқырмандарының бірімін.

Газеттің басты тірегі – біз секілді оқырман ғой. Оқырман – сыншы, оқырман – бағыт-бағдар беруші. Баспасөз қызметкерлері газет бетінде өткір де өзекті мәселе қозғап, қоғамдағы проблемаларды көтере білсе, ол да біз секілді оқырмандардың арқасы шығар. Себебі, оларға жөн сілтеп, маңызды мәселелерге назар аудартатын да қалың оқырман қауымы.

Көрмеде фотографтардың объективіне ілінген сүйікті қаламыз Алматының әсем, көрікті, сұлу жерлерін тамашаладық. Көбінесе қаланың тыныс-тіршілі­гінен сыр шертетін суреттерді түсіріп алуға тырысқан.

Фототілшілердің көпшілік байқамайтын дүниелерді «шырт еткізіп», қас-қағым сәтті мәңгілік еткендеріне риза болдым. Барлығы кіл кәсіби мамандар екені көрініп тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *