Қаржылық тәртiп болса, қазына да молаяды. Жыл басынан бюджетке 71 млн. теңге қайтарылды

Берiк СӘДУАҚАС

Газетiмiздiң 8-қыркүйектегi №105 санында қалалық Мәслихат отырысының кезексiз ХХХХII сессиясының болып өткендiгiн хабарлаған едiк. Басқосуда тексеру комиссиясының төрағасы Виктор Бөлекбаев мемлекеттiк мекемелерге жүргiзiлген бақылау актiлерiнiң қорытындысын жариялап, халық қалаулыларынан бекiтудi сұраған болатын. Депутаттар тексеру жұмыстарының нәтижесiн бiрауыздан мақұлдады. Виктор Ертасұлы қала бюджетiнен қаржыландырылатын 13 қазыналық кәсiпорынның есеп-шот жүргiзу шараларының қаржы операцияларына жеке-жеке тоқталып, көптеген келеңсiздiктердiң анықталғанын айтты. Мәселен, қала әкiмдiгiнiң құзырындағы «Республика сарайы» МҚК «Мемлекеттiк сатып алу туралы» ҚР Заңнамасын қоса алғанда 214 638,0 мың теңге бюджет қаржысын тиiмсiз пайдаланған. 2010 жылы 10-қазаннан бастап күрделi жөндеуге жабылса да бiрнеше қызметкерлер негiзсiз жалақы алып келген. Қала әкiмдiгiнiң заңнамалық актiлерi өрескел бұзылған, нәтижесiнде қаржы операциялары бұрмаланған. Тексеру комиссиясы мұқият жүргiзген қаржылық бақылаудың арқасында жергiлiктi қазына қоржынына 7 млн. 890 мың теңге қайтарылды.

Сол сияқты «Қалалық ревматология орталығы» мемлекеттiк кәсiпорнында да бюджет қаржысын орынсыз игеру нышандары болғандығын тексеру комиссиясы сарапшылары анықтаған. Бұл мекемеде 675,0 мың теңгенiң заңсыздығы орын алған. Тексеру комиссиясы бюджетке 97,0 мың теңгенi қайтаруға қаулы шығарған. Виктор Бөлекбаев, сондайақ, «Қазақ мемлекеттiк циркi», «Медеу мемлекеттiк өңiраралық табиғи паркi», «Қалалық салттық қызмет көрсететiн арнайы комбинаты», қалалық Туризм және спорт басқармасы, қалалық Денсаулық басқармасы, «Жас Отау» МҚК және тағы бiрнеше мекемелерге жүргiзiлген қаржылық тексеру жұмыстарының қорытындысында қала бюджетiне 30 млн. теңгенiң керi қайтарылғанын, ал жалпы жыл басынан берi қала қазына қоржыны 71 млн. теңгемен толтырылғанын атап өттi. Виктор Ертасұлының айтуынша, 10 жылға жуық мерзiм iшiнде 13 адамнан тұратын тексеру комиссиясының мүшелерi бюджет қаржысын бұра тартқандардан 33 млрд. теңгенiң көлемiндегi мемлекет қаражатын қайтаруға себеп болған.

– Менiң ойымша, бiздiң сарапшылар өздерiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн дәлелдей бiлдi, инемен құдық қазғандай қыруар шаруаны игерiп, қала бюджетiн түгендеуге күш салды. Сондықтан комиссия мүшелерiн марапаттауға қолдау бiлдiргендерiңiздi қалаймын, – дедi Виктор Ертасұлы депутаттарға қарата. Халық қалаулылары бұл өтiнiш-ұсынысқа бiрден келiсiп, депутаттар атынан И.Шарипов тексеру комиссиясының төрағасы В.Бөлекбаевқа алғысын жеткiздi.

Мәслихат отырысына қатысып отырған қала Әкiмi Ахметжан Есiмов тексеру комиссиясының жедел әрi кәсiби негiзде жұмыс iстегенiн және сарапшылардың терең бiлiктiлiгiн атап өттi.

– Қаржылық тәртiп болғанда ғана қазына молаяды. Сiздер қыруар жұмысты жерiне жеткiздiңiздер. Виктор Ертасұлы, ал сiзге арнайы алғысымды қабылдаңыз, тексеру комиссиясы өз мiндетiн толық атқарды деп айта аламын. Жыл басынан 71 млн. теңгемен бюджет бүйiрiн түгендеу бұл жақсы нәтиже. Алматыда көп көбiк сөзбен емес, нақты iспен айналысатын адамдар тұрады, – дедi шаһар басшысы.

Сонымен жергiлiктi Мәслихат жанындағы тексеру комиссиялары өз қызметiн тоқтатты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *