АЛМАТЫЛЫҚТАР БИЫЛ АЛМА ЖЕЙ АЛА МА?..

554Сәуір айының соңғы күндері өкпек жел соғып, ол 2-3 күнге созылады. Жердің көгі қалыңдап,   өсімдіктер тамырын тереңге жаяды.Сайын далаға сән берген тобылғы бүршік жарады. Қариялар«Тобылғы жарған» деп атаған амал осы

Сәуір жауын-шашыны мол ай. Биыл да солай болды. Көктем  дер кезінде келгенімен, шауын-шашынның көптігінен жеміс ағаштары жылдағыдан  он күнге кеш бүршік жарды. Күннің салқыны кетіп, ауа райында тұрақ­тылық байқалғандай болып еді, 22-сі күнгі жауған қар қайтадан көңілге күмән әкелді. Өткен аптадағы  қарлы жауыннан аман қалған гүлдеп тұрған жеміс ағаштары қайтадан қар жамылды. Бұл көрініс алматылықтардың биыл жеміске қарық болмайтынын аңғартса керек.

Кесіп айтуға да болмайды, әрине. Деген­мен, аспан денелерінің, әсіресе, Үркер шоғы­рының қимыл-әрекетіне қарағанда көктемгі қауіптің ауылы осы көріністен кейін алыс­тайтын сыңайлы. Бірақ, сәуір айының соңғы күндері суық жел соғып, ол 2-3 күнге созы­лады. Қариялар мұны «тобылғының бүршік жаруы, өсімдіктердің тамыр жаюы»  деп атаған. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген тәмсілді ескерсек, осы ай біткенше жауын-шашын әлі де бола беретін түрі бар. Тіпті, жиі болуы да ықтимал.

Осы амал өткеннен соң жаңбыр жауға­нымен оның есесіне күннің қызуы мол болады. Күндіз 25-27 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай көріністің осыдан 50 жылдай бұрын орын алғанын есінде сақтағандар айтып отыр. «1965-1966 жылдары студент болып жүрге­німізде Алматыда көктем мен жаздағы ауа райы өте құбылмалы болатын. Күн күліп тұрып, артынша жаңбыр құйып-құйып жіберетін. Аялдамаға жеткенше малмандай су болатын­быз. Ол кезде қолшатыр деген де  тапшы еді. Көрнекті композитор Шәмшінің «Бақыт құшағында» әні (сөзі — студенттердің сүйікті ақыны Тұманбай Молдағалиевтікі) сол  кездері дүниеге келді.

«Сезім шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды,

Алматыда жаңа жауып, жаңа ғана ба­сылған»  деп келетін қайырмасы Алматы­ның мінезін айна-қатесіз, дөп басып айта білген», – деп еске алады сол кезгі студент, қазіргі зейнеткер-қаламгер Тұрсынғазы Медетбеков.

24 – 30 сәуір аралығында Алматыда  жоғарыдағыдай көрініс орын алуы ғажап емес, жаңбыр жауады, артынша күн күлімдеп, нұрын шашып шыға келеді. Апта құбылмалы болады.

КЕРЕК ДЕРЕК

  • Жазға салым және көктемде соғатын желдің түрлері:
  • Алтын күрек – қыстың аяғында қарды әкететін жел.
  • Ескек жел – топырақты кептіріп жіберетін, көктемнің басында соғатын жылы жел.
  • Өкпек жел – жазғытұрым солтүстік-шығыстан соғатын жайсыз жел.
  • Самал –  жазғытұрым оңтүстік-шығыстан соғатын жайлы жел.
  • Қума жел – бірде басылып, бірде үйіріп соғатын жел.

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ:

Көктемде:

  • Күн ерте күркіресе, жауын-шашын мол болады.
  • Ай қораланса, бұршақ пен жаңбыр  жауады.
  • Қоқиқаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа, құрғақшылық болады, ескі ұясын жөндеп, биіктетсе, жаңбырлы болады.
  • Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп көп болады.

 

Р.S. Қазір алмадан басқа жеміс ағаштарының бәрі гүлдеп, өрік түйнек сала бастады. Қардың астында қалған бақтың қауіпсіздігін ойластыру керек. Мұндайда кейбір бағбандар бақ ішінде түтіндік салған. Сөйтіп түтіннің жылуымен жеміс ағаштарын сақтап қалатын болған.

Сәрсенбек  БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *