Алматыдағы Ботаникалық бақ қала иелігіне беріледі

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Алматы шаһарында 13 саябақ (оның 3-еуі жекенің қолында) және 96 сквер, сонымен қатар, бас-аяғы 300-ден астам жасыл аймақ (оған Арбат пен Ботаникалық бақ, буль­вар­лар мен аллеялар, тоғайлар кіреді) бар.

2009 – 2017 жылдар аралығында 32 жасыл аймаққа жаңғырту жұ­мыстары жүргізілген. Былтыр Нау­рызбай ауданы әкімдігінің алдын­дағы сквер абаттандырылған, Тұң­ғыш Президент саябағы жаңғыр­тылған. М.Төлебав, К.Байсейітова көшелеріндегі және Есентай жағалауындағы жаяу жүргіншілер жүретін аймақтар да көз тартар­лықтай өзгеріп шыға келген.

 

Алматы үшін тың жаңалықтардың бірі – бұрын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің балансында тұрған Баум тоғайы қаланың коммуналдық меншігіне өтті. Ол – мемлекеттік табиғат ескерткіш­терінің бірі. Аталмыш тоғайдың Алматы қаласының ауасын тазартудағы рөлі мен қала тұрғындарының демалыс орны ретіндегі маңызы зор.

Енді 2018 жылдың соңына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің балан­сында тұрған, аса ірі коллекциялық өсім­діктер қоры болып табылатын, еліміздегі ең ірі Бас ботаникалық бақты да қала иелігіне өткізу мәселесі толықтай шешілетін болады. Бұл туралы қалалық «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ә.Масабаев айтты.

Бақта қазір 2 235 таксон, 255 мың жо­ғары өсімдік, 100 мыңға жуық саңырау­құлақ пен қына түрлері бар көрінеді.

– Бүгінгі таңда инвесторлармен бір­лесіп ботаникалық бақтың суару жүйесін қайта жаңғырту, «Керең құлақ» өзенінен су алуды ескеріп, сондай-ақ, ұңғыма қазу бойынша мәселелер пысықталуда, – деді Әсет Дүйсебекұлы.

Қалада жыл сайын шамамен 30-35 мың жасыл желек отырғызылатын көрінеді. Мамандар ағымдағы жылы да осы меже үдесінен шығуды көздеп отыр. Қаладағы жасыл желектердің электрондық деректер қорын жетілдіру бойынша жұмыстар да бір ізге түскен.

– Бүгінгі таңда «Экологиялық құры­лыс» және «Демалыс» кәсіпорындарын қайта құру жолымен «Эко Алматы» атты жаңа ұйым өмірге келді. Бұл ұйым саябақ, сквер сынды демалыс орындарын және өзге де жасыл аймақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстау, оларды әрі қарай дамыту, жұмысын бақылап отыруды жүзеге асыру жөніндегі бірыңғай оператор қызметін атқармақ. Мәскеу, Берлин, Барселона сынды озық қалалардың саябақтарды күтіп-ұстаудағы, басқарудағы тәжірибе­лерін зерттеп, зерделей келе, оларда саябақтар мен жасыл аймақтар қызметін үйлестіретін муниципалды жеке кәсіп­орындар бар екендігіне көз жеткіздік. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында шаруашылық қызметті жүргізу және заманауи үрдістер мен талаптарды ескере отырып, оны дамытудың стратегиясын әзірлеу үшін, біз саябақ аймақтарын осы ұйымның басқаруына беруді қарастырып жатырмыз, – деді  қалалық Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ә.Масабаев.

Жасыратыны жоқ, бәрі мінсіз деуге болмас, кейбір саябақ, скверлер жұпыны, көз қызықтырмайды. Бұл мәселе де мамандар назарында көрінеді. Алдағы уақытта шаһардағы 16 қоғамдық аймаққа мәдени, спорттық және демалыс іс-шараларын өткізуге лайықталып жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Нақтырақ айтсақ, 3 саябақ осы жылдың аяғына дейін, қалғаны келесі 2019 жылдан бастап қолға алынбақ.

Айтпақшы, шаһардағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы мен Оңтүстік саябағы қайта жаңғыртылып жатыр. Бәрі де қала тұрғындары мен меймандарының игілігі және шырайлы шаһар мәртебесі үшін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *