АЛМАТЫДА ТУҒАН БАЛА ТЕГIН БОЛМАЙДЫ

Нұржамал ТЕГIНБАЙҚЫЗЫ

«Пәле-жала да, ауру-азап та аяқ астынан» деген-ау, сол күнi үйiнен қуана шыққан Райхан қайғылы оқиғаға тап болып, аурухана төсегiне таңылам деп ойлады дейсiз бе?! Базарлап кеткен аналарының орталарына жарымжан болып оралары балаларының да ойы түгiлi, түсiне де кiрiп-шықпаған болар.

Жазым деген пәлекет Райханға жол апатынан жолықты. Екi көлiктiң соқтығысынан болған ауыр жол апаты отыздың төртiншi белесiнен ендi ғана асқан жап-жас келiншектi екi аяғынан айырды. Көлiк жаншып кеткен екi аяқтың ең болмаса бiрiн аман алып қалсақ деген дәрiгерлердiң де арпалысынан еш жәрдем болмады. Үйiндегi шырылдаған қос ботасы, «балаларымның бақыты үшiн ортамызда қалқайып отырсаң да аман болшы» деген аяулы жардың көз жасын көрген Жаратқан ие Райханды аман қалдырды.

Үйiнен екi аяғымен шыққан Райхан шаңырағына екi дөңгелектi мүгедектерге арналған қоларбамен оралды. Амалы қанша?! Тағдырдың пешенесiне жазған бiр сынағы болар деп өзiн-өзi сабырға шақырып, жанының қиналысын төзiммен ноқталап, болған iске болаттай берiк мiнез танытты.

Екi аяғы жоқ болғанмен, денi сау. Бала-шағасының ортасында. Қиналған сәтте қолтығынан демеп, көз жасын құрғатып сүрткен жары қасында. Ұлы ержеттi, қызы бойжеттi. Ертең ұл ұяға, қыз қияға кетсе күйеуi екеуiнiң ортасында дәнекер болар бiр перзент керектiгiне көз жеткiзген Райхан үшiншi перзентiн өмiрге әкелу жөнiнде шешiм қабылдайды. Райхан бұл шешiмiн ең алдымен күйеуiне айтып көрген-дi. Жолдасы балалы болуды шын жүрегiмен қалап тұрса да, «Шүкiр, ұлымыз да, қызымыз да бар ғой, солар аман болсын. Жасың болса ұлғайып кеттi» деп, жұбайының қиналып қалмау жағын көбiрек ойлайтынын айтқан.

Бiрақ, қайсар келiншек айтқанынан қайтпады. Шын тiлесе, Алланың берерi көп екен. Райхан 39 жасында жүктi болды. Мүмкiндiгi шектеулi, бүкiл қимыл-қозғалысы қоларбаға тәуелдi келiншектiң жүктi болуы Райханның өзiнен бұрын дәрiгерлердi қатты састырды.

– Қиналып қаларсыз. Жүктiлiк кезеңiнiң қалай өтетiнi белгiсiз, бәлкiм, ойланып көрерсiз, – деп ақыл-кеңес айтқандар да болды. Әйтсе де, алдымен Жаратқанға, одан кейiн өзiнiң жан түйсiгiне сенген Райхан үшiншi перзентiн өмiрге әкелуге белдi бекем буды. Бiрақ, Қапшағай қаласында тұратын қайсар келiншек жергiлiктi жердегi дәрiгерлермен келiсiм жасап, Алматыда босануына қолұшын берулерiн өтiндi.

Райханның осы өтiнiшiмен Қапшағай қаласындағы әйелдер кеңесi бөлiмi Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына, оның бастығы Роза Қуанышбековаға хабарласып, мәселенiң мән- жайын түсiндiрдi. Басқарма бастығы бiрден шешiм қабылдап, Қапшағай қаласының тұрғыны Райхан Баясiлованың Алматы қаласындағы жаңадан пайдаланылуға берiлген Перинатология және балалар хирургиясы орталығында босануы үшiн жолдама бердi. Мұны естiген Райхан Баясiлованың қуанышында шек болған жоқ. Жанарынан қуаныштан қос тамшы домалап түстi. Көп ұзамай сол қос тамшы сүйiншi хабарға ұласып, 20-тамыз күнi шекесi торсықтай ұл туып, отбасы, туған-туысын үлкен қуанышқа бөледi. Райханды да, өмiрге келген сәбиiн де Алматының дәрiгерлерi аялы алақандарында ұстады. Райханға орталықтағы ана мен бала үшiн жасалған жағдай, медициналық құрал-жабдықтар, дәрiгерлер мен акушерлердiң босанып жатқан аналарға деген ықыласы ұнады. Райхан ұлының есiмiн Бағашар деп қойды.

– Отбасымыздың ғана емес, әулетiмiздiң бағын ашар ұл болсын деп есiмiн Бағашар деп қойдым. Алматыда туған бала тегiн болмас, – дейдi аналық қуаныштан жүзi бал-бұл жанған қайсар келiншек. …

Кейбiр келiншектерiмiз жағдайымыз қиын деп бала тууды шектеп жатқан уақытта Райханның мүгедектiгiне қарамай нәрестелi болуын ерлiкке балап, қазақтың қайсар келiншегiне, «Бәрекелдi, ұлыңның бауыры берiк болсын!» дейiк.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *