АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР

Наурызбай ауданы қаламыздағы жаңадан іргесін қалаған сегізінші аудан. Сегіз деген санның құпиясын жақсы білетін бұл ауданның тұрғындары өздерінің Алматы қаласының сегізінші ауданы аталып отырғандықтарын жақсы ырымға балайды. Жұрттың сол келешектерінің келісті болатындығына деген сенімдерінен болар, шын мәнінде қазіргі уақытта бұл ауданда атқарылып жатқан шаруалар мен тірліктер ауқымды. Жаңа мектеп, балабақша, емдеу мекемелерінің көптеп бой көтеруі, аудан көшелерінің жаңарып, жарықтануы, арықтарынан сылдырап, тау суының ағуы, жасыл желектің жайқалуы, жаңа автобустардың қатынауы, шағын демалыс орындары мен спорт алаңдарының бой көтеруі қала жұрты секілді өкшелерін тықылдатып, асфальтті көшемен жүрулері көңілдеріне қуаныш ұялататындықтарына аудан басшысы Санжар Тоғайдың аудан тұрғындарымен өткізген сегіз кездесуіне қатысу арқылы көз жеткізген едік.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Аудан басшысының соңғы қорытынды жиыны осы аудандағы білімнің ғана емес, рухани іс-шаралардың да қарашаңырағы болып отырған №176 мектеп-гимназиясында болып өтті. «Қалқаман-2,3» ықшамауданы тұрғындарының басын қосқан бұл жиында да тұрғындар ауданның 2018 жылғы әлеу­меттік-экономикалық қорытындыларын мұ­қият тыңдап, жыл бойы атқарылған жұмыс­тарына өзіндік бағаларын берді. Талай жыл жол азабын көрген қалқаман­дықтар да жолдарының жыл өткен сайын жақсарып, тіпті болашақта бұл ықшамаудан тұрғындары метромен қатынайтындықтарын естігенде, кәдімгідей көңілдері көтеріліп қалды. Елбасының бес әлеуметтік бастама­сының да ауданда өз жалғасын тауып, «7-20-25» бағдар­ламасы бойынша жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеріп, ауданның зама­науи бағыттағы ауданға айналатындығы да тұрғындардың ертеңге деген үміттерін нықтай түсті. Жастар жылынан да бұл ауданның арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастары мен жас отбасыларының күтер жақсылығы көп көрінді.

Дейтұрғанмен, тұрғындардың айтар ұсыныс-шағымдары да аз болған жоқ. Мақа­таев пен Молдағұлова көшелерінің тұр­ғын­дары жарықтың жиі өшіп қалатындығын, көшелердің дұрыс жиналмайтындығын, авто­бустардың өте сирек жүретіндігін сынға алды. Ал Кеңесбаев пен Гроза көшелерінің тұрғындары шағын демалыс орындарының, балалар ойнайтын алаңдардың жоқтығын айтса, Нұрпейісов пен Машани көшелерінің тұрғындары арық жүйелерін қалыпқа келті­рілсе деген ұсыныстарын айтса, балалары­ның білім сапасына алаңдайтын ата-аналар №176 мектеп-гимназиясының оқушыларға өте тарлық етіп отырғандығын, 1200 орынды бұл білім шаңырағында қазіргі таңда екі мыңнан астам бала оқып жатқандығын айтып, «Қалқаман» ықшамауданынан тағы бір мектеп салынса деген өтініштерін жет­кізді. Мәулен Балақаев көшесінің тұрғын­дары асфальтті көшемен жүргілері келетін­діктерін әкімге жеткізді. Назарбаев зияткер­лік мектебі орналасқан мектепке барар жолға бағдаршам қажеттілігі де айтылды. Абай саяжайының тұрғындары болса құла­ғалы тұрған электр желілері тартылған баған­дардан құтқаруларын өтінді. Тұрғындар атынан түскен шағымдар мен ұсыныстарға мұ­қият құлақ қойған аудан басшысы биыл­ғы жылы атқарылатын жаңа жұмыс жоспар­ларын тізбектей келе, «Қалқаман» ықшам­ауданы тұрғындарын біраз жаңалық­тардың күтіп тұр­ғандығын айтып қуантты. Биыл аудан бойын­ша 20 аула жөнделетін болса, соның бір­қатары осы ықшамауданға қарасты көрі­не­ді. Ал арық желілері бойынша биылғы жылы Алматы қаласы Табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу басқармасына жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын (жаңа арық желілерінің құрылысын қажет ететін) 31 көшенің тізімі жолданғандығын айтты.

Сонымен қатар, «Қалқаман» ықшамау­данына 1200 орынды мектеп салу жоспар­ланып отырғандығын жеткізді. Ал ауызсу мәселесіне жан-жақты тоқталған Санжар Әділұлы Наурызбай ауданының 50 мың тұрғынының ауызсудан азап көріп отырған­дығын айтып, бұл мәселенің әлі де екі-үш жылсыз шешіле қоймайтындығын жасырма­ды. Тұрғындардың бар үміті бүгінде смета­лық жобасы жасалып жатқан Ақсай, Қарға­лы су қоймаларының құрылысында болып отыр. Тұрғындардың өтініш-тілектерін тың­дап, оларға тиісті жауап қайтарып, кейбір мәселелерді жиын үстінде шешіп берген аудан басшысы төрт жыл ішінде елу жылдан бергі жинақталған күрделі мәселелердің күрмеуін шешу оңай шаруа еместігін, дегенмен Елба­сы­ның көрегенді саясаты мен қала басшы­лығының Наурызбай ауданына деген айрықша қамқорлығының арқасында осы аз ғана уақыт ішінде көп шаруа тындырыл­ғандығын айтып, тұрғындарды сабырлы болуға шақырды.

Аудан ашылғалы бері ауданға қала бюджетінен 66 миллиард қаражат қарасты­рылған. Ал ауданның салық түсімі 18 мил­лиард теңгені ғана құрап отырғандығын айтқан Санжар Тоғай мырза аудан тұрған­дарына алмақтың да салмағы барын айта келіп, наурызбайлықтарды кәсіпкерлікті дамытуға, ауданның экономикалық-әлеу­мет­тік дамуы­на белсенді түрде үлес қосуға шақырды. Ал жиын соңында сөз алған аудандық Ақсақал­дар алқасының төрағасы тұрғындар атынан әкімнің есептік кездесуіне, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне оң бағасын берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *