ҚАЛА ТАРИХЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?

18Берік СӘДУАҚАС

Достық пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы Жамбыл ескерткішінің тұсында «Алматы қаласының тарихы» мұражайы орналасқан. Аракідік қызметімізге байланысты бас сұғатынымыз бар. Мұражай қызметкерлері Жетісу өңірінде археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған жәдігерлермен қатар, мұражайдың өз күшімен жарық көрген том-том кітаптарымен де жете таныстырды.

Сол тарихи кітаптардың бір парасын парақтағанда сонау орта ғасырдан Жетісу жерінде қалыптасқан аласапыран да алашапқын жылдар оқиғаларына қанығып едік. «Толарсақтан саз кешіп, егеулі найза қолға алған» ата-баба ғұмырынан сіздерді де хабардар етуді жөн көріп отырмыз. Бұл тарих, әсіресе, жас буынды қызықтырса керек.

 

Алматы аймағындағы этносаяси жағдайлардың өзгеруі. Қазақ хандығының құрылуы

Оңтүстік Қазақстан, оның негізгі құрамы болып табылатын Алматы аймағы қазақ халқының қалыптасуына және оның мемлекеттілігінің пайда болуы мен нығаюына зор үлес қосқан іргелі аймақтардың санатына жатады. Сондықтан, аймақтың XV ғасыр мен XVІІ ғасырдың соңындағы тарихын зерттеу Қазақстанның этникалық, саяси, шаруашылық-мәдени дамуының үрдістерін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.

Алматы аймағында XV ғасырдың ортасына таман болған үлкен оқиға орта ғасырдағы бүкіл Қазақстанның тарихи даму барысына түбегейлі өзгерістер әкелді. Бұл – осы аумаққа Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Сырдария өңірі мен Қаратаудың көшпелі тайпаларының қоныс аударып, дербес мемлекет – Қазақ хандығының құрылу оқиғасы еді. Қазақ хандығының пайда болуы моңғол шапқыншылығынан кейінгі Қазақстан аумағында ағындаған бүкіл этносаяси және әлеуметтік-экономикалық процестердің кешенді қорытындысы болып табылады.

Ең бастысы, XV ғасырға дейін барлық рулық, тайпалық топтар арасындағы ортақ тілімен, ұқсас антропологиялық белгілерімен, бірыңғай шаруашылық-мәдени өмір салтымен біртұтас қазақ этносының қалыптасу процестері аяқталған болатын. Бұл біртұтас этникалық ұжым осы кезеңге дейін Ақ Орда, кейін Әбілхайыр хандығы (Қазақстанның орталық, солтүстік өңірлері мен оңтүстігінің бір бөлігі), Ноғай Ордасы (Батыс Қазақстан), сондай-ақ Моғолстан (Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Жетісуда) сияқты түрлі мемлекеттік бірлестіктердің құрамында болып келді. Қазақ этносының бір мемлекеттің шеңберінде бірігуі оларды уақыт талабына сай бүкіл ортағасырлық Қазақстанның даму тарихының қозғаушы күшіне айналдырды.

Ақ Орда ыдырағаннан кейін де оны билеуші әулет Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпақтары Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерде, Қаратау мен Сыр өңіріндегі билігін сақтап қалды. Олар Шығыс Дешті Қыпшақты мекендеген ру, тайпалардың едәуір бөлігін (қыпшақтар, жалайырлар, наймандар, арғындар, қаңлылар, қоңыраттар, үйсіндер, т.б.) билеп келді. Бұл ру, тайпалар Ақ Ордада ерекше этникалық ұжым қалыптастырып, кейін «қазақ» деген атауға ие болды.

Осы кезеңде Ақ Орданың негізгі аумағында зерттеу әдебиеттерінде Әбілхайыр хандығы, немесе «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атанған мемлекеттік бірлестік құрылды. XV ғасырдың соңындағы тарихи дереккөздерінде Ақ Орданың қол астындағы халықтар «өзбектер» деп аталып, ал Шығыс Дешті Қыпшақ – «Өзбек ұлысы» деген қосымша атаумен де танымал болды. Әбілхайыр хандығының Ақ Ордадан өзгешелігі – билеуші әулеттің әлеуметтік тегі Жошы ханның бесінші ұрпағы Шайбаниден тарады.

XV ғасырдың ортасына қарай Әбілхайыр мен Орда Ежен мұрагерлері арасындағы билік жүргізу құқығы жолындағы болған тартыстар ушыға түсті. Осының салдарынан Орда Ежен ұрпақтары – Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне бағынышты тайпаларды бастап, оларға туыстық жағынан жақын этникалық топтар мекендеген Моғолстан мемлекеті мен Жетісу аумағына қоныс аударды. Осы кезеңде Моғолстан билігінің әлсіздігі, мемлекеттің ыдырай бастауының алғышарттары байқала бастады. Оның билеушілеріне Жетісу, Тянь-Шань, Шығыс Түркістан кеңістігіндегі кең-байтақ аумақты ұстап тұруға түрлі қиыншылықтар кедергі болды. Жошы Ұлысынан қоныс аударған Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарсы тұруға мүмкіндігі болмаған Моғолстан билеушісі Есен Бұға хан оларды «игі ниетте» қабылдамауға амалы қалмады. Сондай-ақ, Керей мен Жәнібек сұлтандарды ішкі және сыртқы жауларына пайдаланғысы келген өз есебі де бар еді. Сондықтан Есен Бұға хан-сұлтандарға Жетісудың батыс бөлігіне жататын Шу өзенінің маңындағы жерлерді ұсынды.

Керей мен Жәнібек сұлтандар, оларға Шығыс Дешті Қыпшақтан еріп келген тайпалар бұл жерлерден «ырыс, береке тапты» және шын мәнінде Батыс Жетісу­дың қо­жасына айналды. Ежелгі мекен­деріне үдере көшкен олар ең алдымен «өзбек-қазақ» деген қосарланған этносаяси терминмен аталса, бара-бара «қазақ» деген этноним қалыптасып қалды.

Керей мен Жәнібектің қоныс аударғанына көп уақыт өтпестен оларға бағынышты халықтың (қазақтардың) саны қарқынды түрде өсе бастады. Сол кезеңге дейін Моғолстанда, бүкіл аймақта қалыптасқан саяси жағдайдағы тұрақсыздық 1462 жылы Есен Бұға хан дүние салғаннан соң, тіпті шиеленісіп кетті. Шағатай әулеті билігінің осылайша әлсіреуі Жетісудағы жергілікті тайпалардың едәуір бөлігінің Керей мен Жәнібек сұлтандар жағына шығуына қолайлы алғышарттар жасады. Мұнан өзге, олардың қол астына Шығыс Дешті Қыпшақтағы шайбанидтер билігінен қашқан рулық-тайпалық топтар өтті. XV ғасырдың 60-жылдарының өзінде Керей мен Жәнібек билігіндегі қазақ халқының бірігуі аяқталды.

Моғолстанның батыс бөлігінде өздерінің саяси позициясын нығайтқан соң, Керей мен Жәнібек сұлтандар Орда Ежен әулеттерінің мемлекеттілігін қалпына келтіруге күш салды. Осының нәтижесінде 1465/66 жылдары Шығыс Дешті Қыпшақтан қоныс аударған және Жетісудың жергілікті тайпалары одағының негізінде жаңа мемлекеттік құрылым дүниеге келді, кейінгі тарихи әдебиеттерде бұл бірлестік «Қазақ хандығы» деп аталды. Алайда, көршілес мемлекеттер – Моғолстан немесе Әбілхайыр хандығына сәйкестендіріп, шартты түрде ғана «жаңа» деп атауға болатын сияқты. Шындығында, Қазақ хандығы этносаяси жағынан да, әлеуметтік-мәдени тұрғыдан да Ақ Орданың табиғи мұрагері болып саналды.

Қазақ хандығы Жетісудың батыс бөлігіндегі Шу өзені ауданында, Алматыдан көп қашық емес, деректемелерде Қозыбасы деп көрсетілген жерде пайда болды. XІX ғасырдағы қазақтың көрнекті ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың жазбаларына қарағанда, Қозыбасы қазіргі Алматы қаласынан екі күндік жол жүретін жерде орналасқан. Сондықтан, мемлекет құрылған алғашқы жылдардан бастап Алматы аймағы қазақ хандарының ықпалы мен назарында болды.

Зерттеушілердің деректеріне қарағанда, Қазақ хандығы құрылған жер Мұхаммед Хайдар еңбектерінде нақтылы көрсетілген, алайда, ұзақ уақыттардан бері Қозыбасы тұрған жер белгісіз болып келді.

Осы ретте, белгілі археологтар К.А.Ақышев пен М.К.Хабдуллинаның археологиялық-топографиялық зерттеулерінің кейбір қорытындыларын атап өткен орынды. Олар «ортағасырлық «Қозыбасы» топонимы Тарғап ауылының оңтүстігінде орналасқан тау атауына байланысты сақталған» деген тұжырымға тоқталады. Кішігірім Қозыбасы Бес батыр және Дегерес сияқты тағы екі таумен қосылып тау тізбектерін құрап, шығыстан батысқа қарай 45-50 шақырымға дейін созылып жатыр. Тізбектің оңтүстік беткейінде Жеті жол тауымен қосылып, біріге отырып, Іле Алатауының солтүстік баурайында көптеген бұлақтар мен шағын өзендер тауаралық алқапты құрайды. Бұл алқап Қозыбасы аймағының оңтүстік шегі болып табылады. Оның солтүстігінде Қопа және Қарасай алқаптарымен Шу-Іле таулары шектессе, солтүстік-батысында Аңырақай мен Хан тау шендеседі. К.А.Ақышевтың анықтауынша, бұл аумақ түгелімен батыс жағынан Шу өзенінің төменгі және ортаңғы ағысын кірістіре отырып, жалпы ұзындығы 1000-1200 шақырымға созылады да, Мұхаммед Хайдар көрсеткен Шу-Қозыбасы аймағын жасайды.

Қазақ хандығының құрылуы Қазақстанның бүкіл этносаяси тарихына шұғыл өзгерістер әкелген оқиға болды. Қазақ мемлекеттілігі кейінгі жүзжылдықтарда қазақ халқының біріге нығаюын, этникалық аумағының айқындалуын, рухани және материалдық-мәдени тұрғыда өркендеуін қамтамасыз етті.

Археологтар мен этнологтардың кейінгі жылдардағы нақтыланған мәліметтерінде қазақ мемлекетінің бастапқы ауқымы ілгеріде шамаланған мөлшерден үш-төрт есе көлемді болғандығы анықталған. Кейбір зерттеушілер Қазақ хандығының шекарасын былайша анықтайды: «Батыста шекара Шу өзенінің аңғарымен, солтүстік-шығыста Қаратау жоталарының баурайы арқылы өтеді. Шығыста Іле Алатауының Бес батыр, Дегерес, Қозыбасы сияқты сілемдері мен солтүстік-батыс тізбектерін қамтиды». Олардың пайымдарына қарағанда, «археологиялық ізденістердің барысында бұл жерлер ашылған және ХV-ХVІ ғасырлардағы шаруашылыққа, материалдық мәдениетке қатысты ондаған ескерткіштер іріктеліп, зерттелді. Ең алдымен, олардың қатарында қарастырылғандар: тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарының көп мөлшердегі үйінділері, көбінде олар кішігірім өзендердің жағалауларында, көздері жабылмайтын бұлақтар мен жасанды тоғандардың маңайында орналасқан елді-мекендерде (кезіндегі) топтасқан».

Демек, алғашқы уақытта қазақ мемлекетінің құрамына, негізінен, қазіргі жерлері енген. Олай болса, шын мәнінде, Қазақ хандығының құрылуымен Моғолстан мемлекетінің ыдырауының тұспа-тұс келуі қайтымсыз процесс болып қалатыны анық.

Қазақ хандығының жоғарғы билеушісі болып Керей хан жарияланды. Ол аз ғана уақыттың ішінде өзінің қармағына Шығыс Дешті Қыпшақ пен Моғолстаннан шыққан едәуір мөлшердегі тайпаларды жинап алуға қол жеткізді. 1469/70 жылдарға таман оған бағыныштылардың саны 200 мың адамға жетті.

Керей хан биліктегі бірер жылын өз мемлекетін нығайтуға және Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен ұрпақтарының билігін қайта қалпына келтіру үшін Әбілхайыр ханмен күреске дайындық шараларын жүргізумен өткізді.

Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюына қатты мазасызданған Әбілхайыр хан 1469/70 жылдары оған қарсы әскери жорыққа шығуға қамданды. Оның әскерлері Қаратау, Талас, Шу (Ала тақа, Йайлақ, Қызыл Надыр, Йеті құдық) алқаптары арқылы солтүстік-батысқа, Жетісу жеріне бағыт алды. Алайда, Ақ қишлақ деген жерде науқастанып қалған Әбілқайыр хан сарай емшілерінің қанша тырысып дауалауына қарамастан, қайтыс болды. О.Қараевтың пікірінше, Ақ қишлақ мекені Алматы қаласының маңында орналасқан. Шайбани ұрпақтары иелігінің үлен бөлігін билеуші Әбілхайыр ханның өлімі Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси жағдайға елеулі әсерін тигізді. Далалық аудандардан қазақ билеушілерінің қол астына қоныс аударушы рулық-тайпалық топтардың саны Әбілхайыр тұсында да бір толастамаған болса, ол дүние салғаннан кейін жаппай үдере көшу белең алды.

 

Бүкіл Жетісудың өркендеуіне зор ықпалын тигізді

Әбілхайырдың өлімінен кейін Қазақ хандығының билігіндегілер мемлекеттің аумағын одан әрі батысқа, бұрынғы Ақ Орда жеріне қарай кеңейту мақсатында белсенді іс-қимылдарға барды, бұған сол кездегі көзқарастармен қарағанда, олардың заңды құқығы бар еді. Бұл – қазақ халқының тұтастануы үшін жүріп жатқан күрес еді, сондықтан оның ең басты мақсаты – Ақ Орда мұрагерлерінің билігін қалпына келтіріп, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ халқын Жошы ұрпақтарына бағынышты ету болды.

Осы кезде Керей хан Ақ Орданың бұрынғы жерлері үшін Шайбани әулетімен күресіп жатты. Жер үшін болған тартыстың шешуші кезеңі Сырдария өңірінде (Түркістанда) өтті, өйткені, ол тұтастай біраз уақыт кілт есебінде саналды. Осы тұстағы Қазақ хандығының сыртқы саясатына қатысты көзқарастар өзгеріп отырғандықтан, сол жылдары қазақ билеушілерінің Жетісу мен Алматы аймағындағы қызметі туралы дереккөздері өте аз мәліметтер беріп келді. Ал Керей хан Жетісудың шығыс бөлігінде орнықты бағыт ұстанды деп толық сеніммен айтуға болады. Ол Шайбани әулетімен күресте дәл осы аймақтың экономикасы мен адам күшіне арқа сүйеді.

Бұл кездері Алматы аймағының солтүстік-шығыс жағында әлі де болса моғол хандарының билігі сақталып келді. Осы жерлерде көшіп-қонып жүрген көшпелі тайпалар Шағатай әулетінің өкілдеріне беріле қызмет атқарып, әрдайым қолдап отырды. XV ғасырдың 70 жылдарында аймақ батыстағы моңғол -ойраттармен (мұсылмандардың дереккөздерінде – қалмақтар, қытай деректерінде – элюттер, элеттер, олоттар) қиян-кескі шайқастарға түскен моғол билеушісі Жүніс ханға (Есен Бұғаның ағасы бағынышты болды. Ойраттармен өткен соғыстар барлық уақытта моғолдардың пайдасына шешіле бермеді. Деректемелерден белгілі болғандай, Жүніс хан 1472 жылы Іле бойында ойраттардан қатты жеңіліске ұшырады. Алайда, ойраттар жеңіске жеткенмен де бұл аумақты ұстап қала алмады. Жүністен кейін аймақты оның ұлы, белгілі моғол ханы Сұлтан Ахмед (Алаша хан) биледі.

Әбілқайырдың мұрагері ретінде көшпелі өзбектер мемлекетінің тағына оның ұлы Шайх Хайдар хан отырды, бірақ, оны тіпті әкесінің төңірегіндегі жақындарының өзі қолдамады. Шайх Хайдар хан өзінің толып жатқан жауларымен қарсыласып, біраз уақыт мемлекетті сақтауға тырысты, алайда, көп ұзамай-ақ бақталастықтың салдарынан тағы бір Шайбани ұрпағы Ибақ ханның (Айбақ ханның) қолынан қаза тапты. Осыдан кейін Әбілхайыр хандығы толығымен жойылды. Әлі де болса Шығыс Дешті Қыпшақта Әбілхайыр ұрпақтарының билігін сақтап қалу үшін болып жатқан күресті оның немересі Мұхаммед Шайбани басқарды.

Қазақ хандығын Керей хан билеген жылдар оның Шайбани ұрпақтары арасындағы кескілескен шайқастарымен өтті. Бұл күрес Керей мен Жәнібектің мұрагерлері – Бұрындық және Қасым хандардың тұстарында да ойдағыдай жалғасын тапты. Мұхаммед Шайбани хан басқарған Шайбани ұрпақтары әр кездері Қазақ хандығының билеушілеріне табанды қарсылықтар көрсетіп отырды.

Керей ханның ұлы Бұрындық билікке келісімен (1473-1474 жж.) Шайбани ұрпақтарымен күресте айтарлықтай жетістіктерге жетті. XV ғасырдың аяғына таман әскери-саяси әрекеттердің барысында Шығыс Дешті Қыпшақтың едәуір аумағы және Түркістанның солтүстік бөлігі Созақ, Сығанақ, Сауран, Отырар сияқты қалалармен бірге қазақтардың қолына өтті. Осы жерлердің Қазақ хандығының құрамына енуі, оның саяси және экономикалық жағдайына оңтайлы әсерін тигізді. Қазақ хандары аталған қалаларды тиянақ ете отырып, мемлекеттің шекарасын одан әрі Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына қарай ұлғайта түсті.

Мұхаммед Шайбани Түркістанның оңтүстік бөлігін өз иелігінде ұстады. Ол XV- XVІ ғасырлардың түйіскен тұсында Мәуреннахрды жаулап алып, сонда жаңа өзбек бірлестігін – шайбаниліктер мемлекетін құрды. Осы оқиғаның нәтижесінде Әбілхайыр ұрпақтары Шығыс Дешті Қыпшақты біржолата тастауға мәжбүр болды. Олармен бірге өздеріне бағынышты тайпалар да қоныс аударады. XVІ ғасырдың алғашқы онжылдығының соңына таман Мұхаммед Шайбани ханмен қазақ даласынан кеткен босқындардың саны 240-360 мыңға жетті.

Алматының солтүстік-шығыс және шығыс аймағында Сұлтан Ахмед ханның ұлдары Сұлтан Саид пен Сұлтан Халил өздерінің үстемдігін сақтап қалды. Қырғыз тайпаларының бір тобы Сұлтан Халилді хан тағына отырғызып, өз ұлыстарын дербес мемлекет етіп жариялағылары келді. Бұл әрекетке Шығыс Түркістанның ауқымды бір бөлігін иеленген Сұлтан Ахмедтің үлкен ұлы Мансұр хан наразылық танытып, қарсы іс-қимылдарға көшті. Шамамен 1508-09 жылдары Шарын мен Шілік өзендерінің аралығында Мансұр хан сұлтандардың әскерімен шайқасқа  шығып, нәтижесінде моғол билеушілері жеңіліске ұшырады. Көп ұзамай Сұлтан Халил қаза тауып, ал Сұлтан Саид қашып құтылуға мәжбүр болады. Аталған шайқастардан кейін Шағатай ұрпақтары Алматы аймағындағы биліктен мүлде ажырап тынды. Мұндай мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білген қазақ билеушілері Алматының солтүстік-шығыс бөлігін хандыққа қосып, жергілікті тайпаларды қазақ халқының құрамына енгізді.

Көп кешікпей Қазақ хандығының оңтүстік-шығысында болған оқиға Алматы аймағы мен бүкіл Жетісудың өркендеуіне зор ықпалын тигізді. Бірнеше жылдар жат жұртта қуғында жүрген Сұлтан Саид хан Захир ад-Дин Бабырмен бірге Моғолстанға қайта оралды. Ол туған жеріндегі кейбір моғол тайпаларының беделді билеушілерінің көмегіне сүйенді, әсіресе, дулат тайпасы көсемдеріне иек сүйей отырып, аздаған уақыт Алматы аймағымен қоса, ілгеріде Моғолстанның аумағында болған біршама жерлерге билік жүргізді.

P.S. Талыстың терісіндей тарихымызды ханталапай көкпарға түсіргендер көбейді қазір. Нақты деректі құжаттарға сүйеніп сілтеме жасайтындар некен-саяқ. Ол да аумалы-төкпелі заманның ауаны шығар, бәлкім. Алайда, әуелден ғылыми тұрғыда дәлелденген, археологиялық қазбалар мен архивтерде шаң басып жатқан жәдігер құжаттармен сөйлейтін ғалымдардың жазбаларына иек артқан дұрыс сияқты. Ал ондай құнды кітаптар қалалық мұражайда жетерлік. Біз қала тарихы мұражайының директоры Айбек Сыдықовқа материалды дайындау барысында қолдау білдіргеніне алғыс айтамыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *