«Қайыржан Бекхожин» — тұңғыш деканның мерейтойына тарту

Роза ӘРЕН

Бейсенбіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұлттық журналистиканың негізін салушы Қайыржан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Ғалым-ұстаздың ғылыми еңбектері мен шәкірттерінің естеліктері топтастырылған кітап аталған оқу орны басшылығының ұйытқы болуымен өмірге келген «Өнегелі өмір» сериясының аясында жарық көрді.

Қайыржан Нұрғожаұлының шәкірттерінің бірі, профессор Әбілфайыз Ыдырысов: « Бәріміз де Қайрекеңнің шекпенінен шықтық. Қайрекең бетегеден биік, жусаннан аласа жан еді. Адам баласына жамандық ойлаған жан емес. Ұстазымның жанынан бір елі қалған емеспін. Кей кезде орнына дәрісті мен оқитынмын. Қайрекең менен жақсы мұғалім жасап шығарды, профессор етті. Мінеки, 54 жылдан бері студенттерге сабақ беріп келемін. Мені адам еткені үшін ұстазыма мәңгілік қарыздармын»,- деп тебіренді.  Ал, тұңғыш деканның тағы бір шәкірті Ұлықбек Есдәулет ұстазының Санкт-Петербург қаласының атын әдейі Саңқыт-Петербург деп атайтынын еске алды.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне келген  «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам, «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңабек Шағатайлар да  ұстаз жайындағы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Кеш соңында Қайыржан Бекхожиннің інісі Қалижанның жұбайы Ләйлә апай осындай естелік кітаптар шығарып, жақсы бастаманы қолға алғаны үшін ҚазҰУ басшылығына алғысын білдірді.

«Атамыз Нұрғожа Троицкіде білім алған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Қайыржан мен Қалижанның алдында ол кісінің бірнеше баласы шетінеген екен. Сөйтіп жүргенде Нұрғожа атам түс көріпті. Түсінде екі босағада екі жұлдыз жанып тұр екен. Атам өзінің екі балалы болатынын және олардың келешекте кемел тұлғаға айналатынын сол кезде-ақ жорып білген. Қайыржан 6 жасқа, Қалижан 3 жасқа толғанда «Балаларымды оқытып, сауатын ашамын» деп Керекуге көшіп келуінен-ақ ол кісінің тегін адам болмағандығын байқаймыз. Тектілік дарыған отбасының, Қайыржандай ағаның келіні, Қалижандай азаматтың жары болғандығыммен мақтанамын» деді Ләйлә апай.

«Өнегелі өмір» сериясы жас буынға үлгі боларлық игі істерімен тарихта қалған ҚазҰУ- дің әр жылдағы түлектерінің есімін қайта жаңғыртатын болады.

«Қайыржан Бекхожин» кітабының редакторы, университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы: «Қазақ журналистикасының негізін қалаған азаматтардың ғибратты өмір жолын студенттерімізге насихаттау – біздің парызымыз. Қайыржан ағамыздың еңбек жолын, ұстаздық ұлағатын журналистика факультетінің білімгерлері өздеріне үлгі тұтулары тиіс. «Өнегелі өмір» сериясы әлі де жалғасын табады. Алда белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар Өмірбек Жолдасбековтің 80 жылдығы, Тауман Амандосовтың 90 жылдығы келе жатыр. Университет басшылығы мақұлдаған «Өнегелі өмір» сериясының ендігі кейіпкерлері осы ұстаздарымыз болмақ. Таяу арада студенттер арасында Марат Барманқұлов ағамыздың атындағы «Барманқұлов оқуларын» өткіземіз. Бұл жұмыстардың барлығы тағдыры тағылымды тұлғаларымыздың есімін студенттер арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылады» деді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *