Қайтыс болған қай Қоқым?

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

 

– Жаманат хабарды естідің бе? – деді дүкенге барып келген Халима көшеде кездескен Шораяққа. – Бүгін таң алдында Қоқым байғұс қайтыс болыпты.

– Қой әрі, – деді Шораяқ сеніңкіремей. – Қоқымның әзір өле қоятын жағдайы жоқ еді. Өткен жұмада ғана «тоқал алуға рұқсат бермедің» деп, қатыны Қатипаны сабап жатқанын өз көзіммен көріп, ажыратқанмын. «Тоқал алам» деп шұнаңдап жүрген адам, ақай жоқ, ноқай жоқ, қалай өле салады? Сенің таскерең құлағың күңгірлеп жүріп, қағыс естіген шығарсың.

– Ондайды құлағым анық естиді, – деді Халима. – Тұтқабайдың кержағал қатыны соқырішегін алдырып, ауруханада жатқан жоқ па? Дүкенде істейтін қызына сол збанит қылыпты. «Шалдарға хабарла, Қоқымның қатынына, баласына естіртсін» депті. «Денесін түске таман әкеліп қалатын шығар» депті. Нанбасаң, анау Маңқадан сұра, ол да өз құлағымен естіген.

– Иманды болғыр, төбет, – деді Халима күбірлеп. – Дүниені бүлдіріп- бүлдіріп, жеткен жерің осы болған екен.

– Қу керең, өлген адамның артынан жаман сөз айтпас болар, – деді Шораяқ. – Пайғамбар жасына жеткізбей, жұбыңды жалмаған осы жаман пейілің ғой сенің. Өзіңмен кет, пәлекет!

– Елдің маңқасы мұрнынан ақса, сенің маңқаң қыли көзіңнен ағады. Соны да ауыстырып қойған мен шығармын. Байымды ұрып өлтірді деп пе едің? Сиырдың жапасындай жасың неме тұмауға да шыдамай, өліп кеткен жоқ па? «Қош» деп айтуға да жарамады. Маған не қыл дейсің?

«Қоқым қайтыс болыпты» деген суық хабар ауылды тез арада құйындай ұйытқып шарлап шықты.

«Байғұс-ай, ауруханаға кеше ғана өз аяғымен кеткен еді, енді мынау. Бүгінде адам өлімі шыбын өлгеннен де оңай болды ғой» десті жұрт.

Дәстүр бойынша ауыл ақсақалдары жиналып келіп, Қоқымның ауласына кірді. Дәлізде Қатипа ботаға жабу тігіп отыр екен. Шалдардың мына жүрісінен секем алып, етегін жинап, жуалдызын киізге шаншиды. Мұндайда бөгелуге болмайды. Ауылдың ең үлкені Шотбас малдасын құрып, отыра бере сөз бастады:

Аққу ұшып көлге кетті,

Қыран ұшып шөлге кетті.

Кеше ғана ортамызда жүрген Қоқым,

Ата-бабасы барған жерге кетті, – деді де кәрі денесі селкілдеп, еңкілдеп жылап қоя берді. Арасында: – Құдай қылған ісіне қарсы келер пенде жоқ, бекем бол, қарағым, – деп қояды.

Отырғандар жапатармағай шуласып, көңілін білдіріп, басу айтып жатыр. Жалғыз Халима кемпір ғана «сауап» деп жаңа ғана жесір атанған Қатипаны табалап отыр. Халиманың Қоқым сорлыны өлімге де қиятын өкпесі, наласы бар еді. Жас кездерінде Халима мен Қоқым әуейі болып, біраз жерге барысып қалған. Енді, енді… деп дәмеленіп жүргенде осы «иманды болғыр төбет» мұны тастап, Қатипаны алып қашқан. Бұл намыстанып, ызасын, кегін ішіне бүгіп қалған. Міне, бүгін сол кегі қайтқандай болып отыр.

Дәстүр бойынша жүрелеп отырған Қатипа шашын жайып жіберіп, жоқтау зарын созды. Дұрыстап айта алмаса, ол – жесір әйелге сын. Ертең дұшпанға таба, досқа күлкі болмау үшін бар өнерді салып, елдің сай-сүйегін сырқырататын шумақтар табу керек. Қатипа ақын емес, өзінше жоқтау сөздерін түйдектейді:

Қасіреттің ауыр жүгін көтердім,

Басқа салса тағдырға не етермін.

Мойныма бұршақ салып қосағым,

Бұл жалғаннан сені жоқтап өтермін.

Бұл пәниде мұратыңа жетер кім?

Арысым-ай, жоқтап, жылап кетермін.

Алаңдамай бақилыққа кете бер,

Мен де артыңнан асықпай

бір жетермін.

– Қайтсін-ай, – деді отырғандар. – Тірісінде адамның қадірін кім білген? Өлген соң ардақтаймыз да.

Әсіресе, кемпірі осыдан он жыл бұрын қайтқан қайғылы Шотбас:

– Кемпірінен бұрын өліп, осындай жоқтау айтқызған Қоқым бақытты ғой, – деді кемсеңдеп. Сырттағы бір қауым ел де солқылдап жыласып тұрған. Кенет олардың даусы қатты шығып, бір жақынның келгенін айғақтады.

– Арысымнан айырылдық, арманда кеткен көкем-ай, – деген дауыстар естілді. Артынша жан даусы шыға бақыра жылап, Қоқымның ұлы кіріп келді.

– Көкетай, бізді кімге тастап кеттің? – деп шегі үзілердей ішін тартып, өксіп-өксіп жылайды. Оған қарсы отырып, Қатипа аттың басын қоя берді.

Мына шалдар сөз бастады мәтелмен,

Сықайы бар жаман хабар әкелген.

Қу жалғыз-ау, қайда жүрсің қаңғырып,

Ойда-жоқта айырылдық қой әкеңнен.

Үй-іші улыған-шулыған болып жылап жатқанда сырттағылар жылауын кілт қойды. Олар өз көздеріне өздері сенбей, сендей соғылысып, сасып-абдырап тұр. Көргендері адам өлгеннен де қорқынышты еді. Олар өздері жоқтап тұрған Қоқымды көрді. Кәдімгі тірі Қоқым топты адамдарға қарай адымдай басып келеді. Бір сұмдықтың болғанын болжағандай.

– Не боп қалды? Неге жиналып тұрсыңдар? Ә-ә, кемпірім бе, ұлым ба… – деді жылаған адамдардың түсінен шошып. – Ау-ау, кімді жоқтап тұрсыңдар?

Тұрғандар тілі байланып, тұрып қалған. «Сізді жоқтап тұрмыз» деп ешкім айта алмады. Әзер дегенде көптің ішінен батылдау біреу табылып:

– Бағана сізді қайтып кетті. Жоқ, қайтыс болды деп естіп… Содан жиналып…

Жағдайға енді түсінген Қоқым алақанымен санын салып қалып, қарқылдай күлді. Алдынан шыққан мына оқиғаны жақсы ырымға жорыды. Өлді деген адам тірі шықса, ол ұзақ жасамақ.

– Огоо-ого, ол өлген мен емес қой. Ол – Ынтымақ ауылының жүзге келген мен аттас шалы… Ауруханада бірге жатқанбыз. Бүгін таңертең…

Осыны салдырлай айтып, үйге өзі де кірді.

– Ассалаумағалейкүм, – деді жағалай отырған шалдарға. Бір адамда үн жоқ. Шалдар жағы тірі адамға жоқтау айтқызғандарына ұялып жерге кірердей болып отыр. Алдымен анықтап, тексеріп алмай, Тұтқабайдың кержағал қатынының сөзіне сеніп… Қап, қап…

Оларды бұл ыңғайсыз жағдайдан Қатипаның өзі алып шықты. Ол даусын қайта созды:

– Жастық шақта ешбір

қызық көрмедім,

Орта жаста рақат өмір сүрмедім.

Қартайғанда қамшы үйіріп басыма,

Тоқал алам, қартайдың сен сұм дедің.

Ел қатарлы ойын-тойда күлмедім,

Үйден шықпа, төмен етек күң дедің.

Сен өлді деп шын қуанып отыр ем,

Кәрі қақпас, әлі тірі жүр ме едің? – деп тоқтағанда жаңа ғана арысын жоқ­тап, жылап отырған жұрт енді қарқыл­даған, шиқылдаған қыран-топан күлкіге басты. Тек Халима кемпір ғана риза емес. Ол Қоқымның баяғы опасызды­ғын кешірмеген еді.

– Мұндай опасыз ант атқанды, уәдесінде тұрақ жоқ суайтты Құдай неғылсын? – деп күбірлеп шығып бара жатты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close