Айтақын БҰЛҒАҚОВ, айтыскер: Бұрынғы әкенің ісін жалғайтын бала қазір некен-саяқ

227Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

«ӘКЕ»

Әкем біреу, анам да біреу менің,

Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.

Олар барда мереке, көрген емен –

қабақтарын шытқанын, түнергенін.

Менің досым әкесін жек көреді,

«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,

Жамандайды сыртынан, тістенеді,

Бір-біріне бітпейді өкпелері.

Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,

Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,

Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,

Жақсы әкесін бере ме басқа бала.

Әке – білек, саусағы – балалары,

Қан тамырмен жалғасқан аралары,

Ана – тамыр, бойымен бәріне де,

Тіршіліктің жылуы таралады.

 – Әр баланы әр ата-ана өзінше тәрбиелейді ғой. Отбасындағы тәрбие өсе келе бала санасына сіңеді. Ол кейін ортаға түседі, оның ортасы қандай, міне, соны бақылап отыру керек. Қазір біз бала­ларымызды Батыстың менталитетімен тәрбиелейтін болдық. Қазақта ертеден келе жатқан дәстүр бар. Қыз бала анасына  қарап өседі, ұл бала әкесіне қарап өседі. «Әке көрген оқ жонар» дейді, тәлім-тәрбиенің басты құралы осында жатыр. Біз қазір осы әдет-ғұрыптан адасып қалдық. Бұрынғы әкенің ісін жалғайтын  бала қазір некен-саяқ. Бұл, бір жағынан айтқанда, кешегі әженің әлдиінен, бесіктің тәрбиесінен ажырап қалғандығымыздың кесірі шығар. Жалпы, баланы тәрбиелеген уақытта, жас шыбық қалай исең солай өсетіні сияқты, олардың біздің болмы­сымыздан нәр алатынын ұмытпаған жөн. Мен енді көсемсімей-ақ қояйын. Менің құдай берген екі балам бар. Кішкентай кездерінде олардың өнерге қабілеттерін тексеріп көрмек болып, домбыра ұсынып көрдім. Арман – үлкен ұлым, онша қызығушылық таныта қоймады. Ал кіші ұлым Жандарбек сол мезеттен бастап домбырадан бір сәтке де ажырамайтын болды. Екеуіне де мен қатар тәлім-тәрбие бердім. Және соның жемісін қазір көріп отырмын. Баламның зеректігін байқаған соң, өзім өнерге жақын жүргеннен кейін өнер саласына қарай тарттым. Өйткені, Жандарбек әуел бастан поэзияға жақын болды, жастайынан менің қасымда жүрді. Айтысқа алып келуімнің себебі де осы. Ұлдарым әдебиетке жақын, сөйлегенде  мақал-мәтелдеп, сөзді тұз­дығымен араластырып сөйлейді. Мәселен, олардың айналасындағы достары кімдер, қандай ортада, кімдермен араласып жүр, бәрінен хабардар болып, қадағалап отырамын. Менің үлкен балам 26-ға келсе де, түнгі 11-ден кешіге бастаса, телефон шаламын. «Мен мұндай ортадамын, уайымда­маңыз, пәлен уақытта барамын» десе де, келгенше анасы екеуміз түн ұйқымызды төрт бөліп, күтіп отырамыз. Неге? Өйткені бүгінгі қоғамның өзі дүрбелеңге ауып кетті. Бүгінде түрлі түнгі клубтар мен ойын-сауықтар көбейіп барады. Мен түнгі клубқа балаларымды жібермеймін және оған түбегейлі қарсымын. Отырса, құрдастарымен отырады, бірақ, кешікпей қайтып келеді. Тәрбиенің бір тұсы осында жатыр. Кейде Жан­дарбек: «әке, сіз мынандай жерде дұрыс жасамадыңыз» деп өзіме ақыл айтқанда, үлкен басыммен, тіпті, ұялып қалатын кездерім болады. Демек, баланың ортаға қарай сай өсуіне, заманына сай тәлім-тәрбие алуына басты құрал осы деп ойлаймын.  Осы тұста баланың ата-тегіне тартып тұратын гендік қасиеттер бойынша да өсіп-жетілуін, жеткіншектің неге икемі барын дер кезінде аңғара білуіміз керек екенін де есте ұстаған жөн.

ТҮЙІН:

Міне, бүгінгі ой-толғамымызда отбасындағы әке мен ұл бала­ның арасындағы қаты­насты осылайша топшыладық. Біз ешкімнің өміріне араласуға құқымыз жоқ. Мақсатымыз – ұлымыздың ұлықты, қызы­мыз­дың қылықты болып өсуі үшін аз да болса сіздермен ой бөлісу еді. Ендеше, әкелердің мәртебесі биік,  мерейі үстем болсын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close