Абайдан асқан алып жоқ

Абай ескерткішінің алдында Ұлы Абайдың туған күніне орай «Адамзаттың Абайы» атты дәстүрге айналған жыр мерекесі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен ізгі шараны Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Іс-шара Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қоғамдық келісім мен қазақстандық рухани бірлікті нығайту, азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын көздеді. Дәстүрге айналған ізгі шара сондай-ақ, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне көпшіліктің ықыласын арттыру мұратында ұйымдастырылды. Жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау да іс-шараның басты мақсаттарының бірі болды.

Балнұр АХМЕТ

Жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл Абайдың нұрлы насихат тұнған салиқалы сөздері әрбір жан үшін адамдық жолдан адастырмай, кемел адам болуға бастайтын сара жол. Ақын рухы асқақтаған тағылы­мы терең жыр мерекесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділ­манов Ұлы Абай монологын оқып, жастар­дың жан-дүниесіндегі рухани қоржынын байытты. Белгілі ақын-жазушылар Ұлы Абайға жырларын арнаса, мектеп оқушылары жиналған жұртшылықты Абайдың салиқалы сөздерімен сусындатты. Күміс көмей, жез таңдай әншілер Абай әндерімен көрермен көңілін тербетсе, сөздерімен санасын сергітті. Жиын соңында кемеңгердің жауһар жырларын жұртшылықтың жүрегіне жеткізген жырсүйер жастар естелік сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Абайдың сөзі ұрпақ санасын сәулелендіреді

Мамай АХЕТОВ,

Алматы қаласы әкімі аппаратының  Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы басшысының міндетін атқарушы

Уақыт өткен сайын бейнесі биіктей беретін, рухы асқақтай беретін Абай – адамзат ойының асқар шыңына баланатын таудай тұлға. Әрбір қазақ Абаймен бірге өмір сүріп келе жатыр. Абайдың сөзі, Абайдың жыры әр қазақпен бірге қатар өмір сүріп келеді. Мейлі күйінетін жағдай болсын, мейлі сүйінетін жағдай болсын, данышпан даналығы тіршілігімізге рухани тірек болып, Абай дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жарасымды жалғасып келе жатыр. Абайдың нұрлы насихаты жан-дүниесіне жарық түсіріп, ұрпақ санасын сәулелендіреді. Бүгінгі таңда жыр оқу жарыстары әдемі дәстүрге айналып келеді. Мысалы, келесі жылы ұлы ақынның мерейлі мерейтойына орай Абай шығармаларын толық жатқа оқудан жыр жарысы өткізілсе, бұл жас ұрпақтың танымын тереңдетуге әрі тағылымды тәрбиелеуге игі ықпал ететін еді. Мектеп оқушылары Абайдың рухани мұрасын жаттап өссе, насихатынан нәр алса, болашақта бүкіл өміріне рухани азық болатыны ақиқат. Себебі, адамның жас кезінде жаттаған өлең-жырлары өмірбақи жүрегінде сақталып қалады. Абайдың салиқалы сөзі жүректен жүрекке жетіп, ғасырлардан ғасырларға ұласып, қазақ халқымен мәңгі бірге жасай береді. Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі ұрпағы Абай сөздерінен сусындап, жанын байытып, ұлағатын ұғып, рухын асқақтатып, болашаққа нық сеніммен қадам баса береді.

 

Ақын мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылады

Бауыржан ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай бабамыздың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қоюына байланысты елімізде мерейлі мерекеге орай бірқатар іргелі іс-шаралар қолға алынды. Қазақстан Жазушылар одағы Абайдың шығарма­ларын дүние жүзіне насихаттау мақсатында ақын мұра­ларын Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 әлемдік тіліне ау­дарып, жариялау жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Ақынның мерейтойы аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жыр мүшәйралары мен ақындар айтысы ұйымдастырылмақ. Хакім Абайдың шығармашылығын әлемдік деңгейде көрсету, насихаттау мақсатында елімізде көптеген іргелі іс-шаралар жоспарланған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Абай ғылыми-зерттеу институтында Абайдың шығарма­шылығына арналған мақалалар жинақталған  көптомдық кітап дайындалып жатыр. Абайтану ғылымы Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхандардан бастап қалыптасқан. Жарық көретін жаңа жинаққа Абайтану ғылымының негізін қалаған тұлғалар­мен қатар, Тәкен Әлімқұлов, Зейнолла Қабдоловтардың хакім Абай хақындағы еңбектері енгізіледі. 150 жылдық мерейтойында «Абай» энциклопедиясы жарық көрген болатын. 175 жылдық мерейтойына орай аталған жинақты жаңартып, қайта жариялаған жөн.

Жастарды Абай рухында тәрбиелесек, болашақта туған елін, туған жерін сүйетін ұлтжанды азаматтар еліміздің ертеңін жалғайтын болады. Абай бабамыздың рухы еліміздің бойтұмары болып, қазақ халқымен мәңгі бірге жасай беретініне сеніміміз кәміл.

 

Айналасын арайландырған  Күн мен Ай тәрізді

Асылы ОСМАН,

тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Абай қазақтың ғана Абайы емес, Абай – күллі Адамзаттың Абайы. Оның болмысы бөлек, дара. Құдіретті Құдай алып Абайды кеудесіне кең дүние сиған қазақ халқының бағына жаратқан. Ұрпаққа ұлағатты тәлім-тәрбие берудегі Абайдың мұраларының рухани маңызы ерекше. Абайдың әрбір сөзінде қазақтың рухы, тәлімі, тәрбиесі тұнып тұр. Жас ұрпақтың қанына, жанына  Абайдың сәулелі сөзін ұялата білгеніміз жөн. Мәңгілік мұрасы арқылы Абайдың туған еліне, туған жеріне сүйіспеншілігін жастардың жүрегіне жеткізіп, Абайдың сөзін санасына сіңіріп, жастарды Абай рухында тәрбиелегініміз абзал.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей топырағына алғаш аяқ басқанда келесі  жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтілетіндігі жөніндегі жағымды жаңалықты айтып, халқымызды қуантты. Қарап отырсақ, көк жүзінде жарқыраған жұлдыз көп, бірақ олар қара жерді жарық қыла алмайды. Күндіз көктегі күн, ал түнде ай сәулесімен қара жерді жарық қылады. Мен кемеңгер Абайды нұрымен айналасын арайландырған Күн мен Айға теңеймін. Абай күндіз күн, түнде ай тәрізді халқына, адамзат атаулыға нұрын шашып, бойына рухани күш-қуат құйып тұр. Абай – ақылдың ақыны атанған ғой. Данышпан Абай өзінің нұрымен адамзат атаулының жүрегін мәңгі жылытып тұрсын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *