АҚТЫҚ СЫНҒА ЖЕТУДІҢ ӨЗІ ЕРЛІК

6Қазақстан халқы соңғы сағаттарға дейін Алматыны қолдады

 

Нұрлан СҮЙІН

 

Алматының Абай алаңында Малай­зияның Куала-Лумпур қаласынан Халық­аралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 128-сессиясынан тікелей эфир ұйымдас­тырылып, Ақ Олимпиада – 2022 ойындарының астанасын анықтау рәсімін көпшілік өз  көзімен көрді. Олимпиада астанасы болып сан мыңжылдық тарихы мен Олимпиада өткізу тәжірибесі бар Қытайдың Бейжің қаласы танылды.

 

ХОК Президенті Томас Бах ХОК  мүшелерінің жабық  даусының нәтижесін жариялады. Аламанға қатысқан Алматының өз жеңісі бар. ХОК-қа мүше, Олимпиада өткізу додасына түсуге құқықты 200-ден астам мемлекеттің арасынан суырылып шығып, ресми үміткер болып тіркелу, ақтық сында  азуын айға білеген Бейжіңдей қаламен додаға түсу біле-білген адамға үлкен жеңіс. Әсіресе, Тәуелсіздігіне екі онжылдықтан енді асқан ел үшін.

Олимпиадалық қозғалыстың тарихында ойындар өтетін қаланың экологиясынан бастап, мемлекеттің экономикалық әлеуетіне дейінгі халықтың қалауынан ел Үкіметінің мүмкіншілігіне дейінгі 15 бағыттан тұратын талаптардың үдесінен шығып, «ресми кандидат» болып тіркелген қалалар саусақпен санарлық. Алматы болса осындай бірнеше жылдық сараптаудан өтіп, ақтық  сынға дейін жетті. Осы доданың арқасында әлемдік қауымдастық Орталық Азияда  әлемдік ойындар өткізу бәсекесіне қабілетті Алматы қаласының бар екенін білді.

Әлемдік додалар өткізу әлеуеті жоғары елдерге ғана жүктелетіні белгілі. Алматы қаласы осы  бәсекенің ақтық сынына дейін жетті. Осы сын сағаттарда Қазақ халқының ауызбіршілігі мен Алматы қаласы басшылығының ұйымдастырушылық қабілеті қуантты.

«Студенттер Олимпиадасы» саналатын Қысқы Универсиада – 2017 ойындарын өткізетін Алматы қаласы осы әлемдік додаларға 80 пайыз дайын. Шаһар басшысы А.Есімовтің тікелей араласуымен қолға алынған «Универсиада –2017»  нысандары кейін қаланың әлеуметтік нысандарына айналып, халық игілігіне қалады деп жоспарланған.

Қазақстанның «Олимпиада-2022» өтініш комитетінің құрамында Алматы басшылығы  Лозанна, Куала-Лумпур қала­ларында болып, Қазақстан бағдарламасын қорғау жұмыстарына қатысты. Мега­полисте үміткер қала Алматыны қолдау іс-шаралары ұйымдастырылып, көп жұмыстар жасалды.

Қазақстанның мақтанышы, Олимпиада жүлдегері Денис Тен «Біздің осы жерге келіп, ақтық сынға қатысуымыздың өзі үлкен жетістік. Спортшы  ретінде мен дәл қазір де жеңіске жетіп отырмын»,  – деген болатын. Атақты спортшы айтқандай, Алматы қаласы бұл бәсекеде өз жеңісіне жетті. Ол тәжірибе жинап, әлемге танылу жеңісі. Талапты ел ғана таласқа түсіп, нәтиже шығарса керек. Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу бәсекесінің ақтық сынында Азия шаһарлары – Алматы мен Бейжің болғаны да қуантады.

Егемендігіне екі  онжылдықтан енді асқан Қазақстанның, Алматының жеңісті күндері алда да көп болмақ. Әзірге  құдайы көрші – Бейжіңге «Олимпиада –2022» ойындарын өткізуде абырой тіледік.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *