АҚШ ПЕН ҚЫТАЙДЫҢ САУДА СОҒЫСЫ

Бұл текетірестен кім ұтады, кім ұтылады?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Өткен  жылдың басынан бері әлемдегі екі ірі держава  АҚШ пен Қытай арасында  сауда-саттық саласында  бірін-бірі аяқтан шалу, яғни сауда «соғысы» жүріп келеді. Мұндай экономикалық текетірестің  басталуын сарапшы мамандар  Құрама Штаттарда билік басына  (әр тиынды есептеп үйренген)  кәсіпкер Дональд Трамптың келуімен байланыстырады. Оның қызметке кіріскен бойда: «Мен ең бірінші кезекте Американың мүддесін қорғап,  жоғалған  абы­ройын  асқақтататын боламын» деп айтқанын  еске салады. Мәселен,  қазіргі таңда Вашингтон   Пекиннен  478 млрд. доллардың тауарларын сатып, алып, 155 млрд. дол­ларға  тауарлар сатады. Айырмашылық  323 млрд. доллар.  Мұны  Ақ үй қожайыны  сауда-саттықтағы  «теңсіздік» деп есептейді.

Сондықтан болар, екі арадағы   қайшылық  2018 жыл­дың 23 қаңтарында  Д.Трамптың  Қытайдан тасымал­данатын күн батареяларына  төрт жылға — 30%,  кір жуа­тын машиналарға үш жылға  алдымен 1,2 млн. данасына  – 20%, кейінгілеріне  50% тариф белгілеуінен  бастау алды. Бұл шара сөз жоқ, Қытай жағының  таңданысын  тудырды.

Арада үш ай өткенде – наурызда  АҚШ-тың сауда өкілі  арнайы зерттеу жүргізіп, «Қытайда  америкалық  интел­лектуалдық  меншікті ұрлап пайдаланады, осы арқылы  біздің саудамызға орасан зор зиян келтіріп отыр» деген қорытынды жасады.  Осыған  байланысты  Трамп заңсыз ұрлаумен шығарылған тауарлардың тізімін жасау, оларға  алым белгілеу, анықталған жәйтті  ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) деңгейінде  талқылау және  Қытай тара­пынан  экономиканың стратегиялық салаларына  жұмса­латын  инвестицияларды шектеу туралы  нұсқау берді.

Келесі сәуір айында Қытайдан әкелінетін: электроника  бұйымдары, ұшақтың қосалқы бөлшектері,  медициналық дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар,  әр түрлі қондыр­ғылар, т.б. деген сияқты  жалпы  бағасы 50 млрд. долларды  құрайтын 1300  тауарға салынатын алым 25 %-ға  артты­рылды.

Өз кезегінде  Қытай жағы да қарап қалмай  1 сәуірден  АҚШ-тан  экспортталатын ет пен жеміс-жидекке, нақты алғанда шошқа еті мен оның өнімдеріне, алюминийге алымды 25%-ға, алма, жаңғақ, жидек  секілді 120-дай өнімге  алымды  15%-ға өсірді.

Осы сияқты жазға қарай  Құрама Штаттардың тағы да  Қытайдың  50 млрд. доллар көлеміндегі тауарларына  кедендік алымды 25%-ға  көтеретіні белгілі болды. Мұны  олар:  «Пекиннің  интеллектуалдық меншік туралы заңды бұзуына байланысты және американдық  өндірушілердің  мүддесін  қорғау  мақсатында  жасалды», – деп түсіндірді.

Шілде айында  АҚШ пен Қытайдың  бір-біріне салған саудалық алымдары  68 млрд. долларды құрады. Қытайлық сарапшы мамандар: «Істің  бұлай шиеленісіп, қарқын алуы  сауда саласындағы  соғысты  білдіреді. Бұндай  текетірестен ешкім  ештеңе ұтпайды», – десті.

Аспан асты елінің өзгеге оңайлықпен  есе жібермейтіні мәлім. Сол себепті  Мемлекеттік  кеңес жанындағы  кеден алымдары жөніндегі комитет  тамыздың аяғынан бастап, 16 млрд. долларлық  американдық  279 тауар түріне  салы­натын алымды  25 %-ға   көбейту жөнінде шешім шығарды. Әрі қарай  Қытай үкіметі  АҚШ-тың  сауда саласындағы  шараларына қатысты ДСҰ шағым түсірді.

Сауда-экономикалық қайшылық басталғалы бері қос тараптың өкілдері он бір рет кездесіп, келіссөздер жүр­гізгенімен, ортақ келісімге келе алмады. Қытай делегациясы жетекшісінің айтуынша, Пекин  сауда-саттықтағы  бірқа­тар принципті мәселелер бойынша  шегініске бара алмайды. Ал АҚШ президенті олар келісілген мәселелерден тайқыды деп айыптап,  10 мамырдан  күректен – кино­проекторға дейін 200 млрд. долларды құрайтын 6000 қытай­лық тауарларға  салынатын алымды  10-нан 25 пайызға көтерді. Бұған жауап ретінде  Қытай жағы  1 маусымнан  60 млрд. доллар көлеміндегі американдық тауарларға тасымалдау алымын көбейтетін болды. Осының салдарынан  Американың және басқалардың биржалық индекстері  күрт құлдырап  кетті.

Осындай ахуалдың қалыптасуына байланысты 18 ма­мырда ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі  Ван И  телефонмен  АҚШ-тың  Мемлекеттік хатшысы  Майкл Пампеомен сөйлесіп,  Ақ үйдің өзінің іс-әре­кеттерімен  Қытай мүддесіне  үлкен нұқсан келтіріп отырғанын, бұлай  мәселені тым ушықтыруға болмайтынын, тиімді ынтымақтастықтан екі жақтың да пайда тауып, жауласудан керісінше зиян шегетінін, сауда-эконо­микалық қатынаста  қайшылықтарды  тең жағдайдағы кеңесулер мен келіссөздер арқылы  шешу қажеттігін айтты.

Ол сондай-ақ, өз елінің Вашингтонның  Тайваньға қатысты  пікірі мен қарекеттеріне  наразы екенін жеткізіп, бұл ретте осыған дейін үш рет бірлесіп жасалған американ-қытай коммнюникесінің талаптарын орындауға, «бір Қытай»  қағидатын  қолдауға шақырды.

Әңгіме барысында Ван мен Пампео халықаралық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасты. Онда соңғы кездері  АҚШ-Иран қатынасында  орын алып отырған  қарама-қайшылықтар сөз болып,   Пекиннің Тегеранға тілектес, жақтас екені тілге тиек етілді.  Қытайлық минис­трі  бұған:  «Қытай  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Орталық Шығыста да әркез  тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуын және мейілінше  қару­сыздауды жақтайды», – деп жауап қатты.

Осы тақырыпқа қатысты осыдан он шақты күннен кейін Пекинде өткізілген  арнайы брифингте  Қытай Сырт­қы істер министрінің  орынбасары  Чжан Ханьхуэй: «Біз сауда саласындағы санкциялар мен алымдарға және протек­ционистік шоқпар қолдануға түбегейлі қарсымыз. Бұлай  саудадағы келіспеушіліктерді  әдейі асқындыру – ашық экономикалық терроризм, шовинизм және уландыру болып табылады. Сауда соғысында  жеңіске жетуші бол­майды, екі жақ та ұтылады», – деген  қатқылдау  мәлімдеме жасады.

Ақиқатында, әлемді бір өзі билеп-төстегісі келетін АҚШ-ты  Қытайдың  сауда-экономикалық  қатынаста ғана емес, басқа салалардағы да даму қарқыны  мазасыз­дандыратыны  белгілі.

Өйткені, кешегі  1978 жылғы Ден Сяо Пин реформа­сына дейін халқының тоқсан пайызы кедейшілікте өмір сүр­ген ҚХР айналасы 30-40 жылдың ішінде  Құрама Штаттармен терезесі теңескен қуатты держава деңгейіне көтерілді. Халқының саны (1,4 млрд.)  жөнінен дүниеде бірінші, жер көлемі жөнінен Ресей мен Канададан кейінгі үшінші орында екенін айтпағанда, ғарыш кеңістігін игер­ген, ядролық қаруға ие  және әскерінің  саны  да көп  мем­лекетке айналды. БҰҰ мәліметі бойынша  ЖІӨ жөні­нен Жапония, Германия, Ұлыбритания және Францияны ба­сып озып,  АҚШ-тан (18 трлн. $) кейінгі екінші (11 трлн. $)  орынға  жайғасты.  Өндірісі бұрын-соңды болмаған көлем­де өркендеп, әлемнің басым бөлігін киім-кешек, тұрмыстық  зат-бұйымдармен қамтамасыз ететін жаһандық «зауыт-фабрика» атанды. Кәрі құрылық Еуроодақ елдерімен жылдық тауар айналымы 600 млрд. долларға жетті.

Бұған қоса, Қытай соңғы кезде   қолға алып, жүзеге асыруға жұмыла кіріскен: «Бір белдеу, бір жол» ауқымды жобасы арқылы  Азия, Африка және Еуропа елдеріне  саяси-экономикалық ықпалын күшейтпек.

Қазіргі ғылым мен техниканың озық жетістігі  АКТ (ақпараттық коммуникациялық технология)  жөнінен  Аспан асты елі оза шаппаса қалып жатқан жоқ.  Қытайлық  Huaweі компаниясы 5G технологиясын жасап, көш басына шықты. Мұндай жетістіктен қауіптенген Д.Трамп 15 ма­мырда  АҚШ-тың ақпараттық коммуникациялық желі­лерін шетелдік қатерден қорғау туралы жарлық шығарды. Бұл жарлық бірден күшіне еніп, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіретін  коммерциялық  келісімдердің жасауына тыйым салынды. Ақ үйдің баспасөз қызметі: «мұндай шара ақпараттық-коммуникациялық  инфрақұ­ры­лымдағы  кейбір әлсіз тұстарымызды  шетелдік компа­ниялардың Америкаға қарсы пайдаланбауы үшін қабыл­данды», – деп түсіндірді. Іле Google интернеттік желісі және процессорлар шығаратын ARM, Іntel және Qualcomm компаниялары  Huaweі-мен  байланысын үзетінін  жария­лады. Осының өзі билік пен саясаттың  ақпараттық комму­никациялық технологияға да өктем ықпалы жүретінін айғақтайды.

Мамандардың бағалауынша Huaweі концерні  шығар­ғалы жатқан  5G смартфондары метеорологиялық спутник­тер қызмет көрсететін  жиілік аумағында  жұмыс істейді. Американдық әйгілі The Washіngton Post басылымының  NOAA (Мұхит пен атмосфераны зерттеулер ұлттық басқармасы)  мен  NASA (Аэронавтика  және  ғарыш кеңіс­ті­гін зерттеулер ұлттық басқармасы)  сарапшыла­рының  пікіріне сүйеніп жазуына  қарағанда, 5G  желісі  дәлірегі атмосферадағы  су буының  шоғырлануын өлшеуге,  мұздақтар көлемі мен олардың еру жылдамдығын, қардың қалыңдығын  білуге, желдің бағыты мен жылдамдығын анықтауға  кедергі келтіріп, ауа райын болжаудың  дәлдігін отыз пайызға төмендететін көрінеді.  «Түрлі табиғи қауіп-қатерлердің алдын алмағандықтан мұның аяғы әр қандай апаттар пен қайғылы оқиғаларға, адам шығынына  апарып соқтырады», – дейді.

Осы сияқты интернетте 5G жиілігі мен желісін қолдану адам денсаулығына  да  аса қауіпті  деген пікірі айтылуда. Өйткені,  бұл жиілікте пайдаланылатын ұялы телефондар мейлінше қысқа толқындар арқылы байланысқа шығады. Электромагниттік толқындар  қысқа болған сайын  оның тірі организмге залалы жоғарылайды. Толқынның қысқалығына қарай қабылдап-таратушы  құрылғылардың ықпал ету аймағы тарылады. Станциялар  бір-біріне жақын орналасады. Сөйтіп, ұялы телефонсыз күн көре алмайтын  халге жеткен халық  зияндылығы зор электромагниттік  өрістің ішінде өмір сүретін болады. Бұл өз кезегінде адам ағзасындағы зат алмасуды бұзады, иммунитетті төмендетеді,  көз бен тері ауруларын,  ұрпақсыздық, мутацияны тудыра­ды,  онкологиялық кеселдерді  көбейтеді.

Сол үшін де қазірдің өзінде  5G желісін  пайдалануға  жанұшыра қарсы болып, дабыл қағып жатқандар баршылық. Мысалы, ES-Іreland бастамашы тобы  ұялы телефондарға 5G жиілігімен қызмет көрсететін  антенна­ларды  орнатуға  мораторий жариялау  жөнінде  Еуропалық  комиссияға  үндеу хат жолдады. Объективті зерттеулер жүргізілсе мұның қауіпті де зиянды екені  дәлелденетініне олар кәміл сенімді.

Енді бір айта кететіні, Қытай  АҚШ-тың  $1,1 трлн. мемлекеттік қарызын ұстап отырған ел. Бірақ мұның қазір айналысқа  қосудың  зияны болмаса, пайдасы  аз. Кері­сінше құнсыздануға  апарады. 2018 жылы  Ресейде де осын­дай  жағдай орын алып, олар  жүз млрд. долларды дереу юаньға ауыстыра қойған. Ал трлн. сомадағы «жасыл қағазды» қандай активке орналастыруға ең білікті деген қытайлық  қаржыгер мамандардың да  ақылы жетпей  бас қатыруда.

АҚШ пен Қытайдың сауда «соғысы»  тек екі елдің  қарым-қатынасындағы  қайшылық болса бірсәрі. Мұның орасан мол зиян-залалы  бұлармен  сауда-саттық  жасаса­тын басқа елдерге де тиеді, тіпті  әлемдік экономиканы тұралатады.  Халықаралық валюта қорының (ХВҚ)  есебінше халықаралық рынок  17 пайызға  төмендеп, ЖІӨ 19 пайызға қысқарады, әлем экономикасы  1,52 трлн. шығынға ұшырайды. Дүмпу-дүрбелеңі  2008-2009 ж.ж. қаржылық дағдарыстан асып түспесе,  кем түспейді.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, кешегі дүйсенбіде Ақ үй басшысы  Дональд Трамп  маусымның аяғында Жапо­нияның Осака қаласында өтетін G20 (үлкен жиыр­малықтың) саммитінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен  кездесіп, сонда мәселені шешуге үмітті екенін айтқан. «Ондай кездесудің сәті түспеген жағдайда  300 млрд. долларлық тауарларды кезекті  қамтитын тарифтік алым  шарасы  шұғыл  енгізіледі», – деген. Трамп сондай-ақ,  Қытай  үкіметінің  саудада пайда табу үшін  ұлттық ақшасы юаньды әдейі  арзандатып отырғанын сынға алған.

Ұлттық және халықаралық  мәселелер бойынша қытайлық сарапшы Лай Юэцяньның  пікірінше:  «Вашинг­тонның  Қытайға қарсы сауда соғысы  жан-жақты ойластырылған және ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспар-жоба. Себебі, ол  өзімен  тайталасатындай  бәсекелес және бақталас мемлекеттің пайда болғанын,  оның экономикалық  қуаты тағы бес-он жылда өзінен асып түсетінін көріп отыр», – дейді.

Ресейлік «Взгляд»  газетінің жазуына қарағанда,  АҚШ  сирек металдарды Қытайдан, уран мен титанды  Ресейден  экспорттайды. Сирек металдар  смартфон, ұшақтар, компьютерлер, GPS  навигациясы жүйесінде, экологиялық таза технологияда, жел трубиналары мен энергия үнем­деуші құрылғылар, гибридті аккумляторларда  жасауда, ал уран  АЭС-терде, титан  авиаөнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Бұл материалдарды  жеткізу  шектелсе, аталған өндіріс салаларының  бәсеңдеп ақсайтыны даусыз.

Бір жағынан  АҚШ-тың  сауда-экономикалық санк­циясы мен қысымына дайындалып жатқан сыңайлары болуы  ықтимал. Кейінгі кездері  Ресей мен Қытай  алтынды сатып алуды ұлғайтуда. Алтын жөніндегі әлемдік кеңестің есебінше Ресейдің аталған бағалы металл  қоры  651 тоннаға, Қытайдың  қоры 1853 тоннаға жеткен. Байлықтың бұл түрі басқаларға қарағанда сенімділеу.

Егер де қайдағы бір Қытай мен қияндағы Американың сауда текетіресінен  Қазақстанға келіп-кетер жоқ десек, шындыққа көз жұма қарап, жауырды жаба тоқыған болар едік. Өйткені, көршілес Қытай біздің сауда-экономикалық қатынастағы ең бір ірі әріптесіміз. Екі елдің тауар айналымы 18 млрд. доллардан астам. Біз оларға: қара мен түсті металл прокаттарын, металаллом, мұнай, тері мен жүн, мақта талшығын,  т.б. шикізаттарды шығарып, олардан: көптеген халық тұтынатын тауарларды, электр қондыр­ғылар мен машина жасау саласының өнімдерін, керамика мен шынылар, т.б. керекті  бұйымдар  мен заттарды  сатып аламыз. Демек,  Қытай  өндірісі, яғни оның бізден тасымалданатын шикізаттармен жұмыс істейтін зауыт-фабрикаларының жұмысы баяулап, қысқаратын болса, есесіне біздің  де   зиян шегетініміз айдан анық.

Айтқандай-ақ,  Америкамен арадағы  қайшылық  Қытай мен Ресейді  бұрынғыдан жақындастыра түскендей. Жуырда Санкт-Петербургте өткен  халықаралық экономикалық форумда  қос тарап  сауда-экономикалық, оның ішінде әсіресе, энергетикалық  ынтымақтастықты  одан әрі жандандырып,  тауарайналымдарын  200 млрд. долларға  жеткізу туралы уағдаласты.

Дегенмен де, қай нәрсені «жеті  өлшеп, бір кесетін»  айлакер де әккі Құрама Штаттардың ішке бүккені мен  бір ойлағаны болса керек.  Осы орайда  өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Қытайдың соғысынан  гөрі, саудасынан қорқу керек» дегені еске түседі. Сонда: «Дональд Трамп қазақ қалам­гері­нің осы ескертуін оқыған ба?» деген ой қылаң береді. Әйтеуір Аме­риканың  қарқын алып бара жатқан Қытай­дың саудасына тосақауыл қойып, аяқтан шалып  жатқаны тегін емес.

Не де болса,  әліптің артын бағайық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *