Әшімханұлының әлемі

Алматыдағы №4 кітапхана бөлім­шесінде жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімхан­ұлының үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесер кеші өтті.

Кешке әдебиеттанушы Заманбек Әбдешұлы, жазушы, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының «Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі  Нұрдәулет Ақыш, суретші Еркін Нұразханов, «Үркер» журналы­ның бас редакторы Қуандық Түменбай, «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, суретші Бейсен Серік­бай, Ш.Айманов  атындағы «Қазақ­фильмнің» қызметкері Жамали Диханұлы қатысты.

Кештің шымылдығы Заманбек Әбдешұлы, Әлібек Асқаров және Қуандық Түменбаев ағаларымыздың сал­танатты түрде  жаңа кітаптың тұ­сауын кесу рәсімімен ашылды.  «Ха­лықаралық жыршы-термешілер мен айтыскер ақындар» одағының мүшесі Алтынбек Ибрагимов  «Арнау» айтып, жауқазын жырдан шашу шашып, оқыр­мандар мен қонақтарды бір серпіл­тіп тастады. Содан кейін экраннан жазушының өмір белестері мен шығар­машылық жолына арналған «Таулы Алтайдың асқақ жыршысы» атты слайд-презентациялар,  қарымды қалам­гердің  көзі тірісінде берген сұхбат­тарынан бейнероликтер көрсе­тілді. Кеш қонақтары Дидахмет Әшім­ханұлы туралы құнды деректерімен, ескірмес естеліктерімен ой бөлісті. Мәселен, Заманбек Әбдешұлы жазушы­ның ерекше стилі және жазған шығар­маларының оқырманға берер рухани құндылықтары жайлы сыр шертсе, Әлібек Асқаров Дидахмет мұраларын талқылай отырып, қаламгердің айтқан  әзіл-қалжыңдарымен, тапқырлығымен бөлісіп, оқырмандардың көңілін көтеріп тастады. Жазушы Қуандық Түменбай жастарды көбірек кітап оқуға, әсіресе ер жігіттерді  көркем әдебиетпен сусын­дауға шақырып, олардың Дидахмет Әшімханұлының жолын жалғайтын қаламгер болуын қалайтынын айтты.

Жаңа кітап мерекесінің  шырайын келтірген кітапхананың дарынды оқырмандары, әдеби үйірменің мүшелері Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері Гүлназ Нүсіпхан, Гүлжанат Шайхыдин және Алматы Полиграфия колледжінің студенті Нұрлан Көкбай жазушының жаңа кітаптарға енген шығармаларынан үзінділер оқып, қойылым қойды. Ал А.Жұбанов атындағы дарынды бала­ларға арналған мектеп-интернатының оқушылары «Күй тартыс» өнерін көр­сетіп, күмбірлеген күймен тыңдаушы­лардың құлақ құрышын қандырды.

 

Алтынбек ИБРАГИМОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *