Сол күні қылышын сүйреткен қытымыр қыс көктемге жол берді…

Төпелеп тұрған нөсерлі жаңбыр тоқтап, аспан  шайдай ашылған еді...

Асқаралы Алатаудың алқабында ер­тегіге бергісіз елді-мекендер көп-ақ. Солардың бірі де бірегейі – Суықтөбе.  Аты «суық» болғанымен, қойнауы құтқа, жай­лауы төлге толған қасиетті мекен. Ұлы­ларының ұлағатын ұққан, абыздарын аспандата қадір тұтқан өнегелі өлке.

Өнегелі дейтініміз, тарих талай тау­қыметтін тартса да, туған топырақтан табанын тайдырмаған. «Аттың жалында, түйенің қомында» дегендей, көшіп-қонып жүрсе де, ата дәстүрін жоғалтпаған, ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп тәрбиелеген ұлағатты ұрпақ тұрады  бұл маңда…

Қазақта аналар жолы деген сара да, дара жол бар.Ұлы аналардан қалған сыры мол, сыбағасы зор жол. Бүкіл адамзат баласы сол жолдан өткен. Әрине, әр елдің өз анасы, әр ананың өз тәрбиесі, ұрпақ тәр­биелеудегі ұлағатты тәжірибесі бар. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Бесікті тербеткеннен кейін ол ананың қазақ екендігінде күмән жоқ шығар-ау.

Жұмекен ақын (Нәжімеденов):

«…Тербейді Ана бөбегін,

Сол арқылы тербетеді өз елін,

Құмын, тауын, өзенін.

Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –

Планетаның алақаны сияқты…» – дейді.

Міне, қазақ әйелінің бейнесі осы. Осы бейнені  бүгін де, бола­шақта да сақтау парыз. Мәңгілік елдің үрдісіне айналдыру міндет.

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған арулар  Суықтөбе төңіре­гінде де аз емес. Қазақ әйеліне, абзал Анаға  тән барлық қасиетті бойына жинаған жанның бірі – Сағила Ақжота­қызы Күдебайкеліні.

Сағила Ақжотақызы 1931 жылы 30 та­мызда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қоғамшыл ауылында дүниеге келген. Әкесі Ақжота еліне елеулі, сыйлы азамат болған. Ата кәсібін алға тартып, қора-қора мал бағып, үйір-үйір жылқы айдап, бие сауғы­зып, желіге құлын байлатқан бақуатты кісі. Анасы Жұматай он саусағынан өнер тамған ісмер, тамағы бал татыған айтулы аспаз болған.

Жұматай ана жеті құрсақ көтеріп, төртеуі тірі қалды. Ақжота ақсақал екеуі  бір қыз, үш ұлды тәрбиеледі. Сағила – үйдің үлкені. Інілері Әділхан, Әлжан, Құрманғожаға әпкелік ақылын айтып, қамқор болды. Балалық шағы тауқыметі көп соғыс кезеңі мен одан кейінгі ауыр жылдарға дөп келгендіктен, өз қатары секілді ерте есейіп, қаршадайынан колхоздың қара жұмысына жегілді.

Жеті жылдық Шиен орта мектебін оқи жүріп, күндіз-түні егістікте еңбек етті. Ерен еңбегі еленіп, жоғары марапатқа ие болады.

Сағила Ақжотақызы 1949 жылы тұрмысқа шығады. Құдай қосқан қосағы Мырзақұл да еңбекқорлығымен бұқараның ықыласына бөленген байыпты кісі болған. Жастайынан еңбекке араласып, колхозда қызмет еткен. 1942 жылы әскер қатарына алынып, қан майданда кеудесін оққа тосқан. Соғыстан соң ауылдық кеңесте хатшы, кейіннен партия қатарына өтіп, Когонович колхозын ұйымдастырушы ретінде танылды. 1960–70 жылдары туған жері Суықтөбе баурайына қайтып келіп, екінші егіс алқабында бригадир болып істеді. Жеті қырлы, бір сырлы азамат елді  май шамға телміртпей, қосалқы стансада электрик болып та талай жыл қызмет етті. Жан-жақтылығымен замандастарының алғысына бөленіп, тапқан табысымен перзенттерін асырап, өз қатарынан қалмай күн кешті.

Мырзақұл аға  мен Сағила апа бір қыз, бес ұл тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары – Доғдырхан. Бар ғұмырын адам денсау­лығына арнаған ол фельдшер-зертха­нашы болып жұмыс істеді. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп, екі ұл, бір қыздың немере­лерін бағып отыр. Одан кейінгі ұлы Қанат – құрылыс саласының майталманы. Әтіркүл екеуі ұлдары мен немерелерінің қуанышына бөленіп отыр. Мұрат та аға жолын қуып, Алматыдағы Сәулет және құрылыс академиясын бітірді. Инженер, құрылысшы, прораб ретінде алып шаһар­дағы талай зәулім ғираттарды тұрғызып, өзіндік қолтаңбасын қалдыр­ды. Жары Гүлзада екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.  Марқұм  көзі  тірі болғанда биыл 61 жасқа келіп, немере иіскеп отырар еді.

Қайрат та әке көріп, оқ жонды. Бабасы бастаған істі жалғастырып, қосалқы стансада электрик болып қызмет етті. Алайда, талай елге жарық сыйлаған оның өзінің жарығы ерте сөнді. Бірақ артында шаңырағының түтінін түтетіп отырған әйелі мен қос қызы қалды. Бүгінде сол қыздардың өрісі кеңейіп, ұрпақтары жалғасып жатыр. Мұратбек – қара шаңы­рақ иесі, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл жан.  Гүлмира екеуі малды өңірдегі мардымды тірлігімен жұртқа үлгі-өнеге болып отыр. Кәсібін ұршықша иіріп, қыздары мен немерелерінің қуанышына бөленуде. Серік – әке баласынан Алаштың асыл ұлына айналған азамат. Қазақстан ішкі істер саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан сарабдал сардар, ел тыныштығын қызғыштай қорыған генерал-майор. Жары Айжан екеуінің төрт қабырғалы тірегі бар. Ұлдары егемен елдің туын ас­қақтатар азамат­тар. Айжан қос келін тәрбиелеп, немере бағып отыр.

Қуаныш – Сағила ананың сүт кенжесі, ер­кесі. Ағасының ізін басып, ішкі істер саласында еңбек етіп жүр. Жары Нұргүл екеуінің үш бала­сы бар. Иә, алып та, батыр да ана­дан туады. Са­ғила – қазақтың біртуар пер­зент­терін   өмірге әкел­ген алтын құрсақты ана, Ұлы даланың ұлағатты өсиеттері мен ұлттық ұстанымдарын  тал бойына тоғыстырған тұлға. Өзі кеңпейіл, көпшіл, қонақжай,  маңайындағыларды бірден баурап алатын қасиетке ие еді. Әзіл сөзге шебер болатын. Сөздің түбін түсіретін, кейде шымшылап та алатын.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Сағила жасында жағалас­са, жағасын жыртқызбаған ержүрек те болды. Сағиланың тағы бір қасиеті – турашылдығы. Әрбір ісіне ұқыпты еді. Жеті өлшеп, бір кесетін тонның келте бол­майтынын үнемі назарында ұстайтын. Барынша еңбекқор болды. Бұған бұл қасиет енесі Тұмар ападан дарыса керек. Мырзақұл ағаның анасы Тұмар апамыз өте еңбекқор, ер мінезді, батыл да, батыр, көп тірліктің шешімін өзі айта беретін адал адам болыпты. «Келін қайын ененің топырағынан жаратылады» дегендей, Сағила сол енесіне тартыпты.

Ешқашан өтірік айтпайтын, сары майдан қыл суырған әділ, өте таза кісі болды. Ол немере, шөберелерінің бойына текті әулеттің өнегесін сіңірген шежірелі әже еді. Қазақ әйеліне тән барлық қасиетті бойына тоғыстырған ананың тағы бір қасиеті – болашақты болжай білетіндігі. Ол дүниеден озарда балаларына тауқымет тартқызғысы келмеді. Үнемі «Алла аламын десе, қор қылмай, алжытпай, күн жылыда,  сұлу торы аттай етіп алған жақсы ғой» деп айтып отыратын. Тәңір тілегін берді. Апа­мыз дүние салған уақытта айбатын шашып, қылышын сермеп тұрған қыс көктемге жол беріп, нөсерлеген жауын тоқтап, аспан шайдай ашылды. Күн төңірекке нұрын төкті. Қазаға жиналған қарақұрым халық текті Ананың тілегіне тәнті болды.

 

Ақын Төлеген Айбергенов:

«…Қай кеудені жылытады лапылдаған

 отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да

сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл

 дөңгелек.

 

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр

 ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та

дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін

 ананы!»

деп жырлаған екен. Ананың қасиетін, ерен еңбегін бір мақа­ламен емес-ау, бір дастанмен де жеткізе алмасың хақ. Жүректен шыққан осы ниет-тілегімізге  Алла риза болсын. Осы аз ғана жүрек­жарды сөзіміз Сағила апамыздың, Анамыздың жәннаттан жәй табуына  себепші-шапағатшы болсын!

 

Қасымхан Бекбосынов,

 зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close