Жүйелі кітапханаға айналар 100 оқулық

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

12 сәуірде Елбасының қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осыған орай, Астанада бағдарламалық мақалада атап көрсетілген маңызды бастаманың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген 18 кітаптың таныстырылу рәсімі болды. Оған ҚР Президенті Н.Назарбаев, Үкімет мүшелері, депутаттар, университет ректорлары, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Іс-шараның ілкі сәтінде Елбасы осы бір жыл ішінде рухани жаңғыру аясында атқарылған жұмыстардың деңгейіне жалпы алғанда көңілі толатынын атап өтті. Бағдарламалық мақаланың Қазақстан жұртшылығы тарапынан кең қолдауға ие болғанына тоқталды.

– Еліміздің барлық өңірі де «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедициялар ұйым­дас­тырылды, – деді Елбасы.

Бұдан кейін басқосудың тізгінін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев алып, жүргізіп отырды. Ол жарық көрген және ел аузында «Елбасы оқулық­тары» деп те аталып кеткен алғашқы 18 оқулық жөнінде әңгімелеу үшін өткен жылы осы мақсатта арнайы құрылған Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлына сөз берді.

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдарламасында аталған алты арнайы жобаның қай-қайсысы да, жеке мемле­кеттік бағдарлама болуға лайық дара бастамалар, – деді Р.Кенжеханұлы. – Дегенмен, меніңше, олардың бірі де бірегейі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Өйт­кені, кез-келген қоғамның күші – білімде, ал кез-келген тілдің қуаты – ол тілдегі мазмұнында. Олай болса, бұл бастама тілдің қауқары мен қоғамның әлеуетін де биікке көтеретін тегеурінді тетікке айналды. Бүгін осы аса жауапты әрі өзіндік қиындықтары бар көп жұмыстың алғашқы нәтижелерімен таныстырудың сәті келді. «100 оқулық» жобасы жариялана салысы­мен, еліміздің жоғары оқу орындарынан жалпы саны 800-ден аса аударылуы керек деген оқулыққа ұсыныс келіп түсті. Мамандардан құралған арнайы жұмыс тобы аударылатын оқулықтарға қойылатын мынандай талаптарды анықтады: оқулық дүние жүзіндегі маңдайалды 100 универ­ситеттің бағдарламасында болуы керек; кемінде 3 басылым көруі тиіс; мазмұны өзекті әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек; оқулық заман талабына сай интерактивті үлгіде оқып-үйренуге мүмкін­дік беруі қажет. Осындай талаптар негі­зінде философия, әлеуметтану, психо­логия, тіл білімі, антропология, дінтану, журналистика, экономика мен кәсіпкерлік салаларын қамтитын алғашқы 18 оқулық іріктелді».

 

Кітаптар таныстырылған соң, Мемле­кет басшысы «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты.

– Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қам­тиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гума­нитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, элек­трондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видео­текасы сияқты үш форматта қолже­тімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шет елде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады.

Президент жобаны іске асырудың арқа­сында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміз бен қоға­мымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторының маңыздылығы жөнінде айтты. Соңында Елбасы Үкімет пен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.

– Біріншіден, 2018 жылға жоспар­ланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақытылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспар­ланған оқулықтар өз уақытында ірікте­ліп, талдаудан өткізілуі керек. Екін­шіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндет­тердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшін­шіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық тер­миндерді жүйелендіріп, гумани­тарлық және эко­номикалық лексиканың жаңа түсіндір­ме сөздігін шығаруды тапсы­рамын. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітап­тар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар, онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде вир­туалды университеттер бар. «Қазақ­станның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотека­ларының және солардың негізінде дайын­да­латын оқулықтардың сапасын қадаға­лауға ерекше назар аудару қажет. Бесін­шіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңыз­ды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтама­сыз ету керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шарада, сондай-ақ, Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыды­қов, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің шет тілдері мен аударма кафедрасының меңге­рушісі Айымжан Рыскиева, «Қазақстан—2050» жалпы­ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев сөз сөйледі.

 

Алматы – Астана – Алматы.

 

 

Жарық көрген оқулықтардың тізімі:

  1. «Философияның қысқаша тарихы» (авторы Дерек Джонстон).
  2. «Философияның таңдаулы 25 кітабы» (Реми Хесс).
  3. «Антика философиясы» (Энтони Кенни).
  4. «Орта ғасыр философиясы» (Энтони Кенни).
  5. «Құдайтану баяны» (Карен Армстронг).
  6. «Әлеуметтану негіздері» (Дэвид Бринкер­хофф).
  7. «Әлеуметтану теориясы» (Джордж Ритцер, Джеффри Степницки).
  8. «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» (Эллиот Аронсон).
  9. «Әлеуметтік психология» (Дэвид Майерс).
  10. «Қазіргі психология тарихы» (Дуэйн Шульц, Сидней Шульц).
  11. «Экономикс» (Грегори Менкью, Марк П. Тейлор).
  12. «Кәсіпкерлік: теория, практика, процесс» (Дональд Ф.Куратко).
  13. «Менеджмент» (Рикки Гриффин).
  14. «Медиа этика» (Ли Энн Пек, Гай С.Рил).
  15. «Тіл біліміне кіріспе» (Виктория Фромкин).
  16. «Тіл және мәдениетаралық коммуни­кация» (Светлана Тер-Минасова).
  17. «Антропология тарихы мен теориясы» (Алан Барнард).
  18. «Төртінші индустриялық революция» (Клаус Шваб).
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *