Ойы – мөлдiр, жүрегi – пәк

Асылмен таныстығым отыз жылдан асты-ау деймiн. Бұл есiмдi алдымен сырттай естiдiм.Ол туралы әңгiмелегенде жұрт Асылдың басқа ұлт өкiлi бола тұра қазақ тiлiн жетiк бiлетiнiн аузының суы құрғағанша айтатын. Сөйтiп жүргенде оның жазғандары мен журналистерге берген сұхбаттары көзге шалынды. Сондайда әр сөзiне мән бере үңiлдiм. Менде бiр дағды бар-ды.

Университетте жүргенде ұстазым Кәкен Аханов фразеологияға (сөз тiркесiне) қатысты курстық жұмыс берген. Осы тақырыпты қаужайлап жүрiп, фразеологияның бiр саласы мақал-мәтел орманына қалай енiп кеткенiмдi де бiлмей қалдым. Сол жылдардан берi жарты ғасырдан асыпты. Мен болсам, бiреу бiр жаңа қанатты сөз айтса, тосын сөз тiркесiн, мақал-мәтел айтса, соны сол жерде есте сақтауға, кейiн дәптерге түсiруге ұмтылам. Асыл маған сөз  зергерi ретiнде қатты ұнайды. Оның ауызша сөйлегенiнен шешендiгiн сезiнем, сүйсiнем. Ол жақсы дәмдi сөйлейiн деп, ойланып, толғанып жатпайды. Бәрi лықсып, өздiгiнен құйылып тұрады. Бұл – табиғи дарын. Сирек құбылыс. Онда бiреу-мiреуге жақсы көрiнейiн деген пиғыл жоқ. Ойы – мөлдiр, жүрегi – пәк.

Жалпы, сөз – ақыл-ойдың жемiсi. Көргенсiзден көрiктi сөз шықпайды. Асылдың кеудесi – кәусар, жүрегi – мәуе. Сондықтан да айтар сөзi таза. Сондықтан да Асылды тыңдайсың да экологиялық жағынан еш кiнәраты жоқ, тап-таза жемiсiн ой елегiне салмай-ақ сiмiрiп жұта бересiң, жұта бересiң. Асыл – қазiргi казақ тiлiнiң сырқатын емдеп жүрген дәрiгер! Ақсақ тұсын жөндеп жүрген шебер ұста! «Қайтсек қазақ тiлiнiң көсегесiн көгертемiз?!» деп жүрген Сiз бен бiзден жоғары тұрған тұлға! Қазақ тiлiнiң  дамып, өркендеуiне, мемлекеттiк сипатының орнығуына үлес косып жүрген азаматтардың алдыңғы қатарында тұрған әзербайжан қызының мен үшiн орны бөлек. Оны туған қарындасымдай көремiн. Мен оның қадiр-қасиетiн барша қазақ халқының мақтан етiп, төбесiне көтерiп жүруiн қалар едiм. Үкiмет тарапынан да Асыл Османованы айрықша қамқорлыққа алынуын қалар едiм. Одан сый-сияпаттарымызды аямайық дер едiм. Оның қазақ тiлiнiң атақты, асқақ жанашыры болуы менiң жылай сөйлеуiме ерiксiз әкелiп отыр. Екi ұлттың анасынан жаралған Асыл – қазақ тiлi үшiн қашанда Асыл.

Сұлтанғали ҚАРАТАЙҰЛЫ,

Тұңғыш спорт комментаторы,

Әйтеке би ауданының (Ақтөбе облысы) құрметтi азаматы,

Қазақстан спортының құрметтi спорт қайраткерi,

Қазақстан спорт журналистикасының лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *