Алматының коммуналдық саласында кадрлық өзгерістер болды
Қала әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің коммуналдық саласының жаңа басшыларын таныстырды. «Алматы Су» қалалық кәсіпорнының бас директорлығына Ермек Үсенбаев тағайындалды. Өз кезегінде Қуаныш Бейсенбинов «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нің басшысы болды.
Бүгінгі тағайындауға дейін Ермек Үсенбаев Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болған еді. Ол әр жылдары Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, «Оңтүстік» және «Алматы» ӘКК-лар басқармасы төрағаларының орынбасары қызметтерін атқарды.
«Алматы Су» біріккен кәсіпорны жаңа басшысының алдына технологиялық процестерді автоматтандыру, шығынды оңтайландыру, қызмет көрсету сапасын арттыру сынды бірқатар міндеттер қойылды. Бұдан өзге, өндірісті модернизациялауды, инженерлік желілерді және жүйелерде апатты азайту үшін қондырғыларды ауыстыру жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет.
Ал бүгінгі күнге дейін «Алматы Су» кәсіпорнын басқарып келген Қуаныш Бейсенбинов «Алматы жылу жүйелері» ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалды. Ол әр жылдары Астананың Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының бірінші орынбасары және басқа да қызметтерді атқарған.
Жаңа басшыға кәсіпорынның жұмыс тиімділігін арттыру, жылудың нормативті және нормативтен жоғары шығындарын азайту, өндірістік процестер мен қызмет көрсетуді цифрландыру міндеттері қойылды.
«АҚШАМ-АҚПАРАТ».