«Жұмысымның тазалығы мен шынайылығын бірінші орынға қоямын»

Халықаралық Канн кинофес­тивалі — жыл сайын өтетін әлемдегі айтулы оқиға. Үстіміздегі жылы фес­тивальдің «Қысқа метр» бағдар­ла­масы бойынша 2436 кино­фильмнің ішінен тек 17-сі ғана негізгі байқауға өтті. Жаннат Алшанованың «Конец сезона» фильмі солардың бірі. Жас режиссерді алғашқы үлкен жетістігімен құттықтай оты­рып, өзімен тілдесуді жөн көрдік.  

– Жаннат, қуанышты хабардан құлағдар болып жатырмыз. Құттықтаймыз! Біз сіздің бұл салаға келгеніңізге көп болмағанын білеміз. Кино саласына қалай келдіңіз, сол туралы айта отырсаңыз.

– Мен қаржыгерлердің отбасында дүниеге келдім. Өзімнің бірінші маман­дығым да соған саяды. Десек те, біздің отбасымыз шығармашылықтан құралақан емес дер едім. Олар шығармашылық тұрғы­сынан толғанып, ойын қорыта алады. Режис­сер болсам деген арман бала кезден пайда болды деп айтпас едім. Бірақ менің әдебиетке, суретке, өнер тарихына, психо­логияға, шығармашылыққа деген сүйіс­пеншілігім мен қызығушылығым бұрыннан бар. Меніңше, мені кино саласына алып келген де солар.

Біз оқып жүрген кезімізде тәжірибені де қатар алып жүрдік. 2 жылдың ішінде сабақ та оқыдық және әр семестр сайын фильм түсіреміз. Сонда 2 жылдың ішінде аз дегенде 5 фильммен жұмыс жасайсыз деген сөз. Содан соң өзіңнің бітіру фильміңді түсіру үшін тағы бір жыл уақыт беріледі. Ол кезде  өзіңіз таңдайсыз, не режиссер, не продюсер есебінде боласыз.

– Енді фильм жайында айтсаңыз. Жұмысыңыздың атауы, жанры, актерлері туралы, түсірілім барысы жайлы білгіміз келеді.

– Фильмнің әдепкі жұмыстық атауы «Горячие источники» деп аталды. Өйткені, түсірілім жұмыстары дәл сол аумақта жүргізілді. Бірақ жұмыс барысында атауы өзгерді. Меніңше, «Конец сезона» атауы бір нәрсенің аяқталғанын білдіре отырып, тағы бір нәрсенің басталғанынан хабар беретін­дей, фильмнің мазмұнын жеткізе алатын секілді. Сонымен қатар, бұл атау фильмнің басты кейіпкерінің көңіл-күйін де суреттей алады. 50 жастағы әйел күйеуінің қонақ­үйіне келеді. Қонақүй шалғынды далада орналасқан. Онда әйел қонақүйді жауып, бір құжаттарды алып кетпек болады. Бірақ оның күнделікті қалыптасқан тіршілігін бұзатын бір кездесу орын алады. Фильмнің жанры менің жаныма өте жақын. Сондық­тан дәл осы жанрды алдым. Біз түсірілімді бастамас бұрын, дайындық кезеңінде үлкен жұмыс атқардық. Сондықтан болар, негізгі түсірілім кезінде айтарлықтай қиындықтар туындаған жоқ.

Басты рөлдерді Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Роза Хайруллина мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дулыға Ақмолда сомдады. Сондықтан мұнда да бізде қиындықтар туындаған жоқ. Талантты  актерлердің жұмысына разы болдым. Түсірілім 6 күнге жалғасты.

Түсірілім тобының мүшелері, негізінен, менің лондондық кино мектептегі курстас­тарым. Оқиға желісі ойдан шыққан. Сюже­ті менің бұрынғы жазбаларым мен Розаны қабылдау, түсіну негізінде қалыптасты. Фильм сезіну қабілеті өзінде қайтадан ашылған әйел жайлы баяндайды. Оны жар­тылай лондондық кино мектебі қаржы­лан­дырды. Ал қаламақы тек әртістер мен техникалық қызметкерлерге ғана төленді. Оператор, қоюшы продюсер, екінші режиссер және гаффер маған көмек қолын созу үшін шет елдерден ұшып келген менің достарым.

– Жұмысыңыздың үздіктер қатарына кіргені жайында қайдан естіп, қалай білдіңіз?

– Үстіміздегі жылғы наурыз айының басында фестивальдің шығармашылық директорынан құттықтау хат алдым. Онда ол фильмге қатысты өз пікірін де білдіріпті. Бұл мен үшін күтпеген жағдай еді әрі үлкен бақытқа кенелтті. Қатты қуандым. Өйткені, сонша тізімнің ішінен таңдалып алынғаны жұмысымның жетістігін көрсетті.

– Егер осы фильмді қайта түсіруге тағы бір мүмкіндік берілсе, нені өзгертер едіңіз?

– Фильммен жұмысты тек тоқтатуға болады, аяқтауға емес деп жатады ғой. Сол секілді, бір түсірілген фильмді қайта түсіру арқылы оны жақсырақ етемін дегенге қосылмаймын. Бұл фильмді қайта түсіруге маған мүмкіндік берілсе де, мен оны қайта түсірмес едім. Ол өз жұмысымды кемшілік­сіз деп санағандықтан емес. Мен онда менің жетістіктерім мен кемшіліктерім қатар көрініс табуы тиіс деген ойдамын.

Мен киноны фестивальдарға, байқау­ларға арнап түсірмеймін. Дегенмен, фильм­ге осындай жоғары баға бергеніне дән ризамын. Бірақ мен үшін бірінші орында жұмысымның тазалығы мен шынайылығы тұрады.

– Жоспарыңызбен таныстырсаңыз…

– Келесі жылы толық метрлі жұмысқа продюсерлік ету және өз фильмімнің сцена­рийімен жұмыс істесем деген ойым бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

 

«Ақшамның» анықтамасы

Жаннат Алшанова 2007 жылы Қазақстан менедж­мент, экономика және болжау институ­тын Іскерлік әкімшілік және бухгалтерлік есеп мамандығы бойын­ша үздік тәмамдаған.

2009 жылы Испания еліндегі Бизнес пен марке­тингтің жоғарғы мектебінде маркетинг мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Бірнеше жыл  қаржы, бизнесті жоспарлау, маркетинг пен менедж­мент саласында қызмет еткен.

2011 жылы қызметін ауыстырып, кино саласына бет бұрды. «Марко Поло» (Нетф­ликс) телесериал түсірілі­мін­де көмекші, «Жат» (реж. Е.Тұрсынов) фильмінің түсіру алаңында фотограф болып жұмыс істеді. Сонымен бірге, актерлік шеберлік сабақтарын алып, кино және драматургия саласын зерттеп, суретке машықтанып, шағын әңгімелер мен сценарийлер жаза бастайды.

2015 жылы лондондық кино мектебіне қабылда­нып, 3 жыл ішінде «Заноза» (Түркия), «Береза» (АҚШ) секілді қысқа метражды бірнеше фильммен жұмыс істеп, Оңтүстік Африкада түсірілген «Мы благодарны» толық метражды фильміне қауымдастырылған продюсер болды.

Бірінші фильмі «Отель Белая Орхидея» опера­торлық өнер  саласындағы ең айтулы фестиваль­дер­дің бірі — Camerіmage (Польша) фестивалінің негізгі конкурсына өткен. Сондай-ақ, аталған фильм 16-Пекин киноакадемиясының кино және Бейне халықаралық студент­тер фестивалі бағдарламасына, «Фотоуве­личение» халықаралық Артхаус (Чикаго, АҚШ) фестиваліне таңдалып алынған.

«Конец сезона» қысқа метражды фильмі түс пен өңнің, өткен шақ пен болашақтың арасын баяндай­тындай. Түсірілім Алматы облысындағы ыстық бұлақ­тарда 6 күнге жалғасқан. Бұл орын Жаннат үшін киелі. Өйткені, ол өзінің бірінші жобасымен дәл сол аймақта жұмыс істеді.

 Тақырыпқа орай

Канн кинофестивалінің  Синефондасьон бағдарламасы жаңа таланттарды іздестіру мақсатында 1998 жылы құрылған. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен қысқа және толық метражды 15-20 фильм таңдалып алынады. Синефондасьон байқау бағдарламасы бағдарламаның негізгі бөлігі болып табылады және үздік делінген фильмдер қазылар алқасының назарына ұсынылып, ішінен 3-еуі алынады. Жеңімпаздарды Бунюэль атындағы залда өтетін арнайы марапаттау рәсімінде хабарлайды. Таңдалып алынған 3 жеңімпаздың алғашқысына – 15000, екіншісіне – 11250, үшіншісіне — 7500 еуро беріледі. 

«Синефондасьон» бағдарламасының бірінші жүлдесі иегерінің жұмысы Канн фестивалінде көрсетіледі. Ал берілген қаржы оның «Канн фестивалінің «Синефондасьон» бағдарламасының» қолдауымен» деген титрмен көрсетілетін келесі фильмін қаржыландыруға бағытталады. 2018 жылы әлемнің  түкпір-түкпіріндегі киномектептерден келіп түскен 2426 өтініштің тек 17-сі ғана таңдалып алынған. Қазылар алқасының президенті болып француз кинорежиссері, сценарист әрі композитор – Бертран Бонелло тағайындалған. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *