Тіршіліктің тынысын ашқан Тыныбаев

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 

Әбубәкір Тыныбаев бүкіл саналы ғұмырын еліміздің су шаруашылығына арнаған көрнекті министр, іскер обком хатшысы болды. Сырдың көркеюіне, Алматының абаттануына, Жетісудың жайнай түсуіне қомақты үлес қосты.

 

Су патшасы – мұрап

 

«Ас атасы – нан» деп жатамыз. «Нан болса, ән де болады» деп әндететін де кезіміз бар. Елімізде халық күнделікті көп тұтынатын тағамдардың ең қажеттісі – нан. Тіршіліктің арқауына айналған ас атасының қадір-қасиеті, тіршілікте алар орны тым ерекше. Биік жерде тұрған нанға адам қолы жетпесе, Құран кітабын басып тұрып алуға болады деген хадис те бар. Қысқасы, нанның адамзат өмірі үшін аса бағалы екендігі ақиқат. Ал енді сол қасиетті нан қайдан және қалай пайда болады? Әрине, өмірде көріп жүргеніміздей, дәннен пайда болады.  Дән суда өніп, содан нәр алып өсіп шығады.

«Су – тіршілік көзі» деген көнеден келе жатқан көрнекті  тәмсіл бар. Бұл тұжырымды ойдың  мәні ешқандай дәлелді қажет етпейтін аксиома. Біздің  бүгінгі кейіпкеріміз сол тіршіліктің көзі, нәрі атанған су маманы. Жәй маман ғана емес,  Қазақстанның бас мұрабы болған қайраткер. Қазақта:

«Су патшасы – мұрап,

Түн патшасы – шырақ» –

деген мақал бар. Осы тұрғыдан келгенде, «Су патшасы» десек те, артық болмаса керек.

Әбубәкір Тыныбаев  қиын да қадірлі осы бір мамандықты неге таңдады, мұраптықты қалай мұрат етті деген сұрақтың ойға оралатыны рас. Сыр бойында өсіп-өнген қайраткердің, ауылдың, жұртшылықтың қамын жеген азаматтың су мәселесімен айналысуы заңды құбылыс. Оған негіз де, сол жолға бастайтын мектеп те жоқ емес еді…

XІX ғасырдың 60-жылдары ескі Шиелі өзегін қаздырып, сол аймақты жасыл желекке айналдырған, Ақарық су арнасын қаздырып, Айдарлы елді-мекенін құтты қоныс қылған Нұртаза Қосымбетахунұлы деген мұрап болған. Сыр өңірін су мен нуға кенеген оның алапат қимылын ұрпақ ұмытпайды. Тіпті ерен еңбегін елеген Ресей патшасы Николай ІІ Нұртаза Қосымбетахунұлына «Мираб» медалін беріп, шекпен кигізген. Сыр мұрабы Нұрта­заның ізін лайықты жалғаған ізбасар­лары баршылық. Олардың 1927 – 1930 жыл­дарда Қызылорда облысының егін шаруа­шылығын жандандыру мақсатында атқарған істері, еңбек соқпақтары Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаш аудандарының шаруашы­лықтарында сайрап жатыр.

 

Сыр ұланы су жағалап өседі

(кейіпкердің қысқаша ғұмырнамасы)

 

Әбубәкір Тыныбаев  – 1927 жылғы З1 желтоқ­санда Қызылорда облысы, Қазалы

ауданының Жаңақазалы қыстағында (қазір Әйтеке би кенті) теміржолшы отбасында дүниеге келген. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының гидроме­лиорация факультетіне оқуға түсіп, оны 1953 жылы бітіреді. 1953 – 1956 жылдары Акмола облыстық  Су шаруашылығы басқармасының құрылыс жөніндегі аға инженері, Ақмола облысы Жаңа Черкас ауданының Жоғарыесіл көлдетіп суару басқармасының аға инженері болып істейді.

Әбубәкір Тыныбаев облыстың көлдетіп суару жұмысының дамуына күш сала жүріп, тыңдағы жаңа кеңшарларды сумен қамтамасыз етуге, тың және тыңайған жерлерді игеруге белсе­не араласады. 1956 жылы Есіл өңірінде  жұмыс істеп жүрген жас маман мемлекетке тұңғыш рет Қазақстан миллиардының (мил­лиард пұт астық) тапсырылуына өз үлесін қосады.

Сол жылдың қараша айында Қазақстан Су шаруашылығы министрлігінің ұйғарымымен өзі туып-өскен Қызылорда облысының Қазалы ауданына қызметке жіберіледі.  Қазалы суландыру жүйесі басқармасының суды пайдалану жөніндегі аға инженері, бас инженері және бастығы,  Қазалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары,   Қызылорда облыстық суландыру жүйесі басқармасының бас инженері, бастығы,  «Қызылордасуқұрылысы» тресінің басқару­шысы болып істеді. 1969 жылы Қазалы су торабының құрылысын мерзімінен бір жыл бұрын аяқтауды қамтамасыз етті. Ал 1971–1972 жылдары Қызылорда облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1972–1974 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кызметтерін атқарды.

Қызылорда облысында еңбек еткен 18 жыл ішінде Әбубәкір Әлиұлы күріш суландырудың жаңа инженерлік алқаптарын жобалауға, салуға, игеруге және облыстың барлық ауданда­рында үлкен арналы каналдар, су құрылыс­тарын жүргізу мен оларды пайдала­нуға беруге белсене қатысты. Бір ғана Қызыл­орда облы­сының екі жүз отыз бес мың гектар жері сула­нып, оның жүз елу мың гектар жеріне күріш дақылы егілді. Осындай игі шаралардың нәти­жесінде, облыста суландырылған жайы­лым үш миллионға дейін ұлғайды. Осы орайда сол жылдары облыс диқандарының күріштің әр гектарынан елу центнерден өнім жинағанын айту ләзім.

 

Үлкен Алматы каналы

(ауа жетпей тұншығып жатқан қаланы қақ ортасынан жарып өтті)

 

1974–1981 жылдары Әбубәкір Тыныбаев ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып істеді. Осы жылдарда ұйымдастырушылық таланты ерекше жарқырай көрінді. Елімізде суармалы егіншілік одан әрі дамытылды. Зор көлемде атқарылған мелиорациялық жұмыстар тұрақты суармалы аймақты екі миллион гектардан асыруға мүмкіндік берді.

Мелиорациялық нысандар сапасы жағынан жаңартылды. Қондырғылармен, коллектор-дренаж желісімен жарақтандыру деңгейі айтарлықтай жақсарды. Суармалы жерді пайдалану тиімділігін жоғарылату нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарын өндіру мен олардың өнімділігін үздіксіз арттыру қамтамасыз етілді. Су шаруашылығында, оның құрылыс саласында прораб, инженер, трест бастығы сияқты абыройлы еңбек жолдарынан өткен Әбекең сол уақытта жинақталған тәжі­ри­белерін үлкен лауазымды министр қызме­тіне келгеннен кейін шебер пайдалана білді.

Сол кезеңде жаңадан канал тарту, су қой­маларын салу қарқынды жүріп жатты. Әйгілі Қазалы каналы, сексенінші жылдардың басында Бартоғай су қоймасы, Шығыс Қазақ­станда Қандысу, Ақтөбе облысында Елек, Семейде Егінсу және Шар су қоймасы. Жана­қорғанда Бесарық су қоймасы салынып, 1970 жылдан 1985 жыл аралығында суармалы жер көлемі республикада бір миллион үш жүз жетпіс мың гектардан екі миллион екі жүз отыз төрт мың гектарға дейін ұлғайды.

Қазақстан диқандары миллиардтан астық жинап, миллиондап шитті мақта теріп, мәре-сәре болған  кез сол уақыттардың еншісінде болды.

Министр болып тұрған кезінде сол кезгі астанамыз Алматының абаттануына айтар­лықтай үлес қосты. Үлкен Алматы каналы ауа жетпей тұншығып жатқан қаланы қақ орта­сынан жарып өтті.

Бұл туралы Алматы облыс­тық партия комитетінің 1978–1985 жылдардағы бірінші хатшысы Кеңес Аухадиевтің естелігінен:

«… Біздін таныстығымыз ол кісі 1974 жылы Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып тұрғанда басталған еді. Мен Алматы қала­лық Совет ауданының бірінші хатшысы, одан кейін Алматы қалалық  атқару комите­тінің төрағасы лауазымдық қызметтерін атқа­рып жүргенде де арамыз алшақтап көрген емес.

Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін жоғарыдағы таныстығымыз шынайы сыйлас­тыққа ұласып, қарым-қатынасымыз тереңдей түсті. Қай басшы өзі басқарған шаруашы­лықты көркейткісі келмейді. Шынын айтсам, осы қызметке келген күннен бастап мені астаналық облыстың судан тапшылық көріп, зардап шегіп отырғаны қатты алаңдата бастады. Құнарлы, суармалы жердің бәрі таудың бөктеріне орналасқан. Ылдидағы тулап аққан Іле өзені­нен пайда жоқ. Судың тапшылығы, әсіресе, көктемгі егіс науқанында қатты сезілетін… Не істеу керек?

Аграрлық саланың ғалымдары мен су шаруашылығының мамандарын жиып, мәжіліс өткізуге тура келді. Сонда Тыныбаев кәнігі су маманы әрі су шаруашылығының басшысы ретінде әлгіндей жиындарда өзінің ой-пікірін, ұсынысын айтып, жанашырлық танытып отырды. Оның іске деген мұндай адалдығы бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Осындай жиындардың нәтижесінде мамандар алдымызға екі түрлі мәселені қойды. Біріншісі,  Қапша­ғай­дан суды насос арқылы көтеріп, Қараой өңірін суландыру көзделсе, екіншісі, Бартоғай су қоймасын жасап, Үлкен Алматы каналын тарту қажеттілігі еді. Ең болмағанда мұның біреуін жүзеге асырмай, облыс шаруашы­лығын көтеру мүмкін емес еді. Екі жобаны да игерудің мүмкіндігі болмаған­дықтан, Үлкен Алматы каналының жобасына тоқтадық. Оңтайлысы осы болды. Канал шын мәнінде халықтық құрылысқа айналды…

Бұл халықтық істің бел ортасында халыққа біртабан жақын адам Тыныбаев та жүрді. Ол жұмыстың игілігін күні бүгінге дейін қалың жұртшылық көріп келеді…» деп жазыпты.

 

 

Жетісу жерін жайнатты

 

Әбубәкір Тыныбаевтың 1981–1986 жылда­ры Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген уақыты оның ежелгі Жетісу өңірін гүлдендіруге қосқан үлкен үлес кезеңі болды. Осы кезеңде облыс­тағы суландырылатын жер көлемі едәуір ұлғайып, 187 мың гектардан асты. Дәнді дақыл­дардың өнімділігі артты, жүгері, күріш, картоп, көкөніс, сондай-ақ, ет, сүт, жүн және жұмырт­қа өндіру мен дайындау көлемі ұлғайды. Облыста ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру 1975–1980 жылдармен салыстырғанда  7 пайызға, соның ішінде егіншілік 8 пайызға, ал мал шаруашылығы 6 пайызға өсті. Мал түлік­терінің саны көбейді. Өнеркәсіп өнімдерін шыға­ру мен өткізу, тұрғын үйлер, бала бақша­лар, денсаулық сақтау нысандарын, жаңа суармалы жерлерді және жолдарды пайда­лануға беру жоспарлары асыра орындалып, жүк және жолаушылар тасу, сауда айналымы мен тұрмыстық қызмет  көрсету көлемі артты.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1970–1984 жылдардағы төрағасы, Социалистік Еңбек Ері, Бәйкен Әшімовтің естелігінен:

«…Министрлік қызметтен кейін Әбубәкір Тыныбаев Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Бұл Ә.Ә.Тыныбаевтың барлық көңіл-қошымен, ынта-жігерімен еңбек еткенжыл­дары еді. Өзі су маманының тілегін Құдай осы жерден тауып берді.

Жетісу өлкесіндегі жеті өзеннің бесеуі Талдықорған облысының аумағымен ағады. Су да, суармалы егісі де мол. Және бұл кезде аймақты гүлдендіруге  атсалысып, сол кездегі шаруашылық басшылары, олардың ішінде есімдері. Одаққа әйгілі болған Н.Н.Головац­кий, З.Ж.Тамшыбаева сияқты майталмандар еңбек көрігін қыздырып жатқан болатын… Жеке басын сипаттағанда Әбубәкір Тыныбаев мейлінше қарапайым, ақкөңіл, айналасына сәулесін түсіріп жүретін мәдениетті, ал іске келгенде өз мамандығын қапысыз меңгерген, ұйымның ұйытқысы бола білген жаны жайсаң азамат еді…».

 

Бекіре шабақтарын өсіретін тоғандар салды

 

Ә.Тыныбаев … Қапшағай теңізі құрылы­сының үздіксіз және кең ауқымды жүргізі­луіне байланысты уылдырығының әр түйірі алтынға бағаланатын бекіренің Алматы облысы бойынша осы жылдары жойылу қаупі туындады. Өзі баяу өсетін, өнімін 15–20 жылдан кейін ғана бере бастайтын балықтың осы түрі суы мол өз жерінде жетімсіреп, өгейсіреп қалғаны көңілді қобалжытқан мәселе болды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатын обкомның бірінші хатшысы өз назарында ұстады. Әбубәкір Әлиұлы Қапшағайда балық өсіретін жаңа тоғандар салуды ұсынып, нақты қолұшын беретінін айтты. Нәтижесінде тек бекіре балығының ғана емес, сарқыраған таудың суына бауырын төсеп, ағысқа қарсы өрлеп тіршілік кешетін, тұщы суда ғана өсіп-өнетін форель балығы тұқымын көбейту де қолға алынды…

Мемлекет және қоғам қайраткері, республи­калық Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі­нің байырғы төрағасы Мақтай Сағдиевтің естелігінен:

«…Әбекеңнің бұл кезде әлі республика­мыздың бас мұрабы – Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып кызмет атқарып тұрған кезі. Балық үшін су ауадай қажет. Ал судың көзін Әбекеңнен артық біле­тін адам Қазақстанда жоқ. Мәселе оның осы саланың министрі болған­дығынан емес, жәй адамға байқала бермейтін суға әмірін жүр­гізе ала­тын ерекше қасиетінде еді. Әбекең суды өмір нәрі ғана емес, таби­ғат, өмір құбылыс­тарын бол­жауға мүм­кіндік беретін ақпарат көзі деп білетін.

Талдықорған, Көкшетау, Орал, Алматы, Қостанай, Шымкент және Қызылорда облыста­рындағы балық қорларын қалпына келтірудегі негізгі, әсіресе, су ресурстарына байланысты мәселелерді Әбубәкір Әлиұлы өз мойнына алып, олардың тез және сапалы шешілуін қадағалап отырды. Атаған облыс­тардағы балық личинкаларын өсіре­тін инкуба­циялык цех, тоған құрылыстарының сәтті салынуы – осының айғағы.

Әбекеңнің қолына Талдықорған облысының билігі тиген күннен бастап Балқаш пен Алакөлде балық өсіретін инкубациялық цехтардың құрылысын тездетіп салуды бірінші кезекте қолға алды. Тек балықты өсіріп кана қоймай, оны қорғау, сақтау мәселелерін де алғаш болып Әбекең көтерді…

Нәтижесінде Алакөл әркім қолын сұға беретін күтімсіз мекен емес, құтты орынға айналды. Жау­һардай маржан жерлеріне рұқсатсыз баруға тыйым салынып, браконьер­лердің жолы кесілді. Күні бүгінге дейін Алакөлдің түбінен түсі мың құбылған малта тастарды бұлдырсыз анық көрсек, су бетінде ойнаған ақ шабақтарды қызықтасақ, мұнда Әбекеңнің қолтаңбасы бар деп білуіміз керек…».

 

Доссыз өмір – тұзсыз ас

 

Әбубәкір Тыныбаев достыққа берік, сыйластыққа  құрметпен қарайтын азамат еді.

Ұзақ жыл сыйлас әрі сырлас болған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Сейдәлім Тәнекеевтің естелігінен:

«… алғаш жолыққанда Әбекең жалындап тұрған өршіл, талапшыл болатын. Еңбегін ауданда, төменгі сатыдағы жұмыстан бастаған, есейіп, калыптасып, қызметі өсіп, аудандық су шаруашылығы бөлімін басқарған, облыстағы мелиорация жүйелерін салуға тікелей қатысып, тәжірибе жинақтаған, бойындағы қуаты мен білімі ел көзіне ілінген 35 жастағы азамат еді.

Сыр бойының су шаруашылы­ғы­ның тек өзіне ғана тән ерекшелігі баршылық қой. Жері сортаң, қыр­тыссыз, сол себепті арықтары мен жармалары тез балшықтанып, жылда қайтадан тазалап тұруды қажет етеді.

Облыс басшылығы Әбекеңнің осы ерекшеліктерін жақсы білетін­діктен, облыстық Су шаруашылығы басқармасының бас инженері лауа­зымына тағайындады. Араға жарты жыл салып осы басқармаға бастық етіп бекітті.

Табиғаты қуаң Қызылорда облысы Қазақстанның бірден-бір күріш өсіретін аймағы. Сондықтан да су шаруашылығы мамандарының жұртшылықтың алдындағы абыройы биік келеді. Әбекең ел сыйлаған осындай мамандық иесі еді.

Әсілі, суармалы жерді игерудің неше алуан ерекшелігін білмеген адамға бұл іс жеңіл көрінеді. Ал шын­туайтында, бұл – ерен білікті, қажымас еңбекті талап ететін өте ауыр да күрделі тіршілік. Су дегені­ңіз – бір көргенге күнделікті пайда­ланылып жатқан тіршіліктің қорегі болғанымен, ол өте білгір қатынасты талап ететін табиғаттың ерекшелігі мол қасиетті туындысы ғой. Суар­малы егіндікке баратын су аз болса, күндіз-түні су іздеп мазаң кетеді. Ал көп болса, асау тұлпардай бой бермей қиын­шылық туғызады. Сыр бойы – әр жыл сайын осы ерек­шелігін арқала­нып жүріп еңбек­тенуді талап ететін орны бөлек өңір.

Әбубәкір Тыныбаев осындай қиын да абыройлы мамандықты игерген, шаршау дегенді білмейтін іскер азамат еді…

Біз Әбекең екеуміз кызметке байланысты тікелей жолдастық қатынаста ғана болып қойған жоқ­пыз. Уақыт озған сайын сыйымыз жарасқан сырлас болдық. Арамыз­дан қыл өтпеген жақын жолдас, дос едік. Әбекеңнің табиғи қарапайым мінезі кісіні тартып тұратын. Ол бір жұмысты қолға алғанда айналасын­дағы азаматтарға ықыласпен сүйене білетін, кеңдігі мол, талабы да, тар­тымдылығы да бір басына жетерлік қайраткер еді…».

 

Сыр диқандарына арналған

(«Дария» романы қалай жазылды?)

 

Әбубәкір Тыныбаев ел байлы­ғын еселеумен бірге рухани бай­лықты да бір сәт жадынан шығарма­ған, мәдениет пен әдебиет саласында жүргендерге үнемі қамқорлық көрсетіп келген абзал азаматтардың бірі еді.

Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, жазушы Дүкен­бай Досжанның естелігінен:

«…туған жеріміз, Сырдария өзені­нің сол жағалауындағы қажыр-қайраты алабөтен өлермендер елі. Ондағы ащы терімен астық өсіріп жүрген диқандар әулеті туралы жазсақ дейміз.

Әсіресе, жаңадан ірге бекітіп жатқан, шаңырақ көтеріп жатқан ірі шаруашылықтың бүге-шігесіне көз жіберу – ғанибет нәрсе. Шаруа адамының шытырман, шат-шәлекей тұрмысын тірі сөзбен суреттеу – қиынның-қиыны.

«Ендеше, Сыр бойының тірші­лігін айнадан көргендей айна-қатесіз сорғалатып айтып беретін осында бір министр бар. Аты-жөні  – Әбубәкір Тыныбаев, өзіңнің жерлесің», – деген сөзді естіген едім. «Қабылдай қояр ма екен, қабылдаса жөн болар еді» деп, жүрексініп жүріп телефон соққам.

Көмекшісі көтерді.

– Ол кісінің журналистермен кездесуге уақыты жоқ, – деді әлгі көмекші зілдей етіп. Сосынғы сөз сықпыты төмендегіше өрбіді.

– Мен журналист емеспін, жазушымын, – деймін.

– Бір-бірінен айырымы не?

– Журналист болған оқиғаны болғандай баяндайды, жазушы дүниені боямалап береді.

–  Министр боямалаған нәрсені жаратпайды. Әкесі өлсе де тура айтқанды ұнатады.

– Сіз түсінбей тұрсыз. Әбубәкір ағаны боямалап неғыламын, ел тіршілігі туралы ақылдассам, ойлас­сам деп едім.

– Білмеймін, білмеймін. Бояма­шы жазушы келіп тұр деп айтып көрейін.

Мына түрімен сауатсыз көмекші бәрін бүлдіретін болды-ау деп іштей қауіп қыламын.

Қалай баяндағанын кім біліпті, кейіннен хабарлассам, министр қабылдайтын болыпты. Көмекшісі: «Ертең, бейсенбі күні сағат 17-де келіңіз», – деді. Бұл 1974 жылдың қараша айы болатын.

Қар жауып төпелеп иық жаз­дыр­май есті шығарып тұрған. Белгі­ленген мерзімге бар тәуірімді иығы­ма іліп, министрдің қабылдауына келдім.

Үлкен кісі көп күттірмеді. Жарма есік ашылып ішке өткенде – шашын солдан оңға қарай «жартылайбокс» етіп қидырған, кең маңдайлы, жанары өткір, қыр мұрынды, қабағы салың­қы орта бойлы кісі түрегеліп, қолын ұсынды. Қарсы алдындағы орындық­ты нұсқады. Қалың қабағынан: «Шаруа күйіп тұрғанда мазамды алған қайсың?» дегендей салқын сөзді оқыдым. Бірауық үнсіз оша­рыл­дық.

«Иә», – деді әлден уақытта Әбу­бәкір Әлиұлы зілдей етіп. «Баяғыда, 40-жылдар қарсаңында Сәбит Мұқанов «Сырдария» атты диқан­гер­шілік туралы роман жазды, содан кейін жерге еңкейіп, маңдайтерін саусағымен сыпырған диқан туралы толымды шығарма тумай жатыр. Сыр диқандары туралы роман жазсам деп едім. Соған ақыл-кеңес сұрайын деп…». Өз әлімше түсіндіріп жатырмын.

– Менде қайдағы ақыл.Тақыл-тұқыл ақылым өзіме де жетпей жүр. Осы сендер бұлттың үстінде қалық­тап ұшып жүресіңдер. Ана Андрей Платоновтың «Қазаншұқыр», Мариэтта  Шагинянның «Гидроузел» секілді романдарын оқимын да, қазақ жазушылары махаббаттан өзгені неге жазбайды деп қайран қала­мын. «Махаббат мұнарасы», «Махаббат, махаббат», «Махаббат аралы» деген кітап жарнамасынан көз сүрінеді. Сен де сол күйіп-жанған сүйіспендікке жығылып-сүрініп жүрсің ғой, мен білсем.

– Махаббат мәңгі жырланып бітпейтін үлкен тақырып қой…

Әбекең екі қолын шарт еткізеді, саусағын кесіп шашын тарады.

– Ендеше, елге бармай-ақ, саябақта жүріп-ақ жаза бермеймісің! Кісіні шаруасынан бөлмей!

– Әбеке, қайтайын, сөзіміз жарасатын емес. Алтын уақыты­ңызды бөлгеніме ғафу өтінемін. Осы сөзбен тұрып, қош айтысып, бөлме­ден шығып кетуге бет алдым. Есік алдына жетіп қалған едім, дауыстап кідіртті.

– Әй, ту сыртыңнан сеземін, өкпелеп бара жатқаныңды. Кідірші, қалтамнан суырып беретін ақылым да, ақшам да жоқ. Сыр бойы сушы­лары туралы жазады деп министр­ліктен бір айға іссапар берейін. Жолыңды, тамағыңды көтереді. Түсінемін, ақын-жазушының қалта­сы ылғи жұқарып жүретінін, –деді Әбекең жарқырап отырып.

Сол кездегі Мелиорация және су шаруашылығы министрі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев уәдесінде тұрды, осынау естелік авторына бір айға Қызылорда облысына іс-сапарға рұқсат алып берді…».

Оқырманның осы іссапардың соңы не болды екен деп елеңдеуі мүмкін ғой. Айта кетейік. Жазушы Дүкенбай ағамыз сөзін жерге тастамай, желге ұшырмай,  одан қорытынды шығарады. Жылдың аяғында «Дария» деп аталатын  көлемі қомақты су жаңа романды министр Тыныбаевтың өз қолына өз қолымен тапсырыпты.

ӘбубәкірТыныбаевтың өнерге жақын болғанын айтқанда, қолы қалт еткен шақта Сыр сүлейлерінің жыр-термелерін жиі оқитынын, сәті түсіп жатса теле-радиодан жібермей тыңдайтынын да оқырманға жеткіз­ген жөн. Қолына қалам ұстаған бірнеше досы болды. Әсіресе, Кәкім­бек Салықов, Әбдіраштың Жарас­қанының орны бөлек еді. Жарасқан екеуі «Сыр сарқырамасы»  атты сұхбат (сұрақ-жауап) кітап жазбақ­шы болып уәделесіп те қойған екен…

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, салиқалы ақын Салықов  Әбекеңе талай өлең арнапты. Солардың бірі 2002 жылы жазылған «Ауылды ойла…» деген өлеңінде былайша тебірене жырлайды (үзінді):

«…Сәл кідіріп тағы да

айтты Әбубәкір,

«Бастарыңда құдай берген

бар шатыр,

Ауылды ойла, ауырды ойла,

достарым,

Өзің үшін бар тәбетті тарта тұр!»

Жылдар өтті, үлкен жолдар

басталды,

Облысты да Әбекең

нық басқарды.

«Су иесі – Сүлеймен» де атанды,

Министр боп бастап

өтті жастарды.

Не десе де бір көрген жан сенеді,

Асыл мінез, алды жарқын

кең еді.

Әбубәкірдің бүгін тура

келіп тұр,

«Ауылды ойла, ауырды ойла»

дегені».

Көрнекті министр, білікті басшы, білгір хатшының өсиет-ойы бүгінгі күнмен үндесіп тұрған жоқ па? Ақиық ақынның  шебер жыры ол ойды шегелеп жеткізіп тұр.

 

 

Сөз соңы

 

«Өзен ұзақ ағады бұлағы болса басында,

Іздеген бақыт табады жалықпаса жасында», – дейді данышпан халқымыздың қанатты сөзі. Осы ғажайып тәмсіл мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыны­баевқа  арналғандай. Артында қалған тұяғы Нәби Әбубәкірұлы  әкесіне арнап «Қалдырған ізі мәңгілік» деген атпен екі кітаптан тұратын  қалың том шығарды. Екі кітапқа қайраткер әкенің ерен еңбегіне куә болған, парасатын сезінген, қамқорлығын көрген 100-ге жуық мемлекет, қоғам қайраткерінің, замандасының, әріптесінің, аға-іні, құда-жек­жаты­ның естелігі топтастырылған. Ұзақ ағатын өзеннің  басындағы бұлағы деген осы емес пе? Мақалада үзінді келтірілген естеліктер осы  қалың томнан алынды.

Әбекең еліне сіңірген ерен еңбегі нәтижесінде Ленин орденімен, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, көптеген медаль­дармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген инженер-гидротех­нигі. КСРО жоғарғы кеңесіне бір рет, Қазақ КСР жоғары кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды.

Әбубәкір Тыныбаевтың жарқын бейнесін қазақстандықтардың жадында    қалдыру мақсатында бір­ша­ма игі шаралар жүзеге асырыл­ған. Туып-өскен Сыр бойында қайраткердің атында көшелер мен ғимараттар бар. Алматыда өзі тұрған үйдің қабырғасына алтын әріппен аты-жөні жазылып қойылды.

«Қалқаман-2» ықшамауданының бір көшесіне қайраткердің есімі берілді. Басқа да атқарылған игі шаралар баршылық.

Қайраткердің өткен жылдың 31 желтоқсанында туғанына 90 жыл, өмірден озғанына 20 жылдың жүзі болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close