Менингиттің  беті қайта бастады

 Нұржамал БАЙСАҚАЛ

 

Алматы жұртының ғана емес, еліміздің бірқатар аймақтарына алаңдаушылық туғызған менингит ауруының беті  қайта бастады. Соңғы үш күнде Алматы қаласында менингококк жұқпасын жұқтырған және осы жұқпаның салдарынан менингитке шалдыққандар тіркелмеген.

Бұл жөнінде Алматыға  арнайы іс сапар­мен келіп, баспасөз  мәслихатын өткізген  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.  Министрдің тосыннан келгені қаладағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен жұқпалы аурулар ауруханаларының бас дәрігерлерін біраз абдыратып тастағаны  анық. Осы сапар  барысында еліміздің бас дәрігері  Елжан Амантайұлы тек жұқпалы аурулар ауруханасында ғана емес, жедел медициналық көмек көрсететін саладағы және  жұқпалы аурулар ауруханала­рын­дағы қабылдау бөліміне қатысты бірқатар кемшіліктерді анықтап, сол бойынша тиісті  басшыларға   ескерту жасады.

Сондай кемшіліктердің бірі – жұқпалы аурулар ауруханаларындағы кезектің көптігі  болды.   Мәселенің анық-қанығын білген министр  қабылдау бөлімдерінде науқастарды шұғыл қабылдау үшін маман­дардың жетіспейтіндігіне көз жеткізіп, аталған емдеу мекемелерінің басшыларына жедел түрде  науқастарға ақыл-кеңес беретін посттар құруды тапсырды. Ал балалар жұқпалы аурулар ауруханасында болған министр  уақытша  ұйымдасты­рыл­ған 30 төсекті қабылдау бөлімінің жұмы­сымен  танысты.  Егу кабинетімен жабдық­талған бұл бөлімде науқастарды қабыл­дауға, диагнозын анықтауға қажетті бар­лық жағдай жасалған. «Қажеттілік туындап жатса,  бөлімді кеңейтуге мүмкіндік барын, бірақ оған қазірше ешқандай қажеттілік  жоқ», – деді балалар жұқпалы аурулар ауру­ханасының бас дәрігері Ержан Сералин.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  елімізде 4 маусымға дейін менин­гитке шалдыққан 59 адам тіркел­генін, оған өткен тәулікте тағы бір жағдайдың қосылғанын айта келіп, біртіндеп аурудың беті қайтып, қауіптің сейіле  бастаған­дығын, Алматы қаласында  соңғы үш күнде менингитке шалдыққандардың тіркелме­ген­дігін айтты. Дейтұрғанмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Сол себепті, нау­қастарға алғашқы көмек беретін барлық саланың жұмысының жандандырылғанын,  менингококты жұқпаның алдын алу және оған көрсетілетін алғашқы көмек жайында республикалық  шұғыл телефон желісінің құрылғандығын жеткізді. Бұл желіге еліміздің барлық аймақтарындағы тұрғын­дар хабарласып,  жұқпалы аурулар дәрігер­лері мен эпидемиолог мамандардан ақыл-кеңес алатын болады деп министр респуб­ликалық шұғыл телефон желісінің нөмірін атады. Республикалық шұғыл телефон желі­сінің нөмірі: 8 7172-255-49-00, ал Алма­ты қаласының тұрғындары қалалық Денсаулық сақтау басқармасының  «Call» орталы­ғына   300-01-03 телефоны арқылы хабарласа алады.

Министрдің келуі Алматыдағы И.С.Жә­­кенова атындағы қалалық жұқпалы ауру­лар ауруханасының жұмысын  біраз ретке келтірді. Елжан Амантайұлы мұндағы қабыл­дау бөлімінде де кезектің көптігін байқап, қабылдау бөлімінің жұмысының дұрыс ұйымдастырылмағандығын ауру­хана­ның бас дәрігеріне ескертті. Министр айтып ауыз жиғанша, ауруханаға қосымша дәрігерлер алынып, қабылдау бөліміндегі науқастарды қабылдау  жеделдетіле түсті.  Бұл үшін науқастардан   аурухананың бас дәрігері емес, министр кешірім сұрап, енді мұндай кемшіліктер орын алмайтын­дығына уәде берді.  Бұдан соң Денсаулық  сақтау министрі менингококк жұқпасы­нан  өлім-жітім жағдайы  тіркелген   Талғар қаласындағы орталық ауруханада болып, ондағы бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Министрді, әсіресе,  аурухананың бас дәрі­герінің ішкі тәртіпті дұрыстай алмай отыр­ғандығы, денсаулық сақтауға қажетті кейбір талаптардан бейхабарлығы, науқас­тармен жүргізілуге тиісті түсіндірме жұ­мыстарының ұйымдастырылмауы  таңқал­дырды.

Министр жалпы жағдайды қоры­тындылай келіп, ауру басталған алғашқы күннен бастап 13 адамның қайтыс болған­дығын, оның алтауы Алматы қаласының тұрғындары екендігін, соңғы үш күнде Алматы қаласында менингококк жұқпа­сын жұқтырған  жағдайдың тіркелме­ген­дігін айта келіп,  арқаны кең салып, жайба­рақат жүре беруге болмайтындығын  тағы да қатаң ескертті.

– Ауру айтып келмейді, сондықтан біз қандай жағдай болсын, дайын болуымыз керек. Жұқпалы ауру деген    сылбыр қимылды көтермейді,– деді  Е.Біртанов.

Айтса айтқандай, жұқпалы ауру қалай жедел жұғатын болса, оған қарсы күрес те жедел болуы шарт. Ал бұл ретте Алматы қаласының дәрігерлерінің іс-қимылы жеделдігімен айқындалды. Жедел жәрдемде тыным болмай тұр. Бір тәулікте жедел дәрігерлік көмек стансалары   үш мыңнан астам шақыруларға қызмет көрсетуде.  Тек, дәрігерлеріміздің осы еңбектері ақталып,   қатерлі дерттің қаупі  тезірек сейілсе бол­ғаны. Өйткені, ата-аналар   жазғы дема­лысқа шыққан балаларының  саябаққа, субұрқақтың маңына,  бассейнге баруға, мәдени, спорттық шараларға  баруларына тыйым салған. Жазғы демалыс лагерлерінің де жұмыстары  да кейінге шегеріліп тұр.  Ойын-күлкі табылар, ең бастысы, деніміз сау болсын деп тілейік. Министр тұрғын­дарға көшеде, қоғамдық орындарда бет­перде киіп жүруді  ескертуді ұмытқан жоқ. Сақ­тықта қорлық жоқ, – дейді министр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *