«Мен күң боламын деп тиген жоқпын…»

Қазақ қоғамының өзекті тақырыптары аз емес. Әсіресе, жастар мәселесі бәрін елең еткізері анық. «Кітап оқымайды» деп бастап жіберіп, әрі қарай тізбектей берсеңіз болады. Сондай мәселелердің біріне тоқталып көрейік.

Қазіргі таңда «баламның бір басы екеу болды» деп қуанып той жасап жатқандар қарасы көп. Шүкір дейміз, әрине, көз тимесін! Қазақтың тойы біт­песін. Бірақ соның аяғы, арасы бір-екі айға ай­налмай жатып «келін сый­мады», «қыз келіп алды»,  «ба­лам ажыра­самын деп жатыр» деген сөздермен аяқ­талып жатқаны өзегіңді өртейді. Бұл орайда статистика жаға ұста­тарлық.

Арыны қазбаламай, бергі бір-екі жылды салыстырып көрейік. Елімізде 2015 жылы 148 769 жұп некеге тұрса, олардың 53 293-і ажырасып кеткен. 2016 жылы 140 840 жұп үйленіп, 51 775 отбасы ажы­рас­қан.  Ми­нистрлік берген мәлімет бойынша қарасақ, 2016 жылы елімізде әр күн сайын 385 жұп бөлек кеткен. Арты­мызда қалған 2018 жылы әр айда үйленген үшінші жұп­тың некесі келесі айда бұзылған. Ажырас­қан отбасылардың жас шамасы орташа алғанда 18–23 жасты құраған. Неке, отбасы деген сөздерге осынша­лықты бей-жай қарап кетуімізге не себеп? Кінә кімнен?

Себебіне үңілсең, мүлде күлкілі. Ажыра­судың 4/1 бөлігі «түсінісе алмадық» деген тұ­жырымдама айтады-мыс. 18 жас­тағы жігіт пен қыз өмірді тұрмақ, өз-өздерін әлі танып үлгермеген жастар. Ал сонда отбасы деген құндылықты қанша­лықты түсінеді? Мәсе­лен, көлік тізгініне отыру үлкен жауапкершілікті талап етеді деп жүргізуші куәлігін жас аралы­ғымен шектеп беру бекітілген. Ал үйлену одан екі есе жауап­кершілікті қажет етеді. Мүмкін, бізге сондай заң енгізу керек шығар?

Кешегі ата-аналар «қызы келіп алыпты» деген атақтан қорқатын, ал бүгінгі кейбір әке-шешелер «ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» деп қызын өзі алып кетуден тайын­байды. Немесе кеше өзі сүйіп алған жарын бүгін ұнатпай қалса, «маған да бір шүйкебас табы­лады» деп әйелін ерінің  қуып шығатыны тағы бар. «Мен күң боламын деп тиген жоқпын» деп керілетін келін де қалыспайды. Ортада шырылдап қалып жатқан балаға обал дейсің амал­сыздан.

Бұрын қызын ақ босаға­сынан аттан­дырып тұрған әке қызына «тастай батып, судай сің» деп батасын берген. Қазіргінің тасы батпай­ды, суы сіңбейді. Тәр­биеміз сондай. Мектепте ағаларымыз «біреу тиіс­се, маған айт» деуші еді. Қазір отбасымыз «күйеубала тиіссе, бізге айт» дейді. Қоры­тынды біреу: құнды­лықтар сақталуы үшін, сол құнды­лықты қыз бен бала тәрбиесіне бала кезінен аралас­тырып, миына сіңдіру керек. Отба­сында әркім өз рөлін ойнап, өз орнын біліп жүрсе, кез-келге­німіз бақытты боларымыз анық. Үйлену көп, ажырасу жоқ болсын. Қазақтың әрбір отбасы бақытты болуға лайықты.

Гүлбаршын НҰРҒАЛИ,

«Тұран» университетінің  Журналистика мамандығының  3-курс студенті,

Гүлжан ТӨЛЕКОВА,

доцент.

 

«Гауһартастың» Тастаны

Халық артисі, біртуар өнер тарланы Әнуар Боранбаевтың 70 жылдық мерейтойы көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келіпті.

Әнуар Боранбаев 1948 жылы 1 нурызда Қостанай облы­сында дүниеге келген. 1965 жылы Қазақ ауыл­шаруашылық институтына оқуға түсіп, жүрегі өнер деп соққаннан кейін оқуын тастап, Алматы кон­серваториясын драма театры актері маман­дығы бойынша 1970 жылы тәмамдап шығады. Оқып жүріп-ақ, Қазақ академиялық, яғни қазіргі таңдағы М.Әуезов атындағы драма театрына қызмет­ке кіріп, өмірінің соңғы жылдарына дейін сол театр сахнасында тер төкті. 51 жасында қайтыс болған.

Театрды ерекше сүйген, театрға бар өмірін ар­на­ған тұлға қазақ сахнасында 70-тен астам рөлді сом­даған. М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» – Сырым бей­несі, «Айман–Шолпандағы» – Арыстан, «Еңлік –Кебек­тегі» –Кембай, «Түнгі сарындағы» мұғалім Сапа рөлдерін ерекше шебер­лікпен сомдап шыққан. Бір сөзбен айтқанда, М.Әуезовтің шығармалары актердің сахна шебері болуына септігін тигізген.

Әнуар Боранбаев тек қана театр саласында емес, соны­мен қатар кино өнерінде де өз ізін қал­дырған тұлға. «Гау­һартастағы» – Тастан, «Дала гүрсіліндегі» – Таңатаров, «Қанатсыз фронттағы» – Бейсембаев сынды ерекше рөлдерімен халық жадында мәңгі қалды.

«Гауһартас» кинокартинасының сценарий авторы, драматург Дулат Исабеков Әнуар Боранбаев жайында былай дейді:

– Менің шығармамдағы Тастан бейнесі аюдай алып денелі, жауырыны қақпақтай, иығы тоқпақтай сұсты азамат еді. Әнуарды Тастанның рөліне Шәріп (фильм режиссері) бекіткенде, қатты ренжігенім бар. Себебі, шағын денелі, бет-әлпетінен жүрегі жұмсақ екені көрініп тұратын Әнуарды көпке дейін бұл рөлді сомдай алмайды деген ойда болдым. Премьераны көргенде де көңілімнен шықпады. Шыны керек, жақтырмадым. Фильмді қай жерде көрсетсе де, «бұл жолы қалай, ұнады ма,  көңілі­ңізден шықты ма?» деп сұрай беретін. Кинокар­тинаның шыққанына біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін Әнуар тағы сұрады. Сол кезде «Тастанды сенен басқа біреу ойнаса бұлай алып шықпас еді» дедім. Себебі, шынында да бұл рөлде басқа адамды елестете алмайтын болдым.

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының қабырғасында жуырда академия ректоры, театр режиссері, РһD доктор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің ұйымдастыруымен Әнуар Боранбаев­тың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Аталмыш іс-шараға Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұлова, Рахила Машурова, туыста­рымен бірге драматург Дулат Исабеков те қатысып, Әнуар ағамызбен бірге бастан өткен қызықтарымен бөлісті.

Шыңғысхан АМАНДОСОВ,

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының

3-курс студенті. 

 

Бетті жүргізген – Нұржамал

ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *