Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасын қолдаймыз!

 

Наурыз мерекесін ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа бастама көтерген болатын. Ми­нистр­дің «Наурыз ең әуелі бал­дырғандарға арналуы ке­рек» атты Наурыз мейра­мын атап өтуге байланысты мақа­ласы «Егемен Қазақ­стан» газетінде 2018 жыл­дың 21 ақпанында жарық көрген еді. Жаңа бастаманы бір­қатар өнер қайраткерлері де қолдап отыр.

 

Салт-дәстүрімізді жаңғыртудағы маңызды қадам болмақ

 

Гүлнара МҰРСӘЛІМОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының доценті, өнертану ғылымының кандидаты:

– Министр мырза: «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек», – деп, Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өт­кізу­дің жолдарын жан-жақты әңгімелеп, мейрам аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды жандандыру керектігін ашық айтқан екен. Шынымен де «Наурыз» дегенде ең алдымен ойымызға ата-бабамыздың салт-дәстүрі, үлкенге ізет, кішіге шапағат жасау, кембағалға – қамқорлық, жетім-жесірге көмек қолын созу, т.б. ізгі ниеттер оралады. Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтып отырған мәселесі, дәлірек айтсақ, Наурыз мерекесін өткізудегі рухани-мәдени тәрбиелік мағынасы зор ұсы­нысы, біздің келешек ұрпаққа қалдырар салт-дәстүрімізді жаңғыртудағы маңызды қадам деп білем. Көтеріліп отырған мәселенің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде берер пайдасы мол болар еді. Қоғамдық сананы жаңғыр­татын нағыз үндеу болды! Менің мұн­дағы қосар идеям – бүкіл әнші, күйші өнер адамдары бір­лесіп, қаланың демалыс орын­дарына барып ха­лыққа өнер көр­сетсе екен деймін. Мәселен, Тұң­ғыш Президент саябағына және т.б. орын­дарға барып, ха­лықты жи­нап, көжесін, бауыр­сағын тегін тарата отырып, шашу шашса.

 

Бастаманы бірауыздан қолдауымыз керек

 

Болат ӘБДІЛМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 – Халқымыздың «Наурыз – жыл басы» деп санайтын игі дәс­түріміз біздің ең асыл мұрамыз. Біз әлемге өз салт-дәстүрімізбен ғана мақтана аламыз. Ал «ұлттық мақтаныш жеке адам мен ұлт үшін бұзылмас заң әрі қасиетті сезім» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Арыстанбек Мұхаме­диұлының көтерген мәселесін қуана құптаймын. Себебі, Наурыз мейрамын өскелең ұрпақтан бастау керек­тігін керемет айтқан. Олай дейтінім, адамның  қалыптасуы бала кезден басталады. Жақсылық та адам бойына сол бала кезден бастап егіледі. Салт-дәстүрімізбен әдет-ғұрпымызды ұрпақ бойына бала кезден сіңіріп өсірсек, алар асуымыз бен шығар биігіміз де оңай болмақ. Нағыз сүйіспен­шіліксіз, құштарлықсыз қай іс болса да, ілгері баспайды. Сол себепті, бұл көтерілген игі іске қолдау танытып, ел болып жұмыла кірісуіміз керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *