ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛҒАН КЕМЕҢГЕР ОЙЛАР — АДАМЗАТТЫҢ ОРТАҚ БАЙЛЫҒЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласында тұжырымдалған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Ұлттық аударма бюро­­сы» күні кеше әлемдік ақылмандардың жауһар туын­ды­лары­ның 18 кітабын ағылшын, француз тілдерінен тікелей қазақ тіліне жатық аударып, оқырмандар қолына ұстатты.

«Ұлттық аударма бюросы» Бүкіл­әлемдік экономикалық Давос форумы­ның негізін қалаушы және тұрақты президенті Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты әйгілі кітабын ағылшын тілінен қазақ тіліне жатық тәржімалады. Ең бастысы, бұл кітапқа Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де айрықша көңіл бөлуде.

«Болып жатқан өзгерістер болмысы­ның тереңдігі мен күрделілігі сонша­лықты, әлемдік тарих ұлы мүмкіндік­терге толы сәттері мен қауіп-қатері қат-қабат мұндай дәуірді бұрын-соңды басынан кешірген емес», — деп Клаус Швабтың өзі айтқандай, демек бұл кітап азаматтың алдындағы төртінші индус­триялық революциядан туындайтын рухани проблемаларды қалай шешудің жолдарын қарастырады.

Сондай-ақ, Францияның белгілі философ ғалымы Реми Хесстің «Фило­софияның таңдаулы 25 кітабы» оқулы­ғы да француз тілінен тікелей қазақ тіліне аударылды. Бұл туындыда сонау Платон мен Аристотельден бастап, Хайдеггер мен Сартр секілді ХХ ғасыр философтарына дейінгі ақыл-ой дамуы сараланады.

Атап айтқанда, Дерек Джонс­тонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Кеннидің «Антика филосо­фиясы», «Орта ғасыр философиясы» атты еңбе­гінің 1, 2 томдары, Карен Армстронгтың «Иудизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» туындысы, Алан Барнардтың «Антро­пология тарихы мен теориясы» еңбегі қазақ тіліне сәтті тәржімаланды.

Бүгінде  бізді аса қажытатын нәрсе — жаттанды қағидаттар, қалыпқа түскен қасаң пікірлер екені анық. Жоғарыдағы еңбектерде тың ойлар, соны тұжырым­дар, Құдайды тану, діндер тарихы, ежелгі ақылмандардың дүниенің жаралуы туралы қисынды тәмсілдері еріксіз тәнті етеді. Талапты жастарды адамзаттың арғы-бергі тарихындағы ұлы ойларға тереңірек сүңгітіп, дүниетаны­мына айрықша әсер етері анық.

Қалай дегенмен де, Эллиот Арон­сон­ның «Көпке ұмтылған жалғыз» атты әлеуметтік психологияға кіріспе оқу­лығы, Джордж Рицер, Джеффри Степ­ницкидің «Әлеуметтану теориясы» кітабы, Давид Бринкерхоптың «Әлеу­мет­тану негіздері» туындылары өзара жарасым, көзқарас, ұстаным, біржақты түсінік, махаббат, агрессия сияқты күрделі құбылыстардың адам өміріне қалай ықпал ететінін ешбір күлбілтесіз ашық баяндайды.

Кеңестік дәуірде бұл ғылым салала­ры кенжелеп қалғаны мәлім. Ең бас­тысы — жоғарыдағы аударылған еңбек­терде әлеуметтік психология ғылымы әлемдік қауымдастықты елең еткізерлік тың тұжырымдар жасап, жаңа ой түйіндеп, әлеуметтанудың, психология­ның негізгі ұғымдарын зерттеу әдістері мен теорияларын саралап, осы сала мамандарының оқу орнындағы, үкімет­тегі, бизнестегі, коммерциялық емес ұйымдардағы және қоғамдағы рөлін көрсетеді.

Сондай-ақ, Дуэйн Шульц пен Сидни Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Виктория Фром­кин, Роберт Родман, Нина Хиамс­тардың «Тіл білі­міне кіріспе»,  Светлана Тер-Минасо­ваның «Тіл және мәде­ниетаралық ком­муникация», Ли Энн Пэк Гай С.Рилдің «Медиаэтика», Давид Майерс, Жанн Мари Туенждің «Әлеу­меттік психоло­гия» атты еңбектерінде психо­логия тарихы адамдармен, идеялармен, ғылы­ми ой мектептерімен, оларды жаңалық ашуға итермелеген жаңа заман талабы­мен байланыс­тырыла отырып талдана­ды.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан үш тілділік мемлекеттік тіл саясаты бүгінгі тіл­шілер қауымына үлкен салмақ жүк­теп отырғаны анық. Сондықтан қазақ тілін латын таңбасындағы жаңа әліп­биге көшіруде де әлемдік тіл біліміндегі тың тәжірибелер осы оқулықтарда жетерлік.

Шынын айту керек, қазіргі таңда өзге жұрттың тілі мен мәдениетін игеру, онымен етене араласа білудің маңызы бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілгені сондай, әлем халқы осы мәдениетаралық һәм тілдік коммуника­цияға үміт артуда. Әлемдегі ең құнды оқулықтар ретінде таңдап алынған бұл кітаптармен сусындаған жас мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелес­тікке қабілет сияқты сананы жаңғыр­ту­дың негізгі қағидаларын қоғамда орнық­тыратын басты күшке айналатыны кәміл.

Ал Грегори Мэнкьюдің «Эконо­микс», Рекки Гриффиннің «Менедж­мент», Дональд Куратконың «Кәсіп­кер­лік» еңбектерінде елдің әл-ау­қаты — әр тұрғынның экономи­калық тұрғыдан білімді, сауатты болуына тікелей байла­нысты екендігі қадап айтылады. Бұл еңбектер бүгінгі жастарға қоғам үшін игілік жасаудың мәні мен маңы­зын, экономикалық қатынастардың өзегін не құрайтынын үйрете отырып, олардың ел болашағы үшін қосар үлесін еселей түсу­ге жол ашады. Ұйымды басқару, оның мақсаттары мен мүддесін ойлай отырып, қарамағындағы қызмет­кер­лердің сапалы да өнімді жұмыс атқа­руына мүмкіндік жасайтын, сол арқылы ел дамуына үлес қосатын басшы мамандар дайындау институтын жетіл­діру жолдарын айшықтайды. Бүгінде әлемдік экономика, менедж­мент, кәсіп­керлік өкілдері қолдан келер мүмкіндік­терді тани білетін, қабылдай алатын және соларды жүзеге асыратын, әрі нарықтық идеяларға айналдыратын, осы салаларға ақша, уақыт немесе өз білімі мен тәсілдері арқылы құндылық қоса алатын тұлға дәрежесіне көтерілгені анық.

Ал осы он сегіз кітап қалай тәржі­маланды, енді соған келейік. Әлгіндей әлем таныған оқулықтарды ана тіліне аударғандағы басты мақсат — сол туын­дыны қазақ оқырманының ойына ұяла­тып, көңіліне сәуле түсіру ғой. Бұған дейін жиған-терген барлық тәжіри­бемізді ортаға салып, қазақша жақсы аударылған кітап ұсыну үшін қолы­мыздан келгеннің барлығын жасадық.

Алайда, аударма саласында аса күрделі мәселелер шоғырланып қал­ғанын байқамаппыз… Олар: бұрынғы кәсіби аудармашылар мектебінің құлдырауы, ағылшыншадан қазақшаға тәржімалайтын аудармашыларға деген зәрулік, қаламы төселген редакторлар мен сауатты корректорлардың тапшы­лығы, т.т. Міне, он сегіз кітапты аудару барысында Ұлттық аударма бюросы­ның ұжымы осындай кедергілермен бетпе-бет келді. Осы Алматы қаласы­ның өзінен сұрау сала жүріп, ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударатын 4-5 аудармашы   әрең табылды. Кезінде еліміздің ірі баспаларында қызмет атқар­­ған, кәсіби редакторлар мен кор­ректорлар жұмысқа тартылды. Оның үстіне, Қазақстанның іргелі универ­ситеттеріндегі белгілі профес­сор­лар ғылыми редакторлар етіп тағайын­далды.

Осылай аз уақыттың ішінде, он сегіз оқулықты жеделдете аудару бары­сында аудармашылар, редакторлар, коррек­торлар, ғылыми редакторлар, әдеби редакторлар, жауапты шығару­шы, беттеушілерді қоса есептегенде аударма кітаптардың баспадан шығуына атсалысқандардың ұзын саны 200-дей маманға жетті.

Бүгінде Ұлттық аударма бюросы­ның қызметкерлері өз тәжірибелеріне сүйене отырып, жарық көрген он сегіз кітапта кездескен күмәнді немесе жатық терминдердің жиынтығын жасап, осы тәсілді алдағы отыз кітапты аудару бары­сында терминология мәселесіне жіті қарап, болашақта аударылатын оқу­лықтың бәрін бір жүйеге түсір­мекші.

Оқулықтар мәтінін қазақ тіліне аудару барысында экономика термин­деріндегі бірізділіктің жоқтығынан біршама қиындық туындады. Аударма­шылар тобы әр сөзді, әр ұғымды ақыл­даса отырып, қолданып, мәмілеге келу арқылы ортақ түсінік қалыптастыруға тырысты. Аударма барысында бір жүйеге түсірілген терминдер мен ұғым­дар, түсініктер алда аударылатын сала­лық оқулықтарға негізгі терминоло­гиялық сөздік ретінде қолданылады, келешекте толық сөздік те құрастыры­лады. Бұл — осы уақытқа дейін қалып­тасқан терминологияны толықтырып, жаңа ұғымдарды қолданысқа енгізуге ықпал етпек, яғни отандық филосо­фияның экономиканың, психоло­гияның терминдер қоры кеңейе түсті деуге негіз бар.

Сонымен, өнер мен ғылымды, тә­лім-тәрбие мен тарихты, философия­лық қағидаттарды, Алланы тану мен жара­тылыс сырларын, бизнес пен кәсіп­керлікті қатар үйрететін оқулық­тар енді қазақ тілінде білім алатын жастардың қолына тиді. Олардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, болмыс-бітімін қайта түлетіп, көкірек көздерін аша­рына сенім мол.

 

Жұмабай ҚҰЛИЕВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *