Күн сайын 1 млн. 250 мыңға жуық жолаушы тасымалданады

Мәншүк БЕКБОСЫН

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық Мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов, «Алматыэлектротранс» ЖШС дирек­торы Ғани Тәжиевтің қатысуымен брифинг өтті.

Жиында мегаполистегі қоғамдық көліктің жағдайы, оның дамуы мен қызмет көрсету сапасы туралы айтылды. Бүгінде жолаушыларды тұрақты тасымалдаумен 14 автопарк айналысады. Оның 13-і жекенікі болса, біреуі коммуналдық меншіктегі парк.

Жалпы 226 бағыттың 120-сы қалалық, (112 автобус, 8 трол­лейбус бағыттары); қалааралық (облысаралық) – 45; қала маңында – 61 бағыт бар. Қоғамдық көлік күн сайын 1 млн. 250 мыңға жуық адамды тасымалдайды. Бағыт жүйелерін одан әрі кеңейту мақсатында қала ішінде және қала маңындағы елді-мекендерге жолаушы­ларды тасымалдайтын жаңадан №33, 113, 204, 206, 208 бағыт­тарын ашу жоспарланып отыр.

Соңғы бес жылдың ішінде газбен және дизельмен жүретін 1331 жаңа автобус сатып алынды. Биылғы жылы тағы 450 автобус сатып алу жоспарда бар. (АЭТ – 260 бірлік, жеке тасымалдаушылар 190 бірлік). Бүгінде соның 222 автобусы жеткізілді.

Ерлан Әділовтің айтуынша, қала маңына жүретін қоғам­дық көлікті дамыту мақсатында тұрақты бес бағыт ұйымдас­тырылған. Атап айтқанда, «Сайран» автовокзалы – Қаскелең қаласы (№202 бағыт, ұзындығы 29 шақырым, жылжымалы бірлік саны – 20, тариф – 80 теңге, суб­сидия сомасы – 155 млн. теңге); метроның «Райымбек» бекеті Талғар қаласы (№203 бағыт, ұзындығы 40 шақырым, жылжымалы бірлік саны – 15, тариф – 80 теңге, субсидия сомасы – 449 млн. теңге); Спорт сарайы – «Пионер» санаторийі (№209 бағыт, ұзындығы 33 шақырым, жылжымалы бірлік саны – 2, тариф – 300 теңге); Спорт сарайы – «Ой-Қарағай» санаторийі (№210 бағыт, ұзындығы 31 шақырым, жылжымалы бірлік саны – 2, тариф– 300 теңге); Спорт сарайы – Алма-Арасан (№211 бағыт, ұзындығы 44 шақырым, жылжымалы бірлік саны – 2, тариф – 300 теңге).

Қалада автобус және троллейбус бағыттарынан бөлек метро да қызмет көрсетеді. Алматы метрополитені күн сайын 14 миллионнан астам адамды тасымал­дайды екен. Бес жылдың ішінде (2014 – 2018 жж.) метродағы жолау­шылар ағыны 216 пайызға артқан. Мәселен, 2014 жылы 6,8 млн. жолаушы болса, 2018 жылы метроны 14,7 млн. адам пайдаланған. Ағымдағы жылы метрополитен 12,9 млн. жолаушыға қызмет көрсетті.

Алдағы уақытта «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері пайдалануға берілсе, метроның қызмет ауқымы кеңейе түспек. Яғни Абай даңғылының бойымен Алтынсарин көшесінен Момышұлы көшесіне дейін 3,1 шақырымға ұзарады.

– Мұнда жолаушылар ағыны тәулігіне 86 мың адам болады деп күтілуде. Бекеттердің құрылысы 2021 жылы аяқталады. Сонымен қатар, метроның «Қалқаман» және «Батыс автовокзалы» атты екі бекетінің жобасы жасалуда,– дейді Е.Әділов.

Сонымен қатар, «Оңай» электронды билет жүйесі де қоғамдық көліктің құрамдас бөлігіне айналды. Жүйе іске қосылғаннан бергі үш жылдың ішінде 970 млн. астам транзакция жасалған екен. «Оңай» картасын 1 млн.-нан астам адам қолданады. Бұл жүйе тасымалдаудың ашық­ты­ғын арттырып, жолаушылар ағы­нының 40 пайызы, ал транзакция табы­сының 65 пайызы көлеңкеден шығарылды.

2019 жылы «Транспорт холдингі» ЖШС компаниясы қосымша жабдықтар, атап айтқанда, терминалдар, сервер құралдарын сатып алу және бағдарламалық қамта­масыз ету үшін 280 млн. теңгені инвестициялады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *