Ережеп айының қадір-қасиеті

Ислам  діні бойынша әрбір айдың өзіндік қадір-қасиеті бар. Ережеп айының  да өзіне тән бірқатар ерекшеліктері бар. Бұл ай биыл 8 наурыз күні кірді. Құранда: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқаннан бері Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі – қасиетті айлар» делінген. Осылайша Құранда он екі ай аталып, оның төртеуі қасиетті айлар екендігі ескертілген. 

Әнас (р.а.) егер де Пайғам­барымыздан  (с.а.с) естімесем екі құлағым керең болсын деп мына хадисті жеткізген: «Құрметті ай төртеу, тандаулы періштелер төртеу, ең абзал кітап төртеу, дәреттің парызы төртеу, тәсбих­тың жақсысы төртеу, есеппен санау төртеу: «бір-бірлеп, он-ондап, жүз-жүздеп, мың-мыңдап», уақыт мөлшері төртеу: «сағат, күн, ай, жыл», жыл мезгілдері төртеу: «көктем, жаз, күз, қыс», ауа райы төртеу: «ыстық, суық, құрғақ, ылғалды», әділетті халифалар төртеу: «Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.), Осман (р.а.), Әли (р.а.)». Ал қазақтың «төрт құбылаң тең болсын», «төрт көзі түгел» деген тіркес­тері де тегін айтылмаса керек.

Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы түні Рағайып түні болса, жиырма жетінші түні миғраж сапарына дөп келеді. Миғраж түні Алла қаласа биыл 2 сәуірден 3 сәуірге қараған түнге келеді. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Алла елшісі пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шық­қан болатын. Сөйтіп, үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді.  Пайғамбарымыз  (с.а.с): «Сендер қайырлы үммет­сіңдер. Сендерге деген Алланың барлық жақсылықтары бар. Бес уақыт намаздың өзі – Миғраж. Мен Алланың алдында өмірімде бір рет болдым, миғражда.  Сендер Алланың  алдында күні­не бес рет боласыңдар» – деген. Әрине, бес уақыт намазбен.

Қасиетті айлардың бастауы болған Ережеп айында жасала­тын жақсы амалдардың сауап­тары артып, күнәлі істерге қатаң тыйым салынады. Ережеп – мағфират айы, адамдардың күнәлары кешірілетін ай. Сол себепті, ол Алла Тағаланың айы болып есептеледі. Ал одан кейін келетін Шағбан айы – шапағат айы, бұл айда барат кеші, ғи­бадат түні бар. Сол себепті, ол – пайғамбарымыздың айы. Рама­зан – тозақтан құтылатын, яғни күнәдан тазарып, құлшы­лық ететін ай. Сол себепті, Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар үмбетінің айы болып есептеледі. Ережеп, Шағбан, Рамазан сынды үш қасиетті айды қадірлеу – күнә жасаудан сақтану, ғибадат, құлшылық ету дегенді білдіреді. Мұны өз дәрежесінде түсіне біліп, оны орындауға тырысқан адамға Алла Тағала береке береді.

Бұл ай Алла Тағаланың айы болғандықтан жалғыз Жара­тушы ие айтылатын Ықылас сүресін көп оқыған жөн. Айрықша бұл айға құрмет ретінде күніне 11 мәрте Ықылас сүресін оқып, таухид, истиғфар және салауат айтуды ұмытпау керек. Ережеп айында күн сайын басы мен соңында 7 реттен Фатиха сүресін оқып, ары қарай 100 мәрте Ықылас сүресін оқудың да сауабы өте мол. Оразаны айдың 13, 14 және 15 күндерінде ұстағандар көптеген ауруға шипа табады.

Әрі осы айларда дәретпен ұйықтауға да  көңіл бөліңіз. Негізінде, күнделікті дәрет алып жату – мұстахаб. Оның сауап­тылығын Алла елшісі (с.а.с) бірнеше хадисінде атап өткен. Ол бір сахабасына: «намазға алатын дәретті жататын кезде де алып жат…» деп кеңес еткен.

Тағы бір хадисінде: «Дене­леріңді таза ұстаңдар, Алла сендерді тазартады. Түнде тазаланып, дәрет алып ұйық­таған пенденің басы-қасынан бір періште айырылмай, пенде бір жақ қырынан екінші жақ қы­рына ауысып жатқан сайын ол үшін Жаратушыдан: «О, Раб­бым! Мына пендеңнің күнәсін кешіре гөр. Шынында, ол таза­ланып ұйықтады», – деп тілейді деген Алла елшісі.

 

Дәрет алып жатудың пайда­лары:

 

* Кіші күнәлардың кешірілуіне себеп.

* Шынайы-рахмани түс көруге сеп болады.

* Ұйқысында шайтанның әзәзілінен ұзақ әрі қорқынышты түстер көрмеуіне септігін тигіз­еді.

* Ұйқы – кіші өлім екені мәлім. Ажал жетіп, о дүниелік болып кеткен жағдайда таза, дәретпен кеткен болады.

* Ұйықтар алдында жұққан түрлі микробтар адам ұйқыға кеткеннен кейін қимылсыз жат­қан денеде одан сайын көбейіп, саны арта түседі. Ал дәрет алу арқылы сол нәрсенің алдын алған боламыз.

 

Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *