ДАРИЯ ҚАЛАМ, ДАРА ГАЗЕТ

Жақау Дәуренбеков, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ана тілі» баспасының директоры:

Бүгінде газет көп. Қалауың жарылқасын. Тек таңдай біл.

Бірақ «Алматы ақшамы» — даты бөлек, дария  қалам, дара газет.

Шынымды айтсам, алаңдай күтетін аса қадірлі қонағым секілді. Асыға тосып, қуана қарсы аламын.

«Алматы ақшамы» — үйіме шамшырақ боп келеді, жаншырақ боп сәулесін шашады, ойшуақ боп сырын шертеді, көк жиегіңді кеңейтеді, көңіл ашар күйге бөлейді.

Әр нөмірінен – қаланың өріс  өркені, қаланың өмір көркемі жар салады.

Әр бетінен – елдің ұлы ісі, өмірдің тынысы соғады; өнер­дің назы, сұлулықтың сазы еседі, сөздің шолпысы сыңғыр салады, ойдың бұлағы сылдыр қағады;

Талғап-толғап жазатын авторларының өзі қандай: Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Есмұқан Обаев, Кәдір­бек Сегізбаев, Зәкір Асабаев, Қуанышбай Құр­манғали, Қайсар Әлім, Құлбек Ергөбек, Смағұл Елубаев, Жеңіс Шыныбеков, Мағира Қожахметова, Бақыт Сарба­лаев, Нұрғали Ораз, Қуандық Түменбай, Бауыржан Омаров, Шархан Қазығұл, Жанар Әбдішова, Аягүл Мантай…

Іздегеніңді табасың, тауып кеткен тақырып та, ойда қалар оқылым да осында, қаныға түсіп, қалдырмай оқисың.

Бастысы, бар  саланың жүгін көтеріп, үнін жеткізеді, бүгіннің – жүрегі, ертеңнің – тілегі боп дәуір мінберінен датын айтады. Осылайша дария – қалам қаланың үні боп, көзі, тілі, сөзі боп журналистік миссиясына адалды­ғынан айнымай келеді.

«Бәрекелді!»   деймін.

Жазғасын осылай жазу керек, осылай шығару керек. Осылай деп отырғаным – қазақтың қайталанбас Қали­дай хас шебер Редакторы бастаған сіздердің, іні-қа­рын­дастарым, қалам сілтестеріңізді айтамын.

Қолдарыңды қысамын.

Құтты болсын мерекелерің!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *