БИЛІК БАСПАЛДАҚТАРЫ

немесе құдыретті болудың 48 қағидасы

9y8_enl

35 ҚАҒИДА

УАҚЫТТЫ БАҒЫНДЫРУ ӨНЕРІН МЕҢГЕРІҢІЗ

 

ҚАҒИДАНЫҢ АРҚАУЫ

Асығыс екеніңізді ешқашан байқат­паңыз – асығыстық уақытыңыз бен өзіңізді игере алмайтын алаңға­сарлығыңыздан сыр беріп қояды. Ісіңіздің барлығы өз-өзінен орнына келетінін алдын-ала біліп отырғандай, әрқашанда байыпты, маңғаз  болып көрініңіз. Қолайлы сәт пен уақыт рухын тап басып тани білуге үйреніңіз, ең бастысы – сізді билікке әкелетін үрдістің жалынан айрылмаңыз. Уақыт әлі пісіп- жетілмесе, қалтарыста тұра тұрыңыз, ал сәті келгенде, бар күш-жігеріңізді жұмылдырып күреске шығыңыз.

Парсы сұлтаны екі адамды өлім жазасына бұйырады. Оның біреуі сұлтанның жақсы көретін тұл­парының құлыны бар екенін біліп, соны ұшуға үйрету үшін өміріне араша сұрайды. Сұлтан әлемдегі жалғыз ұшатын атқа ие болатынына иланып, келісімін береді. Екіншісі досына сенімсіздікпен қарайды. ”Сен жылқының ұшуға жаратылмағанын менен жақсы білесің. Сұлтанға өтірік уәде бергеніңнің сыры неде? Бәрібір құтыла алмайтын ажал уақытын созып тұрсың ғой”, – дейді. “Олай емес, – дейді тағдырласы,  – мен бас еркіндігімді сақтап қалу үшін төрт мүмкіндік алып тұрмын. Біріншіден, бір жыл ішінде сұлтан өліп қалуы мүмкін. Екіншіден, менің өзім қаза табуым кәдік. Үшіншіден, ат опат болуы  мүмкін. Төртіншіден… кім біледі, ғайыптан тайып мен оны ұшуға үйретіп қалармын!”.

 

 Р.Г.Х Сью, “Билік құдыреті”, 1979.

БИЛІКТІҢ КІЛТІ

 

Уақыт – мәңгілік пен ғаламның шексіздігін адам санасына лайықтап, түсініктірек ету үшін біздің өзіміздің ойлап тапқан тұжырымдамамыз. Уақыт ұғымын қалыптастыра отырып, біз белгілі дәрежеде оны басқару, онымен қарым-қатынас орнату мүмкіндігіне ие болдық. Баланың уақыты баяу да, ұзақ, қалауыңша оңай созылады. Ересектерде ол үрейді алатын жылдамдықпен зымырайды. Демек, уақыт оны қабылдау ұғымына тәуелді, сондықтан біздің қабылдау түйсігімізге қарай ол күрт өзгеруі мүмкін.

Біз уақыттың үш түрін білеміз: олардың әрқайсысы өзінше міндет жүктейді, ол міндеттерді белгілі дағдылар мен ептілікті меңгергенде оңай шешуге болады.

Бірінші түрі – созылыңқы уақыт: ұзақ жылдарға созылады – бұған мықты төзімділікпен абайлап қарау керек.

Екінші түрі – тығыз уақыт: мұндай уақытты біз қарсыласымыздың қандай есебін болмасын тас-талқан етіп, шабуылдың құралы ретінде пайдалана аламыз.

Енді ең соңғы үшінші түрі – ақтық шайқас уақыты, бұл ойға алғаныңды жедел және жойқын жүзеге асыратын сәт. Сіз оны тағатсыздана күттіңіз, оңтайыңызға келді, енді аянатын ештеңе жоқ.

Созылыңқы уақыт. Қорқыныштан немесе шыдамсыздықтан жылдамдықты арттырып, сіз әлденеше түйінді мәселелерге тап боласыз, ақыр аяғында оларға бұрынғыдан да көп уақытыңызды рәсуә етесіз. Дегбірсіз адамдар көп жағдайда діттеген жеріне жедел жете алмайды, маңызды құжатты жоғалту қаупіне ұрынуы мүмкін, тосын оқиғаларға тап болады, олар әрқашан өздеріне өздері тілеп алатын мәселелерді шешумен үнемі қарбалас өмір сүреді. Қауіптің артын күтіп, тыныш отырған – оның алдын алып бірдеңе істегеннен дұрыс болады: сіз күте отырып, саналы түрде оның қарқынын баяулатасыз. Уақыт өте келе сіз мүлде ойыңызға келмеген мүмкіндікке ие боласыз.

Сіз уақытты саналы түрде баяулатасыз, оны сіз өз өміріңізді немесе бір сәттік ләззатты ұзарту үшін емес, билік ойынын ойнау үшін жасайсыз. Сіздің санаңыз үнемі қарбалас шаруаларға толы болмаса, онда бірнеше қадамыңызды алдын-ала көру мүмкіндігіне ие боласыз. Оның үстіне анау-мынау алдаусыратқан тұзақтарды айналып өту қырағылығын игеріп, дегбірсіз, алаңғасар қарабайырлардан бәсіңіз биік тұратын болады. Биліктің іргесін қалап, тұғырын тұрғызу үшін сандаған жылдар керек болады; сол тұғырдың мызғымастай беріктігіне көз жеткізіңіз. Қапы қалмаңыз, берік тұғыр баяу орнығады, байыппен тұрғызылған тұғыр ғана ұзаққа шыдайды.

Тығыз уақыт. Уақыт тығыздығында  жасалатын әрекеттің мәні сонда, айналаңыздағыларды мерзімдік есептерінен алжастыру – олардың уақытты қабылдау түйсігін шатастырып, тағаттарын тауысып немесе қолайлы ырғағын бұзып, әбігерге салып қою. Қарсыласыңыздың жоспарын ірітіп, өз сабырыңызды сақтай отырып, сіз уақытты ырқыңызға бағындырасыз, бұл дегеніңіз – жартылай жеңіс деген сөз.

Күттіріп, адамдардың тағатын тауысу – тығыз уақыттың ең әсерлі тәсілі, әрине, ол сіздің мақсатыңыздың нысанасын біліп қойғанға дейін әсер етеді. Сіз ұрымтал сәтін күтесіз – тағаттары таусылған адамдар қырағылығын жоғалта бастайды, міне, сол сәтте сіз есеңгірететін соққы жасайсыз. Оған қарама-қарсы соққы да тиімді: қарсыласыңызды асықтырып, әбігерге салыңыз. Ал өз шаруаңызды байыппен бастаңыз да, іле-шала қуатын қауырт күшейтіп жіберіңіз, барлығы табан астында тынатындай әсер туғызыңыз. Ойлануға мұршасы қалмаған адамдар қателікке ұрынады – осылайша уақыт, мерзім мөлшерін өзіңіз белгілеңіз.

Ақтық шайқас уақыты.Сіз ойыныңызды жоғары әртістік шеберлікпен өткізе аласыз – әрекетке көшу үшін ұтымды сәтті төзімділікпен күтіңіз, оны есебінен жаңылдырып, өз ырғағыңызға көндіріңіз, сөйтіп, қарсыласыңызды жолынан тайдырыңыз – егер осының барлығының қалай аяқталарын алдын-ала ойластырмасаңыз, бәрі зая кетеді. Жігерсіз шыдамдылық ештеңеге тұрмайды, ең бастысы – сәті келген уақытта қарсыласыңызды аяусыз талқандауда. Сіз сол сәтті ұзақ уақыт сарғая күтуіңіз мүмкін, ал сол ұрымтал тұс туғанда бар жігеріңізбен жедел қимылдауыңыз керек. Қарсыласыңыздың есін жиғызбау үшін әбжілдік керек.

 

Бейнелеп айтқанда: Тұйғын. Ол аспанда асықпай қалықтап, қанатының суылын білдірмей айналаны қырағы шола айналып самғайды. Ал жердегілер одан әлдеқандай қауіп келеді ғой деп күдіктенбейді. Нысанасын дәл белгілеп алған    тұйғын көз ілеспес жылдамдықпен жерге құлдилайды, енді одан жалтару мүмкін емес. Құрбандығы есін жиып үлгергенше, тұйғынның жез тырнағы оны шеңгелдей бүріп аспанға алып ұшып бара жатады.

 

Бедел сөз:“Адам ғұмырында ісінің құйылып келетін сәтті ағыстары болады, егер оны жіберіп алмай, жедел жалынан ұстасаңыз, ол сізді бақыт мекеніне алып ұшады, әйтпегенде сіздің өмір дариясындағы сапарыңыз үнемі  қайраң мен бұралаңның арасында өтеді.”

 

Уильям Шекспир, (1564-1616).

Аударған — Кенжехан Ісләмжанұлы.

Басы өткен сандарда.  Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *