Қазақшаны айқайлатып машинамен зырласаң ғой!

Құдайға шүкiр, қазiр алматылықтардың тұрмысы жақсы. Сондықтан, көбiсi көлiктi. Дегенмен, олардың денi күнделiктi күйбең тiршiлiктен бас көтере алмайды. Үйiнен таң атпай шығып, кешкiсiн сүрiне-қабына келiп жатады. Әбден шаршағандықтан газеттердi ақтарыстырып қарауға, теледидар көруге уақыт таба бермейдi. 

Мiне, осындайда радио таптырмайтын құрал. Әсiресе, автомобильде жол жүрiп келе жатып күнделiктi жаңалықтарды есiтiп, ән-күй немесе әңгiме тыңдау өте қолайлы. Бiрақ, өкiнiшке қарай, автомобильде келе жатып «Қазақ радиосы» мен «Шалқарды» кез-келген уақытта дұрыс тыңдай алмайсың. Бұл ретте көбiнесе 104/102 диапазондары қиқылдап-шиқылдап, бұрылған сайын басқа арналармен араласып шуылдап кетедi. Содан радио құлағын әрлi-берлi бұрағыштап әлекке түсiп отырғаның. Әсiресе, айтыс немесе маңызды хабарларды тыңдай қояйын десең, қас қылғандай өшiп қалатыны тағы бар.

«Неге екенiн қайдам, негiзiнен орыс тiлiнде хабар тарататын «НS» секiлдi толқындар дәл осы кезде үздiксiз сайрап тұрады. Ал ендi оңтүстiк өңiрге шықсаң, Жамбыл мен Қызылорданың арасында өзбек тiлiндегi хабарлар қақсап жатады. Сонда қазақтың тiлi радио екеш радионың өзi де басқа толқындарға ысырылып орын беретiн болғаны ма?.. Неге бiз осындай қарапайым мәселеге атүстi қарай беремiз. Неге бiз өз автокөлiгiмiзде отырып та өзге бiр мемлекетте жүргендей сезiнемiз, өзiмiздi…

…Шiркiн, өз автомобилiңде отырып радиотолқыннан қазақ әндерi мен күйлерiн айқайлатып қойып, желдей есетiн күн қашан туар екен!

Әбдiрайым АЙТБАЙҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *