Белсендінің сөзінше, бұл жолы мәселе Үлкен Алматы каналындағы бүтін гранит тақталар жөнінде болып отыр. Видеода ол қаланың жоғарғы бөлігіндегі Үлкен Алматы каналынан түнде манипулятормен гранит тақталар тасылып жатқаны жөнінде хабар түскенін айтады. Ол сол тақталарды тиеген көліктің артынан жүріп, Алматы облысының Талғар ауданына дейін барады. Сондағы құлпытас жасайтын жеке цехқа тап болады, деп жазады Alash.KZ.
"Бұл тақталарды қайдан әкелдіңіздер?" деген сұраққа жүргізуші "Әйтей ауылындағы қоқыстан алдық" дейді. Ал белсенді оның артынан ілесіп келгенін, шын мәнінде Үлкен Алматы каналынан алынғанын айтады.
"Орнына қайтадан апарып қойыңыздар, әйтпесе 102 шақырамын" дейді белсенді. Осылайша жүргізуші ол тақталарды қайтадан орнына апарып тастайды.
Белсенді видеода Үлкен Алматы каналынан қыруар қаражатқа жасалынған бүтін гранит тақталар бұзылып, оның орнына сапасыз түрде бетон құйылғанын, олар қазірдің өзінде желініп кеткенін алға тартады.
"Бұл өте берік граниттер еді. Әлі 20-30 жыл бойы жататын еді. Қаншама қыруар қаражат кетті" деп қынжылады белсенді.
"Азаттық" Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Баспасөз хатшысы телефон тұтқасын көтермейді. WhatsApp-қа жазған хабарламаға да жауап бермейді.