Әскердегі өлімдер тыйылар емес: тағы бір жас сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz
Қазақстанда әскер қатарында жүрген 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбектің қаза тапқаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл қайғылы хабарды оның әпкесі таратты.
Дінмұхамед Шынарбек әскерге егізі Даниялмен бірге шақырылған. Күзде Даниял, ал көктемде Дінмұхамед борышын өтеуге аттанды. Жігіттер Отарда бірге қызмет етуді қалағанымен, ант қабылдаған соң Дінмұхамедті басқа әскери бөлімге – Отар маңындағы Мәтібұлақ ауылындағы 01098 бөлімге ауыстырып, егізін бөлек жіберген.
Ресми дерек бойынша, жас сарбаз дәл осы бөлімде өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда туыстары бұл нұсқаға сенбей отыр.
29 тамыз күні Дінмұхамед небәрі 19 жасқа толған еді. Әпкесінің айтуынша, ол еңбекқор, мейірімді, болашаққа үлкен жоспарлар құрған жігіт болған. Қазір отбасы қазаның шынайы себебін анықтауды және әділдіктің орнауын талап етуде.