Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында 45 жастағы Дилара есімді әйел күйеуінің қолынан қаза тапты, деп жазады Alash.kz.
Марқұм төрт баланың анасы болған, кенжесі – 3 жастағы мүмкіндігі шектеулі бала. Отбасы негізінен әлеуметтік көмекпен күн көріп келген, күйеуі тұрақты жұмыс істемеген.
Әйелді таңертең туыстары аулада жарақаттанған күйінде тауып алған. Кейіннен оның күйеуі өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Ол ауылдық чатта әйелін өлтіргенін жазып кеткен.
Қаза болған әйелдің бауырлары әлеуметтік желілерде тараған кейбір жалған ақпараттарды жоққа шығарды. Айтуларынша, марқұмның киімсіз табылғаны туралы дерек шындыққа сәйкес келмейді.
Қазіргі уақытта туыстары балаларды жетімдер үйіне өткізбей, өз қамқорлықтарына алу үшін құжат рәсімдеп жатыр.