Қырғызстан Альпинистер федерациясының жетекшісі Эдуард Кубатов ресейлік альпинист Наталья Наговицынаның қаза тапқанын ресми түрде растады. Ол барлық құтқару жұмыстары тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Кубатов Instagram парақшасында 2 қыркүйекте "Жеңіс" шыңынан дрон арқылы түсірілген бейнежазбаны жариялады. Оның айтуынша, дрон альпинист әйел жатқан шатырды бірнеше қырынан түсіріп, толық тексеріс жүргізген.
"Өкінішке қарай, Наталья Наговицынаның өмір белгілері анықталмады. Осыған байланысты құтқару операциялары тоқтатылды. Бұл қайғылы шындықты мойындауға тура келеді. Дронмен түсірілген барлық материал Натальяның ұлына тапсырылатын болады", – деп жазды Кубатов.
Федерация басшысы қырғыз құтқарушылары бар мүмкіндікті пайдаланғанын, алайда ауа райының қолайсыздығы, биіктіктің аса күрделілігі, тікұшақтың қона алмауы және құтқарушылардың физикалық жағдайы қажетті нәтижеге қол жеткізуге кедергі болғанын атап өтті.
"Жеңіс" шыңы тарихында 7200 метр биіктікте бірде-бір құтқару операциясы сәтті аяқталмаған. Біз құтқарушылардың өмірін қатерге тігуге құқылы болмадық", – деді ол.