31 тамыз күні сағат 20:30 шамасында Шымкент маңындағы Ленгер қаласына қарасты Зағамбар ауылындағы "Зағамбар" мейрамханасында белгілі әнші Азода соққыға жығылды, деп жазады Alash.kz.
Оның айтуынша, сахнада ән шырқап тұрған сәтінде экс-күйеуінің әкесі мас күйде келіп, көпшіліктің көзінше ұрып жіберген.
Әншінің сөзінше, оқиға орнына учаскелік полиция шамамен бір сағаттан кейін жеткенімен, өз міндетін дұрыс атқармаған. Оның айтуынша:
- сот-медициналық сараптама дер кезінде жасалмаған;
- денедегі көгерген және ісінген жерлердің кетуін күткен;
- куәгерлерден жауап алынбаған, керісінше "кешірім бер" деп қысым көрсеткен.
"Мен арыз жазуға барғанда, мені ұрған адамды шақыртып қойыпты. Полиция олармен дастархан жайып сөйлесуге жағдай жасады. Ал мен өз көзімше ешқандай шара қолданылмағанын көрдім. Учаскелік инспектор істі әдейі созып, мені кешірім беруге итермеледі. Бірақ мен заң алдында әділдік орнауын талап етемін", – дейді Азода.
Әншінің айтуынша, күдіктіге наркологиялық куәландыру жасалмаған және ол уақытында қамауға алынбаған.
"Мен жалғызбасты анамын. Көпшіліктің көзінше соққыға жығылып, абыройым тапталды. Заң бойынша қатаң шара қолданылуын талап етемін. Ол адам әлі күнге дейін бостандықта жүр", – деп жазды ол Instagram желісінде.
Полиция департаменті бұл деректің Қылмыстық кодекстің "Ұрып-соғу" бабымен тіркелгенін және күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Мені ұрған адамды тез арада қамауға алуды талап етемін", – деп мәлімдеді Азода.