Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Балконнан төмен салбыратып, өміріне қауіп төндірген". Желіде әкесінің туған қызын "желбіреткеніне" қатысты кадр тарады

13:27, 19 шілде 2025 378

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ер адамның кішкентай қызды қолынан ұстап, балконнан төмен түсіріп жатқан сәті бейнеленген жазбаны анықтаған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Жантүршігерлік видео 17 шілдеде zhaloba_uralsk_official парақшасында жарияланған. Құқық қорғау органдары ер адамның жеке басын дереу анықтаған, ол баланың туған әкесі болып шықты. Бұл жайлы Massaget "Надежда" газетіне сілтеме жасап жазды.

"Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді, қазір заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Ескерте кетейік, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекет орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Ата-аналарды мұқият болуға және мұндай қауіпті әрі жауапсыз қылықтарға жол бермеуге шақырамыз", – делінген облыстық полицияның ресми хабарламасында.

Бұл оқиғаға БҚО-дағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Шаттық Үтебалиева да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдай аса үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Ата-ананың мұндай әрекеті - жай ғана орынсыз әрекет емес, баланың өмірі мен денсаулығына төндірген қауіп.

"Ересек адамның ниеті қандай болса да, ойнау, жазалау не күш көрсету әрекеті болсын, мұндай жағдай мүлде дұрыс емес. Бала қауіпсіз әрі қорғалған ортада өсуге тиіс. Ал ата-ана сол қауіпсіздіктің басты кепілі болуы керек", – деді Шаттық Саматқызы.

Билік өкілдері мұндай жайттарға қоғамның бей-жай қарамауын сұрайды. Балаларды тәрбиелеумен қатар, оларды қорғау - әрбір ересек адамның міндеті. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар