Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Тағылған айыппен келіспеймін”. Басы дауға қалған блогер сот отырысында өз шындығын айтты

17:29, 05 қыркүйек 2025 230

Астанада атышулы блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты сот процесі басталды. Іс елорданың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда, деп хабарлайды Alash.KZ.

Жанәбілов сот отырысында өзі ұйымдастырған ақылы курстарын мойындады. Алайда жеке кәсіпкер және ЖШС иесі бола тұра, олардың нақты қандай қызметпен айналысатынын түсіндіріп бере алмады. Ол курсты сатып алған әр адамға жеке логин мен пароль берілетінін, содан кейін ғана платформаға кіріп, бейнесабақтарға қол жеткізе алатынын жеткізді. Дегенмен тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.

Тергеу мәліметінше, блогер курстарды ресми корпоративтік Kaspi Pay арқылы емес, жеке Kaspi Gold шоты арқылы сатқан. Бағасы 30 мың теңгеден басталатын бұл курсты бүгінге дейін шамамен 6 мың адам сатып алған. Жанәбілов сатып алушылардың арасында 10 автокөлікті және бірнеше смартфонды ұтысқа қойған. Алайда, тексеріс барысында ойнатылған көліктер мен техниканың компания балансына тіркелмегені анықталды.

Қазақстанда 2032 жылға дейін лотерея ұйымдастыруға тек “Сәтті Жұлдыз” акционерлік қоғамы ғана құқылы. Осыған байланысты құзырлы орган блогердің әрекеті заңсыз лотерея болып саналады деп есептейді.

Сотта Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілі де сөз алды. Олар арнайы зерттеу үшін курсты өздері сатып алғандарын айтты. Комитет өкілі Асылбек Мұстафаевтың сөзінше, курс Қытайдан тауар әкелу, оны сату жолдары жайлы 9 бейнероликтен тұрады, алайда мазмұны үстірт әрі формальды.

Блогердің адвокаты Олег Чернов керісінше, бұл әрекеттер лотерея емес, компанияның маркетингтік кампаниясы деп санайды. Оның айтуынша, түскен қаржы Zhana Business заңды тұлғасының есепшотына аударылған, ал ұтыс акциялары сату ынталандыру шараларына жатады. Заңгер мұндай тәжірибені әлемдік брендтердің жарнамалық кампанияларымен салыстырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар