Ауғанстан тағы да табиғи апаттың ауыр зардабын бастан кешуде. 31 тамыз күні елдің шығысындағы Кунар провинциясында болған қуаты 6 балдық жер сілкінісі мыңдаған адамды қайғыға салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандардың саны 2205 адамға жеткен. Бұдан бөлек, 3640-тан астам тұрғын әртүрлі деңгейде жарақат алған.
Сарапшылардың айтуынша, зілзаланың дүмпуі Нұр-Гүл, Савки, Чапа-Дара және Маноги аудандарында ерекше күшті сезілген. Бұл аймақтарда жүздеген үй қирап, жергілікті халық баспанасыз қалды.
Қазіргі таңда апат аймағында құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Төтенше қызмет өкілдері үйінділер астында қалғандарды іздестіріп, жараланғандарға медициналық көмек көрсетуде. Жағдайдың ауырлығына байланысты ел билігі халықаралық ұйымдар мен көрші мемлекеттерден көмек сұрауы мүмкін деген болжам жасалуда.