Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Бірде-бір рет құламаған” - Геннадий Головкин 25 жылдық рейтингтен орын алды

14:55, 05 қыркүйек 2025 232

Әлемдегі ең беделді спорт порталдарының бірі – ESPN соңғы ширек ғасырда (2000 жылдан бері) рингке көтерілген 25 үздік боксшының рейтингін жариялады. Бұл тізімде қазақстандық жанкүйерлердің мақтанышы Геннадий Головкин де бар. Ол 11-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Alash.kz.

Рейтингтің көшін жеңілмеген америкалық жұлдыз Флойд Мэйвезер бастап тұр. Оның кәсіби мансабындағы көрсеткіші – 50 жеңіс (27-і нокаутпен) және бірде-бір жеңіліс жоқ. Екінші сатыға 62 жеңіспен тарихқа енген филиппиндік Мэнни Пакьяо жайғасса, үздік үштікті америкалық Бернард Хопкинс түйіндеген.

ESPN Головкиннің ерекше жетістіктерін атап өтті. Орта салмақтағы қазақстандық боксшы 2006 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 42 рет жеңіске жетіп (37-сі нокаут), тек екі жекпе-жекте ғана жеңіліп, бір рет тең түскен. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – ол орта салмақтағы әлем чемпионы белбеуін қатарынан 20 рет қорғап, бұл рекордты Бернард Хопкинспен бөлісті.

Головкиннің мансабындағы тағы бір есте қаларлық кезең – 2008 бен 2016 жылдар аралығында 23 қарсыласын қатарынан нокаутқа түсіріп, «нағыз нокаутшы» атануы. 2018 жылы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өткен жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңілгенімен, олардың арасындағы трилогия (0-2-1) әлі күнге дейін бокс жанкүйерлері арасында қызу талқыланып келеді. Көпшілікке сенсек, Головкин кем дегенде бір жекпе-жекте жеңісті лайықты түрде алған.

Айта кетерлігі, GGG кәсіби рингте 45 жекпе-жек өткізіп, ешқашан нокдаунға түспеген. Сондай-ақ, әуесқойлар арасындағы 350-ге жуық кездесуінде де бірде-бір рет құламаған. Бұл көрсеткіштер оны бокстағы ең мықты «темір иектердің» бірі ретінде тарихта қалдырды.

Қазіргі таңда Геннадий Головкин спорттан қол үзген жоқ. Ол – Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті әрі Халықаралық World Boxing ұйымының олимпиадалық комиссиясын басқарады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар