Қытай экономикасы: құлдырау шегіне жетті ме?

Қытай экономикасы: құлдырау шегіне жетті ме? Сурет: ашық дереккөз

 Шығыс көршіміздің ауласын дағдарыс елесі кезіп жүр. Соңғы апталарда ел экономикасынан байқалған бірқатар белгілер бұл қорқынышты күшейтті. Экономикалық құлдыраудың әлсіз білгілері көктем де көріне бастаған. Бірақ карантиндік қатаң шектеулерден буып тастаған нарық өз сұранысын біртіндеп қалпына келтіруі мүмкін деген үміт бар еді. Алайда, бұл керісінше болды. Экономиканың көптеген тармақтары тұрақты түрде құлдырады. Көптеген экономистер мен сарапшылар мұны әлем экономикасына әсер ететін қауіпті құбылыс ретінде бағалауда. Сонымен, Қытайда не болып жатыр? Дефляция қаупі расталса, әлем экономикасына қалай әсер етеді? Оған қарсы қандай шаралар жасалуда?


 Қытайда не болып жатыр?


Ең алдымен, көктемдегі экономиканың күрт баяулауы тұрақты үрдіс екені белгілі болғандай. Осы аптадағы мәліметтер Қытай экспортының қатарынан 3 ай, ал импорты қатарынан 5 ай бойы қысқарып жатқанын көрсетті. Бұл тек қауіпті болжамның бір ғана себебі. Бұған қоса, елде азық-түліктен тартып, жылжымайтын мүліктерге дейін көптеген тауар құны арзандау үрдісіне өтті. Бір қарағанда, зат бағасының арзандауы тұтынушылар үшін тиімді жағдай болып саналуы мүмкін. Анығында, бұл алып нарықтың сатып алу қабілетінің айтарлықтай төмендегенін, тіпті дефляцияның белгілері қатарында аталуда. Бағаның тұрақты төмендеуі (дефляция) экономика маторы саналатын іскерлік белсенділіктің әлсірегенін көрсетеді.


Бұл жағдай Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығында анық байқалуда. Бұған дейін тұрақты түрде өскен жылжымайтын мүлік айдынында пайданы күреп тапқан шабақтардан тартып шортандарға дейін ауыр шығын арқалады. Тіпті, құрылыс саласының алыптары саналатын Country garden, Evergrande Group, Vanke, Sunac China, Poly Development (Қытай жылжымайтын мүлік нарығындағы алдынғы бестік) обликациялар бойынша пайыздарды өтей алмай жатыр. Осы саладағы көшбасшы Country garden биыл жарты жылда 7,6 миллиард доллар шығынға ұшырады. Анығында, Қытайдағы тұрғын үй нарығында түбі «жарылыс» болатыны ерте болжанған. Бірнеше он жыл бойы үкіметтік инвестиция арқылы құрылыс компаниялары, ірі корпорациялар қалаларды, аудандарды зәулім тұрғын үйлермен толтырды. Ұдайы бағаның өсуі алып сатарлар үшін де табысты бизнес көзіне айналған. Алайда, былтырдан бастап Жапонияның тағдырын қайталады. Аталған нарықтағы көбіршік жарылып, әр шаршы метрі миллиондаған долларға дейін жеткен қалаларда тұрғын үй бағасы жылдам құлады. Осылайша азаматтар мен заңды тұлғалардың инвестициясы ауаға айналып кеткендей болды.


Бағаның тұрақты төмендеуі түптеп келгенде халықтың тұныушылық шығындарға үнемшілдігінің жоғарлауынан келіп шықты. Бұл іскерлік ынтаның әлсіретті, бизнесті кеңейтуге, жаңа бизнес ашуға, жұмысшылар жалдауға деген ынта мен тәуекелді азайтты. Оның нәтижесі жинала келіп тұтас экономикаға әсер етуде. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым азаматтардың санасында ел экономикасының еңіске қарай сырғуына деген үлкен алаңдаушылық бар. Бұған қарама-қарсы азаматтардың банктегі жинақтық депозиттерінің көлемі өскен. Биыл алғашқы жарты жылда банктердегі жинақтың көлемі 12 триллион юаньға (шамамен 720 млрд теңге немесе 1,7 млрд АҚШ доллары) дейін өскен. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары деңгей. Соның өзі көп нәрсені түсіндіріп береді.


 Күдікті күшейткен қадам


Экономикалық құлдырауға ұшырады деп кесім жасау әзірге тым ерте. Бірақ бұл болжамды растай түсетін тағы бір оқиға бар. Осы аптада (15 тамыз, сенсенбіде) Қытай Ұлттық статистика бюросы экономикалық өсім мен құлдырауға, ең негізгі әлеуметтік мәселелерді анықтайтын деректерді ашық жариялауды тоқтатты. Соның қатарында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне қатысты мәліметтер де бар. Өйткені, жастар арасындағы жұмыссыздық 7 ай бойы қатарынан өсіп жатыр деген болжам бар. Мысалы, 16–24 жас аралығындағы қала жастарының жұмыссыздық деңгейі биыл маусым айында 21,3% рекордтық көрсеткішке жетті (қаңтарда 17,3% болған). Қала тұрғындары бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызбен салыстырғанда бұл өте ауыр жағдай. Әрі жыл басынан бері ұдайы артып келе жатқан болатын. Әдетте шілде айының көрсеткіші одан да жоғары болуы керек, бірақ Ұлттық статистика бюросы шілде айының есебін көрсетуден бас тартты. Соның өзінде, жастардың жұмыссыздық деңгейі соңғы 4 жыл ішінде екі есеге жеткені бұған дейін де мәлім болған еді.


Дегенмен, соңғы жылдардағы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне пандемияның әсері де болды. Бұған қоса, мәселенің тағы бір қыры бар. Ұлттық статистика бюросының өкілі мәлімдегендей, қала жастарының қатарына есептелетін студенттер саны артқан. Былтыр 16–24 жас аралығындағы қала жастарының саны 96 миллион адам болған. Бұлардың арасында 65 миллионы студенттер. Бұл санды мәліметтер қатарына ауылды жерлердегі жастар қамтылмаған. Ал оқу бітіру алдында жұмыс іздеп жүрген студенттерді ресми жұмыссыздар қатарына қосу керек пе, жоқ па деген мәселе көп талқыланды. Ресми тараптың мәліметінше, түлектердің басым көбі жұмыс орындарын алдын ала белгілеп қойған және жоғары оқу орнынан кейін жұмысқа орналасу деңгейі былтырғымен салыстырғанда жақсы. Бірақ бұған да қарсы уәж көп. Айталық, Reuters агенттігінің осы жайындағы хабарында Бейжіңнің соңғы жылдардағы экономиканы реттеуші шаралары жастарды жұмыспен қамтуды қиындатты деген уәжін келтірген.


 Әлемге қалай әсер етеді?


Не үшін Қытайдағы экономиканың баяулау мұншалық назар аудартты? Себебі, Қытайдағы баяулау әлемдік экономиканы бағалауға тікелей әсер етеді. Әрі әлемдегі ең ірі тұтынушы нарықтағы жағдайдың әсері біз күткеннен салмақты болуы мүмкін. Қытай экономикасы соңғы 40 жылда әлемдік экономиканың өсуінде қозғаушы мотордың бірі болды. Бірнеше он жыл қатарынан тұрақты әрі жоғары өсімнің баламасына айналды. Бұл жаһандық экономикалық өсімнің Қытай экономикасының өсуіне белгілі деңгейде тәуелді қатынасты түзіп шықты. Мысал ретінде халықаралық инвестициялық кеңес беруші тәуелсіз орталықтың бірі BCA Research дерегін келтірейік. Аталған орталықтың бағалауынша, 2012-2022 жылдар арасында Қытай жаһандық экомикалық өсімнің 40 пайызын иелеген. Еуропадағы ең алдынғы экономикаға ие 20 елдің үлесі 9 пайыз. Ал әлемдегі бірінші экономика саналатын АҚШ-тың өзі жаһандық өсімнің 22 пайызын ғана құраған.


Сондай-ақ, Қытай ең үлкен тұтынушы нарық ретінде де маңызды болып келді. 1,4 млрд халқымен қазірдің өзінде Қытай әлемдегі ең ірі тұтынушы нарық. Үндістан халқының саны одан асып түскенімен, сатып алу қабілеті жағынан салыстырғанда, Қытай шетелдік өндірушілерді өзіне көбірек баурайды. Айталық, Голливудтың кино өндірісінің өзі Қытай нарығын қызықтыру үшін қытайлық актерлерді, China town оқиғаларын немесе Қытай қалаларындағы эпизодтарды өз өніміне кірістіріп жатады. Ал осындағы тұтынушылық шығындардың азаюы бұл қазақстандық күнбағыс майынан тартып, Бразилиядан баратын соя бұршаққа, америкалық ет өнімдеріне, Аустралия мен Африкадан баратын металл рудаларына, соңында тұтас мұнай мен газ секілді энергия тармақтарына дейінгі сұраныстың төмендеуінен дерек береді.


Өткен аптадағы мәлімдемелерінің бірінде АҚШ президенті Жо Байден Қытай экономикасының қазіргі жағдайын «уақыт бомбасы» деп атағаны бар. Байден Қытай билігінің жоғары деңгейдегі жұмыссыздық және жұмыс күшінің қартаюымен күресіп жатқанына көбірек назар аударған. Әрі Қытайдағы жағдай әлем экономикасы үшін қауіпті болуы мүмкін деп ескерткен. Кейбір сарапшылар бұның салдары 1990 жылдардағы Жапонияның дефляциясы әсері және 2007-2008 жылдары АҚШ-та басталған қаржылық дағдарыс әсерімен деңгейлес немесе одан да ауқымды болады деп санайды.


 Алын алу шарасы және бағытты өзгерту


О баста карантиндік қатаң шектеулердің бірден алынуы тұтынушылық шығындардың көбейіп, экономиканың барлық тармағына қайта жан бітіреді деп күтілген. Бейжіңнің бұл күткен үміті ақталмады. Соңғы кезде жарқабақтың басында тұрған экономикалық жағдайды реттеп, тұтынушы нарықты және бизнесті ынталандыру шараларын қолға алған. Бұл бағыттағы шығындарын бекіткенін өткен аптада хабарлаған. Алайда, үкіметтік шаралардың нақты қандай механизммен жүзеге асары анық емес. Ол жайындағы ақпарат күңгірт. Бірақ біз Бейжің билігінің экономикалық даму бағытын өзгерткенін білеміз. Анығында, былтыр күзде белгілі болған. Күздегі халық кеңесінің отырысынан кейін Ши Жінпің (Си Цзиньпин) өзінің үшінші өкілетті кезеңде ел басқару орнын бекітті. Әрі даму стратегиясын жаңа арнаға бұрды. Нақты айтқанда, «Жоғары өсімді даму» стратегиясы «Жоғары сапалы даму» деп аталатын жаңа стратегияға ауысты. Бұл дегеніміз, экономикалық өсімнің көрсеткіштерімен санаспайтын, кей жағынан жоспарлы экономикаға ұқсап кететін жаңа бағыт деуге болады.


Халықаралық сауданың өзгеруі Қытай билігін ішкі нарыққа сүйенетін жаңа экономикалық бағытқа бет бұруға шабыттандырды. Былайша айтқанда, мемлекеттің жол, көпір, тұрғын үйден тартып, елдегі және шетелдердегі порттарға инвестициялайтын және экспортқа басымдық беретін экономикадан гөрі, ішкі нарыққа бағытталатын экономикаға бет бұрмақ. Бұны жаһандық сауда-экономикалық тізбектің Қытайға тигізетін әсерін жоюға деген түпкі мақсатта құрылған стратегия еді. Алайда, Қытай экономикасы жаһандық тізбектен ептеп сытылып кете алмайтыны белгілі еді. Оның үстіне тап осындай бетбұрыс кезеңінде ішкі экономикалық тығырыққа тап келіп отырғаны жағдайды тіпті қиындатты.


Шындап келгенде, жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейінің өсуі де осы бетбұрыстың әсерінен. Неге десеңіз, бұған дейін ЖОО-ын бітірген түлектер жылжымайтын мүлік саласы, технология және білім беру секілді салалардан өріс табатын. Үкіметтің экономикалық бағытты өзгертуге қатысты реттеу шаралары бұл салаларға үлкен зиян алып келді де, оған жұмыс істеуге барған жаңа буын жұмыссыздар қатарына қайта ағылды.


Қорыта келгенде, шығыс көршіміздің ауласында кезіп жүрген «елес» көп ұзамай әлем экономикасынан көрініс беруі мүмкін. Бұл ықтимал болжамдардың бірі ғана. Кейбір отандық сарапшылар Қытай экономикасы жарқабағында тұрғанын растағанмен, бірақ түбегейлі кері кету деп санамайды. Ал кейбір бақылаушылар мұны экономикалық даму бағытын жаңарту кезінде қалыпты құбылыстар қатарына жатқызатындар да бар. Дегенмен, іргеміздегі алып экономиканың біздің елге болған қатынасы жыл сайын артып, қазіргі деңгейде терең ықпалға да ие болды. Сондықтан шығыстағы экономикалық өзгерістер мемлекет пен қоғам өкілдерінің әсіресе, бизнес өкілдерінің сергек қаперінде болуы керек.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:06

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22