Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Басымды еденге соғып, тепкілеп, тұншықтырып, дәрі ішкізбек болды»: Екібастұзда адам шошырлық оқиға болды

10:00, 21 шілде 2025 1470

Екібастұз тұрғыны өзіне жасалған қатты соққы мен өміріне қауіп төндірген әрекеттер туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, бұл – қасақана жасалған өлімге қастандық пен ауыр дене жарақатын келтіру фактісі, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Azattyq Ruhy сайтының хабарлауынша, жазбада қыз өз бетінде қан іздері мен көгерген жерлері бар суреттерді қоса жариялаған.

«Маған ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес ауыр қылмыс жасалды: кісі өлтіруге оқталу және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру. Мен тұрмыста емеспін, азаматтық некеде де болмағанмын. Шабуылдаушы әрекетті әдейі жасады», — деп жазды жәбірленуші.

Бойжеткеннің айтуынша, ол өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жарақаттар алған:

«Басымды қабырғаға, еденге соқты, денемді тепкілеп, тұншықтырды. Сонымен қатар, белгісіз заттарды күштеп енгізуге тырысты, дәрі ішкізбек болды. Бұл – менің өміріме қасақана жасалған әрекет екеніне еш күмән жоқ», - дейді ол.

Жәбірленуші оқиға орнында заңсыздықтар болғанын айтып, тергеу сапасына алаңдаушылық білдірді:

«Оқиға орны пломбаланбады. Бұл дәлелдерді жоюға әкелуі мүмкін. Мен ресми түрде мәлімдеймін: қылмыс объективті және жан-жақты тергелуі тиіс, кінәлілер заң жүзінде қатаң жазалануы керек. Мен әділдік талап етемін және қоғамнан үн қосуды сұраймын», - деді.

Сондай-ақ, қыздың айтуынша, оқиға орнында толыққанды сұрақ-жауап жүргізілмеген, қан іздері мен қылмыс құралдары (пышақ, шанышқы, ақ түсті зат, таблеткалар, төбелес іздері) толығымен тіркелмеген.

«Пәтердің оқиғадан кейін ашық күйде қалуы – дәлелдердің жойылуына немесе полиция қызметкерлерінің немқұрайлылығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай тергеудің объективтілігіне қауіп төндіреді және прокуратуралық, қызметтік тексеріс жүргізуге негіз болады. Мен құқық қорғау органдарының әрекетіне заңдылық тұрғысынан баға беруді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етемін», — деді жәбірленуші.

Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, соққы жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ер адам қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген.

Ведомство мәлімдемесінде:

«Егер сіз өзіңізге немесе өзгелерге қатысты зорлық-зомбылықты байқасаңыз, дереу 102 нөміріне немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабар беріңіз», — делінген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар