Жетісу өңірінің жетекшілері бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесті

Жетісу өңірінің жетекшілері бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесті Сурет: Gov.kz

Олар ауыл тұрғындарына ортақ мәселелерді талқылады.


Алматы облысы әкімінің орынбасарлары мен осы өңірдегі түрлі сала басшылары бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.



«Кербұлақ ауданы тұрғындарының ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған арызына байланысты облыс әкімі Қанат Бозымбаев арнайы комиссия құрды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жетекшілік еткен, құрамында барлық салалық басқармалардың басшылары бар комиссия екі күн қатарынан Күреңбел өңірін аралады. Тұрғындармен кездесу барысында өзекті мәселелерін ауылдықтардың өз аузынан естіп, түйткілдердің шешімін халықпен бірге талқылады», - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.



Сарыөзек, Қаспан, Басши, Қосағаш, Онжас, Бостан, Шаған  ауылдарына ат басын бұрған комиссияға тұрғындар негізінен жер, ауыз су сапасы, жол жөндеу, мал ұрлығын тыю, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ирригация, экология т.б мәселелер жайын жеткізді.


Барлық ауылдарда дерлік көтерілген ортақ мәселе – мал жаятын жайылымның, мал азығына қажетті шабындықтың, егістік жерлердің жетіспеушілігі. Олардың айтуынша, ауыл маңындағы жерлердің барлығы инвестициялық жоба аясында ірі кәсіпкерлерге берілген, ал жергілікті тұрғындарға жер жетіспейді.


Бұл мәселенің шешімі жайлы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов нақты түсіндіріп берді. Ол 2020 жылы Жер кодексіне жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында мемлекет мұқтаждығы үшін жерлерді қайтарып алуға қатысты өзгерістер енгізілгенін айтты. Соған сәйкес, округ әкімдері мал жайылымына қажетті жерлерді айқындап беруге мүмкіндіктері бар.


Сонымен қатар аудандағы бос жерлерге уақытша жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс өткізу кезінде елді мекен маңындағы жер учаскелерін аудан әкімдігі ауқымды көлемде емес, жергілікті тұрғындардың игеру мүмкіндіктеріне лайықтап, шағын 2-5 гектардан лотқа бөліп шығару керектігін жеткізді. Сонда шағын жер алқабына сырттан ешкім келуге мүдделі болмайды және жер учаскелеріне тұрғылықты халықтың ие болуына жол ашылады. Мұндай оң тәжірибе Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында бұған дейін болған.


Екіншіден, ауқымды жер учаскелерін жалға алып отырған инвесторлардың бизнес-жоспарларында көрсетілген кәсіпорын ашу, жергілікті халыққа жұмыс беру сияқты әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерінің қандай деңгейде орындалғанына ревизия жүргізіледі. Жер учаскесі пайдаланылмай отырған жағдайда мемлекетке қайтарылып алынады.


Жалпы, Кербұлақ ауданында биыл 4357 га жер конкурсқа шығарылады деп жоспарланып отыр, соның 855 гектары – шабындық.


Жиі көтерілген мәселенің енді бірі – ауыз сумен қамту және судың сапасы. Бұл түйткілдерді Қаспан, Басши, Шаған, Қосағаш, Қайнарлы, Бостан, Сарыөзек, Онжас ауылдарының тұрғындары жеткізді. Мәселен, Онжас ауылына 235 млн. теңгеге ауылға ауыз су тартылған.



«Бірақ бұл құбыр мектептің суы үшін қазылған ұңғыма арқылы қосылған. Қазір резервуарға су толмайды, мектепте су болса, ауылда жоқ, ауылда су болса, мектепке жетпейді», - дейді тұрғындар.



Оған қоса құбыр да әр жерінен жарылып жатқанға ұқсайды. Дегенмен әзірге мердігердің кепілді мерзімі біте қоймаған. Бұл мәселеге қатысты Л.Тұрлашов ауылға арнайы мамандар жіберіп, оларға тиісті зерделеу жасап, қорытынды әзірлетуді тапсырды. Авторлық қадағалау мен техникалық қадағалау мекемелері, мердігер ұйым, қоғам белсенділері бірлесіп жоба мен жасалған жұмысты тағы бір салыстырып көруі керек. Мердігердің кемшіліктері анықталса, оны кепілді мерзімінде жоюы тиіс. Осы ретте Лаззат Тұрлашов елді мекендерде жасалатын жобалардың барлығын көпшілікке таныстырып, ақылдасып, кемшілігі болса бірлесіп түзеп, қоғам белсенділерін ортақ іске тартып отыруды тапсырды.  


Басши ауылындағы су қоймасының құрылысын сапалы жүргізу, аудан орталығындағы тозығы жеткен үйлерді реновация арқылы жаңғырту, шеткі көшелерді жарықтандыру, Шаған ауылын негізгі күрежолға қосатын 6 шақырымдық жолды жөндеу, Қосағаш ауылындағы ескі мектеп ғимаратының бір бөлігін амбулаторияға, екінші жағын жас мамандарға тұрғын үй жасап беру, басқа да көптеген әлеуметтік мәселелер талқыланды.


Екі күндік сапар бойынша қорытынды жиын өткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов аудан басшыларына әр тұрғынның жан айқайы, арыз-шағымына қатысты қабылдануы тиіс іс-шаралар бойынша нақты тапсырмалар берді. Сол сияқты көтерілген мәселелердің барлығы қамтылған арнайы жұмыс жоспары әзірленуі тиіс. Ең бастысы, халықпен, ел ішіндегі қоғам белсенділерімен қоян-қолтық жұмыс істеу керектігі қатаң ескертілді.



«Сын-ескертпе көп, талап жоғары екенін көріп отырсыздар. Осы екі күнде қаншама қордаланған проблемалар айтылды. Ел ортақ, ауыл ортақ, мәселе ортақ, сондықтан елмен кеңесіп, пікірін тыңдап, бірлесіп жұмыс істеңіздер. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципінің талабы да осы! Жергілікті жердегі жұмыс ілгеріледі ме, жоқ па, соны көруге біршама уақыттан кейін қайта келемін. Ауыл-ауылдарда тұрғындардың жазған арыз-шағымдарын, көзіммен көрген жағдайларды, естіген проблемаларды облыс әкіміне толық жеткіземін. Осы көтерілген мәселелердің барлығына да қатысты тиісті шешімдер қабылданады», - деді Лаззат Тұрлашов.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:06

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22