Өрметөстік өру де – өнер

Өрметөстік өру де – өнер inform.kz


Алматының Әуезов ауданына қарасты «Мамыр» ықшамауданында тұратын Шынар Жақыпақын қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – өрметөстікті дайындаудың хас шебері.


Өмірін ұстаздықпен байланыстырған ол бүгінде қаладағы №188 мектеп-гимназияда география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Жақында Шынар мұғалімдер арасында өткен «Ұлы дала тұлғалары. Ұлы дала есімдері» атты қалалық байқауда ІІ орынды жеңіп алды. Жобалық жұмысын «Өнеге етем қызыма өзгеше астың түр-түрін» деп атапты. Наурыз мерекесі қарсаңында біз Шынар Нұрдәулетқызын марапатымен құттықтап, жеңімпаз атануына себепкер болған ұлттық тағамды кімнен үйренгенін және оның дайындалу әдісін сұрадық.



– Бұл тағамды әзірлеуді маған анам үйретті. Ал анам әжемнен үйренген. Өрметөстік өргенде саусақтарына көз ілеспейтін. Қызығатынмын. Дайындау тәсілін бала кезімнен көріп өскендіктен болар, кейіннен анамның айтуымен өрметөстік өруге тез машықтанып алдым. Оны бүгінде қызым Ажарға үйретіп жүрмін. Осы сәтті пайдаланып, мен барлық ісіме қолдау көрсетіп, үнемі тілекші болып отыратын анам Сыпайы Жолсейітқызына алғыс білдіргім келеді. Анам – менің тіршілігімнің гүлі, тағдырымның тамыры, – дейді ол. Шынардың анасынан үйренген тағамы бұл ғана емес. Ол қойдың ұлтабарынан да ерекше ас – «үйрек» жасауды да жақсы меңгерген. Ұлттық тағамдарға қатысты айтары көп ұстаз әңгімесін әрі қарай былай деп жалғастырды:



«Бізде қазақтың тағамдары өте майлы, денсаулыққа зиян деген бір түсінік бар. Менің ойымша, бұл дұрыс пікір емес. Мәселен, өрметөстікті үйге күйеу бала келгенде құрмет белгісі ретінде алдына қойған. Ол – қойдың төс етінен жасалып, сырты аш ішекпен өрілетін қазақтың ұлттық тағамы. Өкініштісі, қазір көп адамдар қой сойғанда оның ішек-қарнын тастай салуға дайын тұрады. Ал ішек-қарында адам ағзасына пайдалы заттар көп. Онда жастықты сақтайтын коллаген мен эластан секілді дәрумендер бар. Менің арманым – қазақтың ұлттық тағамдарын шетелдерден қонақтар арнайы іздеп келетіндей деңгейге жеткізу. Сондықтан ұлттық тағамдарды Наурызда ғана дастарқанымызға қоймай, күнделікті ішіпжеуді әдетке айналдырсақ, құба-құп», – деді ол сөз соңында.


Біз қазақтың ұмыт бола бастаған ерекше тағамдарының бірін әзірлеуді насихаттап жүрген Шынар Нұрдәулетқызына алдағы ісіне сәттілік тіледік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:06

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22