«Мизам шуақ» амалы басталды

«Мизам шуақ» амалы басталды almaty-akshamy.kz

Қыркүйектің соңғы шуақты күндерінің бірі. Осы  айдың 22-23-іне күзгі күн мен түннің теңелуі орын алады


Осы айда ауа райы құбылып тұр. Аспанды бұлттар тұмшалап, торлап, аракідік жаңбыр сіркірейді. Түс мезгілінде күннің көзі сәулесін шашып, қайта жылынады. Еліміздің өзге өңірлерінде қар ұшқындап жатқанымен Алматы қаласында оқта-текте  сіркіреген жаңбырмен шектеліп тұр. Енді жылылық қайтадан қалпына келе бастайды. Өйткені, қазір бірер аптаға созылатын «Мизам шуақ» амалы басталды.



Жаздың аптап ыстығының беті қайтқасын қыркүйек айының соңғы күндері мен қазан айының ортасына дейін болатын шуақты күндерді қазақтар «Мизам шуақ» деп атайды. Далада өрмекшінің өрмегі ұзыннан ұзын (мизам болып) шұбатылып жататын кез. Ауылда ақсақалдарды күн ауып, кеш батқан сәттен бастап күн қатты суытып, жаңбыр жауып немесе түнде шөп басына шық түскен сәтті мизам шуақ уақыты келді деп есептеген. Керісінше, түнгі уақытта болған суықтың ызғары, күн шыға салысымен бірден басылып, айнала күннің сәулесіне бөленіп, далада өрмекшінің торы секілді ұшпалы ақ сілбі қаптап кетеді. Сол мамықтай майысақ ұшпаны қазақта мизам деп атайды.



Мизам шуақ уақыты кіргеннен бастап әйелдер тездете қыстық азықтарын дайындауға кіріссе, ер адамдар жинаусыз қалған егістіктерін жинап, отын-жалпылдақтарын теріп, қысқа қамдануды бастайды. Мизам шуақта ауа райы жақсы болса, күз суық болады, ал егер керісінше суық болса, қазанның соңғы күндері және қараша айлары құрғақ болады деп болжам жасап, ырымдаған.


Мизам сөзінің төркіні араб-парсы тілдерінде «таразы» мағынасын білдіретін мизан сөзінен келген. Араб-парсы тілдерінде мизан сөзі «өлшеуіш, таразы» мағыналарын білдіреді екен.


Өткен жолы пайымымызда Үркердің көкке көтерілгенін жазғанбыз. Бұл күйек мезгілі келгенінің белгісі. Шаруалар осы мезгілде қозыны енесінен айыру, күзем қырқу, өзен суына тоғыту сияқты шараларды жүзеге асырады. Малды жайлаудан ылдиға түсіруге кіріседі. Бидай, жүгері, жалпы егін жинау қарқын алады. Жаздың соңы болғандықтан, шөптің өсуі тоқтайды, пішен шабу қарқын алады.  Күн мен түн теңеліп, қатты ыстық қайтып, ауа райы бір қалыпқа түсе бастайды.



Күн мен түн теңелу демекші, болжаушылардың айтуынша, бұл құбылыс көктемде және күзде болады. Әлемдік уақыт бойынша, солтүстік жарты шарда көктемгі күн мен түннің теңелуі 20 наурыз күніне сәйкес келеді. Бұл уақытта Күн оңтүстік жарты шардан солтүстік жарты шарға ауысады. Ал күзгі күн мен түннің теңелуі Күн солтүстік жарты шардан оңтүстік жарты шарға ауған кезде орын алады. Ол қыркүйек айының 22 немесе 23 жұлдызына сәйкес.



Бүгін туған айдың алтыншы жаңасы. Григорианша қыркүйектің – 21-і. Қазақы есеп бойынша, айдың сегізі. Демек, бұл апта айдың басы мен үшінші онкүндігіне дөп келіп тұр. Ауа райы құбылуы, жаңбыр жаууы, салқындық орын алуы ықтимал...


 


БАБАЛАР БОЛЖАМЫ


Хайуанаттардың қимылына қарап жасалған жорамал


* Қыркүйек басталғанда түйе бір жағына ықтап, жайсыз жатса – келер қыс қатты болмақ;


*Басын құбылаға беріп, төрт аяғын керіп жатса – қыс жайлы болады деп болжанған;


*Қыста түйе ернін жиі жыбырлатып, жылқы оқыранып құр жұтынса, көктем ерте туады.


*Жылқы жиі пысқырынса, ауа райы бұзылады;


*Суатқа айдаған кезде пысқырынып тебінсе, жаңбыр жауады.


*Сиыр танауын қусыра тартып, мойнын жиі-жиі бұлғақтатып мазаланса, дауыл не боран соғады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:06

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22