Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тель-Авивтің Палестина мемлекетінің құрылуына ешқашан жол бермейтінін қатаң мәлімдеді, деп хабарлайды Аlash.kz.
Оның айтуынша, еврей елі бұл жерді “өзінің тарихи мұрасы әрі қауіпсіздігі үшін маңызды аймақ” деп санайды.
“Палестина мемлекеті болмайды. Біз мұны ашық айттық және бұл шындыққа айналады. Бұл жер – біздің жеріміз, біз өз құндылығымызды, мұрамызды және қауіпсіздігімізді қорғауды жалғастырамыз. Бүгін де, сол сұрапыл соғыстың басталып, ұйқымыздан айырғанына екі жылға жуық уақт өтті. Сол күні шабуыл басталды. Адамдарымызды алып кетті. Көбін қайтарып алдық. Бірақ, әлі де қалғандар бар. Біз бәрін де қайтарамыз. Ол кезде, соғыстың екінші күні-ақ "Біз Таяу Шығыстың келбетін өзртеміз" деп айтқан едім. Содан бері бәрі өзгерді”, – деді Нетаньяху.
Бұл мәлімдеме Израиль мен Еуропа арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. Бұған дейін Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер елінің БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы сессиясында Палестинаны ресми түрде мемлекет ретінде мойындайтынын жариялаған. Сонымен қатар, ол Израильге қарсы санкциялар енгізу мәселесін де күн тәртібіне шығармақ болған.
Нетаньяху Бельгия үкіметінің бұл ұстанымын сынға алып, де Веверді “әлсіздік танытып отыр” деп айыптады. Израильдің пікірінше, мұндай қадамдар Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандырмай, керісінше шиеленісті арттырады.